Тынымбайдың досы

Қаратаудың етегіндегі қайнар бұлақтың басын емін-еркін жайлап өсіп-өніп жатқан бұл өңірдің құрмет тұтар өз құндылығы бар. Бір тамырдан нәр алған дарақтың сабағындай тұтаса өріліп өрісін кеңге жайған қосүйеңкілік ағайынның ауызбіршілігіне қызығасың. Бұл ауылдардың негізі ілгеріде «Ынтымақ» колхозы атанып, ұжымдаса іс бастаған шақта ортасын қақ жарған Ақүйік өзенінің қос қапталын жағалай қоныс еткен Қоңыртөбел тіршілік көзден бұл-бұл ұшып, жұрты жан-жаққа қоныс аударды. Ел кеткен соң бастауыш мектебі де жабылды. Жағалай кепе тектес балшықтан соғылған үйлердің кесегі үгітіліп жұрнағы ғана қалған қараорынның орны жермен-жексен болмай тұрып таспаға түсіріп алуды қам қылған осы ауылдың бір перзенті Тынымбай ағамыздың нұсқауымен екі-үш жыл бұрын осы араға телевизионшиктер келіп ескі жұрттың көрінісіне көз суарып, тарихи қоржынға сақтап қойды. Ол да болса дәтке қуат.
Осы ауылда жазушы Тынымбаймен бала күнінде бірге ойнап өскен досы Әбдіманап көкемізбен сұхбаттасып қайтуды жөн көрдік. Бұл кісіге ауылдағылардың құрметі де ерек. Оның сыры жоқ емес. Жазушының досы болу бір бедел болса, әкесі Бақыр мағзымды пір тұтып алдынан қия өтпеген аға толқынның алғаусыз ықыласы екі бедел.
Кімге болсын құрметті еншілететін ең бірінші айналаның ерекше бағасы. О баста Айқожа ишанның он бір ұлының ішінде осы өңірдің халқы пір тұтқан перзентінен тараған Бақыр мағзымның есімі айналасының аузында «Таудағы ата» деген атпен жатталыпты. Талабы бар кәрі-жастың көкірегіне ілім сәулесін жағу өз алдына, көптің ақ жүріп, адал тұруына тура жол, бағыт сілтеп отыратын бір жанның араларында отырғаны да құдайдың ерекше сыйы екен. Не мәселеде де сөзіне тұрып, айтқанын қылып, ананың , мынаның қалауына қарай бұрылып, бұрмаланбайтын бір қағиданы, ережені байыппен ұстанып өткен баба ұрпағын бұл маңның халқы соншалықты ардақ тұтып, қадірледі. Әлдеқандай жоғары мәртебелі ұлықтың бұйрық шығарып заңды мөрмен бекітіп кеткен құзіретінен де биік тұратын бұл неткен мырза мезірет, шынайы құрмет десеңші.
Өмірге келу бар да, кету бар. Бірақ мәселе кімнің мағыналы ғұмыр кешуінде болса керек. Осындағы әр шаңыраққа жаратқаннан жарылқау тілеген көңіл мейірі өз алдына, қайғы жұтқан жас-кәрінің жаралы жанын кітаптың сөзімен емдеп жазатын әулиелік қасиет әркімге бұйырмаған. Десе де тәңірдің бұл сыйына басы айналып, асқақтап астамсыса не болғаны? Ел ішін еңістен зерделеп, көңілге түйіп, жөн-жоралғының жолымен қолына түсер малы бола ма, матасы бола ма, шетінен кім пақыр, кім жетім-жесір, кім мұқтаж, сондай жандардың босағасына атап кете беруден жаны ләззат табатын әдет-дағдысын бұл кісінің көзін көргендер әлі айтады. Бақыр мағзым дегенде әкесі Нұрмағанбет қалпенің пейілі ерекше болғасын ба, бұл кісі туралы Тынымбайдың кітаптарында да аз кездеспейді. Жазушы Дүкенбайдың да қаламына жиі оралып отыратыны бекер емес, әр шаңырақта шыр етіп дүниеге келген атұстардың құлағына азан айтып, жағалай сүндеттеген сәлделі ұстаз кеңес үкіметі орнағанда әкесі Досжанмен бірге құрық ұстап, жылқы бақты. Қызыл әскер келіп, молда біткенді қуғынға алғанда тәңіржарылқағыр төраға бұл кісіні малшы деп көрсетіп, солай аман қалған екен.
