Соңғы жаңалықтар

№23 (8837) 1

01 сәуір 2025 ж.

№22 (8836) 29

29 наурыз 2025 ж.

№21 (8835) 23

23 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » » Тұран жолбарысы “тіріле ме?”

Тұран жолбарысы “тіріле ме?”


Санкт-Петербургте өткен бірінші халықаралық жолбарыстарды қорғау форумында барлық жолбарыс ареалы бар елдер жабайы табиғаттағы жолбарыстар санын екі есе көбейтуге нақтырақ айтсақ, 3000 басқа жеткізуге келісіп, Қазақстан үкіметі елде жолбарысты қайта енгізу жұмыстарының басталғанын ресми түрде жариялады. Бірнеше жыл бұрын қолға алған бастама бүгінде қандай нәтиже беруде? «Қаратау» қорығындағы ғалымдардың пікірі қандай? Біз Тұран жолбарысының ізіне түсіп көрдік.


ТҰРАН ЖОЛБАРЫСЫНЫҢ ТҰРПАТЫ

Тұран жолбарысы – әлемдегі ең ірі жолбарыс. Өткен ғасырда 100 мыңнан асқан мысық тұқымдастарды бүгінде ізін көру арманға айналды. Ірі жыртқыштың салмағы 250-300 келі. Тұран жолбарысының бір ерекшелігі – жирен түсті жүнінің бояуы қанық, әрі қысты күні терісі, әсіресе, қарын тұсының жүні қалыңдай түседі. Тұмсығында қою мұрты болған. Дерек көздерінде Тұран Жолбарысын жойылу туралы әртүрлі пікір бар. Оның ішінде Мұстафа Шоқайдың Тұран жолбарысы туралы айтқан ойы біздің сұрақтарымызға жауап бергендей. Оның «Яш Түркістан» газетінде жарық көрген шағын мақаласында «Батыс Сібір – Шығыс Алтай» темір жолын салудағы саясаттың астарында Тұран Жолбарысын жою жатыр емес пе? Бұл өлкелерден өткен пойыздың дүрсілінен қашқан аң-құс Сібірге айдалып, суығына үсіп өлуде. Бір айдың жүзінде тоғайлы алқаптардың он пайы­зы ғана байырғы қалпын сақтап тұр», – деп сауал жолдапты комиссиаратқа.
Ойшыл тұлғаның сөзін тірілткен жергілікті ақсақал Шәй­дербек Әшимов «Тұранның соңғы Жолбарысы» әңгімесі де зұлмат жылдарды сабақтайды. Ресейде жарық көрген "Военный сборник" журналының 1871 жылғы санындағы "Табиғат және аңшылық" деген бөлімінде Сырдария бойында тұратын Шақан деген аңшы жайында мақала басылған. Шақан аңға кеткен бір күні түнде адамжегіш жолбарыс киіз үйге кіріп, баласын өлтіріп, әйелін қамысқа сүйреп әкетеді. Қатты күйінген Шақан жолбарысты өлтірмекке ант береді. Ақыры сөзінде тұрған аңшы бірнеше шұбар аңның көзін жояды. Бұл туралы Мұхтар Мағауиннің "Шақан-Шері" романында егжей-тегжейлі жазылған.
"Тоқсан үйлі тобырды" аңшылықпен асыраған Қамбар батырдың жолбарысты құйрығынан ұстап, басынан айналдыра лақтырып өлтіргені де жырда көркем баяндалады. Сондай-ақ Қаратау етегіндегі қалың тоғайда бір үйір жолбарыс барын сезген арнайы әскери жасақ 1923 жылы күз айында келгені жайында ақпарат бар. Бірлік ауылында айлап жатқан орыс офицерінің өлімі жайында аңыз бар. Қалың тоғай арасын сүзіп шыққан әркерлер күн сайын еш із таппай қиналады. Офицер бір топ жасағымен тоғайда түнеуді ойластырып, от жағып, балық қақтап жеп, әңгіме құрып отырса керек. Бұлармен бірге ауылдан еріп келген қойшының баласы Біржаннан Жолбарыс жайында жиі сұрап, қайта-қайта інін тауып беруді талап етеді. Жас бала Тұран Жолбарысының суатын білетінін айтады. «Таң ата Әулие бұлаққа келіп, су ішеді. Мұны талай көргенмін» деген соң, бұлаққа жақын шатыр құрып, дүрбі салып отырады. Таң қылаң бере бастағанда үйірін бастаған тарғыл аналық көзге түседі. «Жігіттер, атысқа дайындалыңдар» дегені сол еді, әрқайсысын бір-бір жолбарыс қалың қамысқа сүйреп кетеді. Тек көлікте отырған жас бала Біржан мен көлік жүргізушісі Игорь ғана аман қалады.
Осындай оқиғалардан кейін тұран жолбарыстарын жаппай қыру басталған тәрізді. Әр өлтірілген жолбарыс үшін сый ақыға 25 сом, жобамен 40 қойдың құны берілген.
Атақты контрреволюционер Лев Давидович Троцкий 1928 жылы Алматыға айдалып келгенде, қауіпсіздік қызметкерлері оған Іле өзені бойына аңшылық құруға рұқсат берген екен. Сталиннің бұйрығымен Мәскеуден қуылған маршал Жетісу жерінде түн қатып жүрген тұран жолбарысын талай рет тамашалаған. Бастан-аяқ қара түсті киім киіп, үлкен ит жетектеп жүретін Троцкий Алматыда белгілі саяси мәлімдемелерімен қатар, «Балқаш жолбарысына шабуыл жасамау туралы пакт» деген еңбек жазған. Тұран жолбарысын тірілту мәселесі соңғы кездері жиі көтеріліп те жүр. Осы мәселені көтеріп жүрген ғалым Бақытжан Әділов Қазақстанға тайгадан уссурий жолбарысын әкеліп, жергілікті жерге бейімдеу арқылы арнайы питомникте тұран жолбарысын «тірілтуге» болатынын дәлелдеп жүргеніне бірнеше жыл болды.

