Әке өсиетіне адалдық

Өткен ғасырдың 20-30 жылдарында ел басына түскен аласапыранмен тұспа-тұс келген Бердібек Дүйсенбіұлы 1930 жылы жаңадан құрылған Бірлік колхозына мүшелікке өтеді. Жары Оңлакүлмен бас қосып, колхоздың жылқысын бағады. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда жасы 45-ті алқымдаған Бердібек атамыз жұмысшы батольоны құрамында Қандыағаш-Гурьев теміржолын салуға қатысады. 1942 жылы үлкен ұлы Амангелді, 1946 жылы екінші ұлы Жылқыбай дүние есігін ашады. Біздің басты кейіпкеріміз – Кенжебай 1950 жылы өмірге келген. Алланың қолдауымен бұдан кейінгі жылдары Анарбай, Тұтқабай, Кенжегүл атты перзенттер дүниеге келеді.
Кенжебек Бірліктегі жеті жылдық мектепте білім алды. Алғашқы ұстазы Дүйсенбек Афиязовты, одан соң жоғары сыныптарда білім нәрін еккен ұстаздары Арасат, Күлаш, Шәріп, Оңалбек және Патима Еденбаева мен Оңлан Керімбекова сынды сынып жетекшілерін сүйіспеншілікпен еске алады.
«Қысқы, жазғы каникулдарда жайлауда әке-шешеме жәрдемдесетінмін. Ала қоржынды толтырып ала барған кітаптарымды қой бағып жүріп,бір жазда оқып тауысатынмын. Таудың таза ауасында демалып, бір жағынан әке-шешемнің қолын ұзарта жүріп, мол рухани азық алып қайтатынмын» – дейді Кенжекең. Әке - шешесінің бала-шаға қамы үшін қой соңында өткен шопандық өмірінің жағдайын көңіліне түйіп, бір үзім нанның қандай еңбекпен келетінін түсінді. Оның еңбек адамдарына деген ерекше құрметінің сыры осында.
Осылайша кітаби әлемнің қиялына еліткен бала Кенжебай келешекте журналист болуды армандапты. Бірнеше рет жазған мақалалары «Қазақстан пионері» газетінің бетінде жарық көрген.
Сабақ берген ұстаздарының біліктілігі мен берген тәлім-тәрбиесінің пәрменділігінен болар, 1967 жылы Бірлік мектебін бітірген түлектердің көпшілігі сол жылы-ақ жоғары оқу орындарының студенттері атаныпты. Кісінің адам болмағы ортасына да байланысты. Кенжекеңнің сыныптастары – Рахыш Мәмеков, Балғабай Итаяқов, Әлімбай Шерубаев, Мейірбек Ерназаров, Сұлушаш Әбілова, Битуар Шәмшиев, Керімхан Егізбаев, Ерғали Оразбеков, Зоя Есіркепова, Шамшиддин Сарсенов, Сайыпназар Исахановтар өз кезеңінде бір-бір саланың тізгінін ұстады.
1967 жылы Кенжебай да мектеп бітіреді. Сол жылдары «Ауылда тұрсаң-техника тілін меңгер» деген мемлекеттік саясат белең алып, барлық ақпарат құралдары арқылы насихатталатын. Әрине, бұл саясаттың кеңес қоғамы үшін мақсаты тереңде еді. Осы ұранның әсері ме екен, әлде отбасы жағдайына байланысты ма, жасөспірім Кенжебай мектептен кейін Жаңақорғандағы кәсіптік-техникалық училищеде шофер-комбайнер мамандығы бойынша 6 айлық курсқа оқуға түседі. Курста оқып жүргенде училищенің мәдени-қоғамдық жұмыстарына белсене араласты. Талантты жастарды іздеп жүретін аудандық мәдениет үйінің режиссері Жәдігер Тұрсынов оны сахнаға баулып, облыстық байқауда мақтау қағазымен мараптталыпты.
Одан әрі Кеңес Армиясы қатарында азаматтық борышын өтейді. Елге келген соң туған ауылында 1972 жылдың жазына дейін шофер болып жұмыс істейді. 1972 жылы маусымда совхоз партия ұйымының қолдауымен ауыл жастары оны комсомол ұйымының хатшысы етіп сайлайды. Жастар ұйымына жетекшілік еткен жылдардағы ұйымдастырушылық белсенді қызметі үшін Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталады.
Қызметтен қол үзбей жүріп, 1975 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетіне оқуға түсіп, оны 1982 жылы бітіріп, инженер-механик мамандығын алып шығады. Төл мамандығынан бөлек ауыл жастарының жетекшісі болып жүрген кездегі ауыл клубына «халық театры» атағын алып беру жолындағы қажырлы еңбегін тебірене, мақтанышпен еске алады. Ия, шынында түрлі мекеме-ұжымдардан талантты жастарды іздеп тауып, өнерге тарту, концертке басшысынан сұрап алып отыру, сахна мәдениетіне сай киімдермен жабдықтау оңай міндет емес еді. Осы орайда қоюшы-режиссер Мариям Райшева апайды арнайы шақыртып, өз үйінде күтуде жұбайы Гүлбаршынның ақ пейілді қонақжайлылығы бұл іске үлкен көмек болды. Облыстық сахнаға Б. Майлиннің «Шұғаның белгісі» спектаклін дайындап апарған «Бірлік» ауылының өнерпаз жастарының кәсіби деңгейге лайық актерлік өнерлері қазылар алқасын дән риза етіп, «Халық театры» атағын жеңіп алған еді. Бұл Кенжебай Бердібекұлының ел үшін атқарған қызметінің бір ғана парасы.