Жаңа үкімет орнап, құдайсыз қоғамды дәріптесе де дініне бекем , дәстүріне берік ауыл адамдары ата жолын ұлықтап, сүйекке сіңген ақиқи ілімге суғарылған алғаусыз сенімінен дәрмен тапты. Ағайынның ар-ожданына қылау дақ түсірмей, зәуіде шектен шыққан телі-тентегін теріс атқа мінгізіп тентіретіп жіберудің емес ақсақалдар тезіне салып адам етудің амалына жүгінді. Міне, осындайда елге тұтқа болар тау тұлғалы, болмысы бөлек «таудағы ата» сынды жандардың жолы да, жөні де бөлек еді.
Бақыр мағзымнан төрт перзент: Мамаш, Гүлжаһан, Үрзада, Әбдіманап дүниеге келді. Бүгінде Үрзада апамыз 84-те, Әбдіманап аға сексен жасқа толып отыр.
Былтыр Жаңақорғанның орталық мешітінде атадан тараған бүтін ұрпақ бабаларының рухына арнап ас берген еді. Құдайы - садақа астарда өмірден өткен кісіні еске алып естелік айту үрдіске айналған, әрине, ол жалған емес, шын жүректен өрілсе өнеге. Солардың қатарында Бақыр атаның оң жағындағы көршісі болған, қазір тоқсан жасқа келген Тұрсынбек қарияға сөз берілді. Ана дүниеге барғанда да көршіден сұраласың дейді ғой, қарияның әңгімесіне құлағымызды түріп, ықылас қоя тыңдадық.
«Біздің ауылымыз әдепкіде «Ынтымақ» колхозына ұйысып, өзеннің қос қапталына егінімізді егіп, шөбімізді шауып, малымызды бағып әп-әдемі тұрмыс кештік қой» деп бастады ол кісі естелігін. Колхоздар біріктірілген соң Қосүйеңкіге қоныс аударған көппен бірге екі баламмен әйелімді алып бір жамау-жасқау баспанаға көшіп келдім. Жиырма бестердегі кезім. Меншігіме совхоздың жаңа тірәктірі тиді. Ертесіне бізден бұрын келіп жайғасқан Бақыр мағзым баласы Мамашты біздің үйге жіберіпті. Жәй-жапсарын сұрасам, көршісі Досжанның тамын сатып ап қалған екен жарықтық, сол үйге бізді келіп отырсын депті. Сасып қалдым. Мағзымға көрші болу қайда? Ораза-намазды былай қояйық, анда-санда демалып, алып қояйық дейтін ақжүрек құрдастарым баршылық еді, бәрінен бірдей ада-күде қол үзіп, өз еркіме өзім тұсау салып, қой, келісе алмаймын. Сыпайы ғана бір сылтауды айттым. Іздегенге сұраған, совхоздың директоры Задарияға көмек керек деп жұмсағанын сылтау қып сырдағы ауылға жүріп кеттім. Он күннен кейін бір-ақ оралдым, үй-жайым орнында жоқ. Сөйтсем, бұл жайында әкемнің ағасы Нұрмағанбет қалпеге хабар тиген екен, тіпті керемет болды, бауырымды өзім көндіремін деп, бау-шарбағымды Бақыр көкеміздің үйіне қоңсы етіп көшіріп апарып қойыпты. Қазығы еңселі, едені, есік-терезесі бар, бастысы мағзұмның іргесіне жапсарлас қонған ендігі құтханама аяғым басар емес. Алдымен бір жолдасымның үйіне апарып қой сойып, тұтас қазанға салдырып бірге жүрген замандастардың басын қостым. Алдарынан өттім. Өткен-кеткендерің болса есептесейін, енді менің өмірім мүлде өзгереді, ешбіріңе еріп елпі-желпі жүре алмаймын. Атаның қасына кетіп барамын, бұрынғы күнім жоқ, ақырын жүріп анық басамын» деп ант-су ішіп уәдемді бердім.