Оның ауыл өміріндегі белсенді жұмыстары ескеріліп, 1976 жылдың қараша айынан 1985 жылдың қаңтарына дейін совхоз кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайланып, бұл қызметті де үлкен абыроймен атқарды. Бұл жылдары кәсіподақ тарапынан ауыл халқына көптеген әлеуметтік қолдаулар жасалды. Жұмысшыларға шипажай мен демалыс үйлерінде тегін жоолдама берілді. К.Бердібекұлының қоғам, елі үшін қажырлы еңбектері басшылық және халық назарынан тыс қалмады. 1985 жылы Ақүйік ауылдық кеңесінің төрағасы болып сайлануы соның айғағы. Ол осы қызметті 1994 жылы ауылдық кеңестер таратылғанға дейін мінсіз атқарып келді. 1986 жылы ауылдық кеңес атқару комитетінің үлгілі жұмысы туралы «Қазақстан» телеарнасы арнайы хабар түсіріп кетті. 1989 жылы ауылдық кеңестің іс-тәжірибесі арнайы плакатқа шығарылып, аудан көлемінде таратылды. Ақүйік ауылдық кеңесі базасында екі рет аудандық семинар-кеңес өткізілді. Сол жылдары ол аудандық Кеңес атқару комитетінің мүшесі болып сайланды. 1994 жылдан Бірлік совхозы өндірістік-кооператив болып, қайта құрылған еді. Осы жылдың қаңтар-тамыз айларында Кенжекең осы совхоздың №2 фермасына меңгеруші, осыдан кейін өндірістік-кооперативтің қоғамдық тамақтандыру бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарып, сол кездегі қиын кезеңде ауыл халқын азық-түлікпен қамтамасыз етуге атсалысты.
Кенжебай Бердібекұлы 1999 жылы Ақүйік ауылдық округі әкімшілігіне бас маман болып тағайындалып, оны 2013 жылы сәуірде зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін беделіне дақ түсірмей атқарып шықты. Кенжекеңнің әкесі Бердібек атамыз 30-жылдардан бастап, соғысқа дейін жылқышы, одан кейінгі кезеңдерде совхозда шопан болып, өзінің маңдай тер, еңбегіне сенген, адалдықты өмірлік ту еткен жан еді. 1970 жылы қайтыс болғанға дейін балаларына: «Балаларым, мен небір қиыншылық, зұлматтарды көріп өскен адаммын. Өліп те көрдім, одан тіріліп те көрдім. Тыныштық заманда өмір сүріп жатқан сендер бақыттысыңдар. Мынадай мамыражай, тоқшылық, рахат замандарың үшін Аллаға шүкіршілік етіңдер. Айналайын балаларым, қайда жүрсеңдер де адал болыңдар.Адалдық адамның абыройын асқақтатады. Өтірік алға басар ісіңді өрге бастырмайды.Ұрпақтарыңмен көбейіңдер,өсіңдер, өніңдер» – деп өсиет қалдырған екен.
Кенжекең әке өсиетін ешқашан жадынан шығарған емес. Қандай қызметті басқарса да өзінің қарапайымдық қасиетін сақтап, үнемі еңбек адамдарының ортасында болып, сүрінгеніне сүйеу, қысылғанына қамқор қолын соза білді. Алла тағала әке тілегін қабыл етіп, өсті-өнді. 1971 жылы күзде көрші Қыраш аулындағы текті әулеттің қызы Гүлбаршын Тұртанқызымен көңіл жарастырып, отау құрды. Жұбайы екеуі екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан 16 немере сүйді. Аталары Бердібектің өсиет-аманатына адалдық танытқан Клара, Нұрдәулет, Айдос, Сая, Сәуле әкелері Кенжебай сияқты білімқұмар, ізденімпаз, тәрбиелі адал азаматтар болып қалыптасты. Барлығы да жоғары білім алып, өздеріне тапсырылған қызметтерін үлкен жауапкершілікпен атқарып, елдің құрметіне бөленген жандар.
Бір әңгімесінде Кенжекең: «Қызметтік өмір жолымда маған жақсы адамдар көбірек жолыққан сияқты. Түйіні қиын жағдаяттар кездескенде Анарбек Асанов, Әнтішбек Өмірбеков, Сәулебек Бейсенбаев, Шертай Құрбанов, Әлайдар Қалқожаев, Шәзінда Қарақожаев сияқты жақсылар жолығып, осы игі жақсы ағаларымның көп шарапатын көрдім. Осы ағаларымның артынан ердім, ағалық ақылдарын тыңдадым.Меніңше мына өмірде жақсылықтың жолы ұзын екен» – деген еді.
Әрине, жақсылықты бағалап, көру үшін де алдымен адамда көкірек көздің ашықтығы, шуақты көңіл, адал пейіл, сезімтал жүрек керек емес пе? Біздің қазыналы қариямыз Кенжекең міне, осындай жан.
Әметхан ӘДІЛХАНОВ,
Ақүйік ауылдық округі
бастауыш ардагерлер
ұйымының төрағасы
Пікір 4