Отбасыма оралғанымды тірәктірдің даусынан білді ме, мағзым мені дереу шақыртты. Жуынып-шайынып алдына бардым. «Айналайын, ащы судан аулақ болсаң, басқасының бәрін кешірдім. Мен сенен ақша сұрамаймын. Өзіңе көңілім ауды. Қонысың құтты болсын» деді. Осы күннен бастап менің өмір дағдым мүлдем жаңарды. Осы шаңырақта он жеті жыл тұрыппын. Малыма мал қосылды. Жанға жан қосылды. Кейін Бірлік кеңшарына жұмысқа ауысып звеновод боп кеттім. Егіннен мол өнім алып, орден-медальға ие болдым. Совхоз директоры Шәзінда Қарақожаев жүлдеге «Нива» көлігін алып берді. Міне, осындай жетістіктердің барлығын өз басым атамның шарапаты деп есептеймін. Теберік тұлғаның төбесін күнде көріп, сәлем беріп, батасын алғаннан жаман болған жоқпыз. Өстік, өндік, дәулетті, сәулетті болдық» деп толғанған тоқсандағы қарияның асыра мақтап ұпай жинайын деген мақсаттан ада, шынайы лебізі жүрегімізді елжіретті. Басқа да сөз алған қауымның риясыз еске алуларынан бөлек асқа жиналған әйелдер жағының да өзара күбірлесіп, тіпті кезінде үлкендердің «мағзымның үйіне қарап дәрет сындыруға болмайды, аяқты созуға болмайды» деген тыйымдары әлі де көңілде тұрғанын әжік-гүжік еске алып жатқанына қарап мұның астарында пенденің жеке басына тәу етуден гөрі оның бойындағы құдай дарытқан дағуатына кінәратсыз бойұсынумен һақ тағаланың разылығына қауышуға ынтыққан қапысыз ықыласты көргендей болдық. Құдіреттің назары түскенді төбесіне қойып, Алласын жүрегінде сақтаған адамнан не жамандық шығуы мүмкін? Осындай ұстанымның ұшқыны әлі де сөнбеген ауылдың тынысы жанға жайлы, басшысынан бастап қосшысына дейін реңі келіскен, етек-жеңі кең, мәрт мінез, көркем болмыстарын танығандай боласың. Ел ішінде алып бара жатқан бұзақылық, қылмыс жоқ, әркім өз арқанын есіп, адал еңбегіне сыйынған дәстүр жалғастығы көзге жылыұшырайды.
Несін жасырайық, қала тұрмақ ауылдардың көбінде көнеден жалғасқан биязы қалпымыздан ажырап, асыл үрдісімізден қол үзе бастағанымыз жасырын емес. Бір ауылды бір өзі ұстап тұрған үлкендік үлгіні пір тұту былай тұрсын, кез келгеннің орынсыз жерде килігіп кес-кестеп тіл безеп, бас-басына би болған кесір қылығы халықтық киелі ұғымдарымызды аяқасты қылып бара жатқаны жасырын емес. «Үлкеннің алдын кесіп өтпе», «Үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без» деген асыл қағиданың аяқасты болғаны сондай, әлі аузынан ана сүті кеппеген балауса қыздарымыз, шымылдығы түрілмеген жас келіндерге дейін желінің аржағынан ажырайып қарап әлеуметке ақыл айтқыш, үлкеннен асып енді үкіметті сынап-мінеуге көшті. Оларға әдеп үйретеді деген ақ жаулықты аналар болып өсиет-өнегені өзімізден бастамайынша өз-өзімізді табуымыз қиын-ау.
***
Еркек – үйдің таяуы, әйел – үйдің бояуы. Ерін – пірім, елін – туым деп сыйлап мәртебесін асқақтататын әуелі әулеттің келін-кепшігі, ел мен жер киесінің алтын арқауы солардың қолында. Бақыр мағзымнан тараған ұрпақтың да баба атына кір жуытпай, тіршіліктің сүрлеу-соқпағында ар-ожданды асқақ тұтуға ұмтылуы ана сүтінен бойға дарыған тәлім-тәрбиенің жемісі десек жаңылыспаймыз. Тұңғышы Мамаштан тараған он ұл-қыздың үшеуі әкесінің жолын қуып ұстаздықты жалғастырды. Ал бес ұлы қазақтың «Би бол, би болмасаң би түсетін үй бол» деген даналығына лайықты бір-бір елдің арқалы азаматтарына айналған. Екінші ұлы Әбдіманап көкемізден (суретте) тараған бес перзент, барлығы да жоғары білім алды, бүгінде түрлі салада халыққа абыройлы қызмет етіп келеді.
Бір өкініш, бір үміт кезектесе алмасқан жарық дүниенің заңы осы. Әбдіманап көкеміздің жарты ғасырдан астам бір шаңырақ астында өмірдің ыстық-суығын бірге көтерген жан жары – Күлпаш апамызды соңғы сапарға шығарып салғанына қырық күн де өте шығыпты. Өмірсерігінен айрылу кімге оңай соқсын, сыртқа реңін бермегенімен жандүниесіндегі терең сыр жанарында тұр. Жалғыз қалғанда ойға не түспейді, алыста сағым болып қалған балалық дәурен, жастық шақ, әке мен шешенің жарқын бейнесі, қатары селдіреп қалған аяулы дос, жолдас-жораның өздері, көздері, айтқан сөздері еске жиі оралып, жүректі жүдетеді. Өткен күннің бәрі сағыныш.
– Таудың етегіндегі «Ынтымақта» бастауыш мектеп бар еді, сол жерде сауатымызды аштық. 57 жылы бес колхоз – Қыраш, Бірлік, Талдысу, Ынтымақ, Қосүйеңкіні біріктіріп Бірлік деп аталды. Қосүйеңкінің 8 жылдық мектебінде, одан әрі бір жыл интернатта оқыдым. Осы жылдары Тынымбаймен бірге оқып, бірге жүрдік. Ол көп сөйлемейтін, өзгені тыңдағанды жақсы көретін, - деп еске алды өткен күндерді Әбдіманап көкеміз. Мектептен соң Алматыға мал дәрігерлік институтқа жол тарттым . Тынымбай Қызылордадағы пединституттың филология факультетіне оқуға түсті. Мен 1969 жылы институтты бітірген соң жолдамамен туған жеріме келіп, қиыншылық жылдары шетке босып кеткен ағайынды жиып әкеп, «Задария» совхозын қолдан құрған Әбдіғаппар Нұртазаевтың қарауына мал дәрігері болып келдім. Бір жылдан соң мені Қосүйеңкі бөлімшесіне ауыстырды. Одан кейін Қыраш фермасының, 79 жылдан бастап Бірлік шаруашылығының меңгерушісі болдым. 84 жылы Талап совхозының бас мал дәрігері болып 8 жыл қызмет атқардым. 92 жылдан бастап Бірлік кеңшарының бас мал дәрігері болдым. Зейнет жасымызға тақағанда шаруашылықтар да тарқап, әркім өзімен өзі болып кетті ғой. Сонымен мен де балаларымның шаруасына бас-көз болып ел ішінде есен-сау жүріп жатырмын, – дейді аға.
– Күлпаш апамен қалай таныстыңыз? – деген сауалымызға жай жымиып күліп қойды. Өскеменнің Шемонайха деген жерінің тумасы, өзі қазақшаға шорқақ, қияндағы елдің тірлігіне икемі жоқ Күлпаш жеңгеміздің алғаш келін болып түскен қазақы ауылдың тұрмысын қалай меңгеріп кеткені жөнінде бұдан бұрын халық қалаулысының өзімен сұхбатында жан-жақты таныс болғанымыз бар еді. Сол сөздер көңілімізде сақтаулы. Көп сөйлемейтін салмақты мінезді аға болашақ жарын өздері оқитын Алматы зооветеринариялық институтының жанында орналасқан байланыс техникумында оқып жүрген студент кезінде кездестіргенін айтты. Өзінен екі жыл бұрын оқуын тәмамдаған дипломды қаракөз өзіне таңдауы түскен жігіттің ұсынысын жерге тастамай, мақұл депті. Осылайша, болашақ жарының етегінен ұстап алтын босағасына келін болып түсіп екі жыл ата-енесінің қолында аяулысының жолын тосқан өскемендік арудың тілді былай қойғанда тірлікті меңгеріп кетуге деген талабын айтсаңызшы. Үлкен үйдің тірлігі шашетектен, мағзым атаның отбасына келіп-кететін қонақ та көп. Елдің қыздарының алдын орап кеткен жүректілігіне сын көзін қадаған айналаның пыш-пыш сөзі де көңілді жасыта түседі екен. Осының бәрін елемегенсіген елгезек келін бірінші күннен бар тірлікті дөңгелетіп әкетуге тырысып бақты. Ерте тұрып, тезек теріп, күбі пісіп, нан жауып, тіпті қарына шелегін іліп, абысынымен қапталдаса жүріп сиыр саууды да меңгеріп алыпты. Сиыр сауып үйренген соң түйең мен биең бұйым емес көрінеді. Сөйтіп келіннің алды болып көзге түсіп, көптің көңіліндегі күмәнін жуып, ауыл-елге сүйкімді келін атаныпты.
Кейін ойлап қараса, соның барлығы алдымен сүтпен сіңген ананың тәрбиесі, одан қалды барған жеріне судай сіңіп, балдай батып әке-шешеге сөз келтірмеймін деген от намыс пен өлермен бейнетінің нәтижесі еді. Қайткенде өзі шын сүйіп қосылған ардақты жардың ата-анасының ойынан шығып көңілін табам деген асыл ниет жас келіннің жігерін қайрап, қандай да бір сын-сынақпен бетпе-бет келген талабына тірек болыпты. Ақиқатына келгенде, шын сүйген шынайы махаббаттың құдіреті иесін небір сыннан сүріндірмей сүйеп алып шыққанының бір дәлелі бұл. Сондықтан бұл отбасының күні бүгінге дейін бір көлеңке түспеген жарасымды өміріне өзгені қойып өз балалары да қызыға қарап, өнеге етуі тегін емес.
Күлпәш апа Талап кеңшары байланыс бөлімшесінің бастығы болып тұрған кезінде газет жұмысымен ол кісілердің үйіне арнайы соққаным бар. Сыртқы қақпадан енгеннен байқап келем, жараулы жеңгемнің әлі келін алмаған кезі, үй мен сарайдың ортасында зыр жүгіріп жүр. Сиырдың сүтін қазанға пісіріп, айран қып ұйытып, бір бөлігін сеператорға құйып, қаймақ, май айырып, оның ыдыстарын жуып болып жатқан кезі екен. Қабатында самаурын қойып, көңге көмген таба нанын қалай пісіріп үлгергенін білмеймін, емен-жарқын ыстық нан мен шайын әп-сәтте алдымызға әкелді. Тура сағат тоғызда біз ол кісінің жұмыс кабинетінде отырдық.
***
Талап ауылдық байланыс бөлімшесінің, одан әрі Бірліктегі пошта бөлімінің жұмысын аяққа нық қойған тәжірибелі маман осы саладағы үздік еңбегі үшін Байланыс саласының үздігі атанды. Бірнеше рет ауылдық кеңестің депутаты болып сайланып елішілік мәселелердің оң шешімін табуына атсалысты. Отыз жылдан астам осы салада тер төгіп, абыройлы қызмет атқарды. Жары, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Әбдіманап Бакиров те осындай марапаттардан кенде емес. Бүгінде елдің ақылман қариясы болып отыр. Әдемі қартая білу деген осы болса керек.
Елмен етене өскен адам зейнетке шықса да қоғамнан қол үзіп кете алмайды екен. Күлпаш апаның өмір дағдысы осындай ойларға жетелейді. Бұл кісі кешегі күнге дейін ауылдағы әрбір отбасының қуаныш-қайғысын бөлісіп, әулеттің ақылман анасы бола білді. Бір сөзбен айтқанда, мағзымның келініне сай мазмұнды үлгісін үзбеді. Ол үлгіні жақ талдырып айтып әуре болмай-ақ жарқын пейілімен асқақтатып, ешкімді бөле-жармай, көптің тірлігіне келгенде теңдей жапырып қызмет қылатын қасиеті өзін көпке қадірлі етті.
Ел ішіндегі қызықшылық шараларда бұл кісімен басымыз жиі тоқайласып қалатын. Апамның қимылы сол баяғы, елгезек, егде жасқа келіп қалған жанмын деп елден оқшау қалмайды, туыс-туғанның қызықшылығына жан-дүниесімен беріліп, өзіңнен бетер қуанып жүргені. Жиын-тойды қыздырып көңілдің пәрін ашып жеп-жеңіл дөңгелеп билегені де жарасып тұрады өзіне. Аяқ-қолы жылдам адамға сол да сөз боп па, онысынан бөлек орайын тауып орын белгілеп бес уақ намазын да мерзімінде орындауды бір минутқа кешіктірмейтінін-ай. Өйткені…басқа-басқа, мағзымның келініне міндетті парызды қаза етіп қолдан кінәрат жібергені жараса ма? Имандылық қағидасын зерделі көкіректің түкпірінде түйе білгенімен белсенді коммунист кезінде мойын бұрып қарауға мүмкіндік болды ма, десе де атаның келіні Іштей бұған да алаңдап жүрген екен, зейнетке шыға сала мойындағы қарызды түгендеуге ден қойды. Сәждеге бас қойып, қатарын қасынан іздеді, зекетін үзбеді, кем-кетікке қолұшын созды. Қайткенде иман шарттарын өз деңгейінде ұстанып бағуға тырысты. Бірақ солай екен деп бәрінен баз кешіп, бәзбіреулердей қоғамнан тысқары қалғанды мақсат еткен жоқ. Ел қатарлы бес парызды өтеу әр мұсылманға міндет, әйтсе де мінәжат атаулы мейіріммен қуаттанады, дәстүріңе, еркіндігіңе тұсау салып қарадай жүріп тұңғиыққа түс демейді, көпшіліктен қол үзіп бөлектенуді қостамайды. Көңіл көңілден су ішеді, ойна-күл, орынды жүріп-тұр, айналаңды, жүрген ортаңды риза ет, қадіріне жет. Бастысы, жүрек таза болсын, жақсылар. Біздің апамыз осы қағиданы қанат тұтты.
Бакировтер (Пақыр мағзымның есімі паспортта осылай жазылып кеткен) отбасы (суретте) бірнеше жылдан бері республикалық деңгейде ұйымдастырылып келе жатқан «Мерейлі отбасы» байқауында топ жарды. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы жарасымды жанұя иелерін арнайы қабылдап, Алғыс хатын табыс етуі де қариялардың көңілін қуанышқа бөлеп, ел алдында мерейлерін бір көтеріп тастады.
Жаңа жылдың қарсаңында жан-жақтағы бала-шаға, бау шарбағы болып ата-анасының сексен жасқа толған атаулы мерекесіне орай туған ұяда бас қосып, бүгінде қарашаңырақты күтіп-баптап ұстап отырған бауырлары, екеуі де ұстаз – Мұрат пен Меруерт келіннің риясыз ықылас-пейіліне қанаттанып қайтқан еді. Қос қария немере-шөбере ортасында мәз-мейрам шаттыққа кенелді.
Бір кем дүние, кеше ғана көз алдыңда жүрген аналары бірте-бірте көкмұнар сағынышқа айналып мәңгіге алыстап барады. Иә, адам өмірі өлшеулі. Өлмейтіні – тірлікте арттырған тәлім-өнегең, жұрттың аузында қалған жақсы сөз, жарқын естеліктер ғана. Өмір жалғасы боп қалар ұрпақ көңіліне ол да медет.
Баян ҮСЕЙІНОВА