ТИК-ТОКТАҒЫ ТҰРАН ЖОЛБАРЫСЫ МА?

Жаңақорған ауданынан Қызылорда қаласына жолға шыққан көлік жүргізушісі Мақсат Әлиевтің ТИК-ТОК парақшасына жол бойында жүрген жолбарыс таспаланды. Осы оқиғаға көпшіліктің пікірі сан алуан ойға жетеледі. «Цирк жолбарысы шығып кеткен бе?», «Амур жолбарысы Қазақстанға келді деп еді, сол шығар», «Тұран жолбарысы әлі де бар ма?» деген түрлі пікірлер айтылды. Біз осы жолбарыстың кімге тиесілі екенін білуге тырыстық. Алдымен, табиғатты қорғау ұйымдарына хабарластық. Олардың пікірінше, «Қаратау» қорығында ірі жоба басталғанын әрі осы жолбарыстардың сол қорыққа қатысы барын меңзе­ді. Біз «Қаратау» қорығының қорықшысы Айдос Әлішеровке хабарластық.
Жер бетінен жойылып кетуге шақ қалған өсімдіктер мен жануарлар әлемін сақтап отырған «Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы» Кентау қаласының маңындағы Хантағы деп аталатын биік таудың етегінде 34 мың гектарды алып жатыр. Осы аумақта өсімдіктің 700-ден аса түрі, аң-құстың 118-ден аса түрі қамқорлыққа алынған. Кентау қаласының маңында орналасқан қорықта Қаратауды мекендеген жануарлар мен өсімдіктер дүниесін зерттейтін арнайы ғылыми-танымдық кешен бар. Мұнда табиғаттағы әрбір тіршілік иесін зерттеуге, тәжірибе жасауға, әрі еліміздегі мықты ғалымдардың еңбегімен танысуға, ғалымдардың басқосуына мүмкіндіктер қарастырылған. Онда табиғат сақшылары еліміздегі зоология, ботаника институты және жас ғалымдармен бірлесіп жұмыс атқарады. Саяхатшыларға арнайы танымдық туристік бағыт та қарастырылған. Қысқасы, бұл кешенде қорық қамқорлығындағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесі жайлы кең ақпарат алып қана қоймай, қорықшылардың күнделікті қызметі жайында бейнеақпараттарды тамашалауға болады.
– Біздің жұмысымыздың қауіп-қатерін көпшілік біле бермейді. Браконьерлермен бетпе-бет келіп, өмір мен өлім арасында арпалыс та болады. Мұндайда қосымша топтарды қалай іске асырамыз? Сондықтан орталық операторға әр қадамымызды баяндап отырамыз. Әрбір сәтті бейнеге жазып, оны осы орталықта арнайы сақтаймыз, – дейді қорықшы.
«Қызыл кітапқа» енген Тұран жолбарысының аналық қаңқасы Алматы Биология мұражайында сақталған. «Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы» зерттеуші тобы Тұран жолбарысының аталық қаңқасын тапты. Шетелдік ғалымдармен бірлесе ДНҚ алынып, әлемдегі алып жыртқыш болғанын дәлелдеуде. Қорықта «Тұран жолбарысын тірілту» ғылыми жұмыстары басталыпты. Жабайы жолбарыс пен Амур жолбарысын будандастырып, одан 4 алаң өсірілуде. Күзде жабайы табиғат аясына үйрету үшін шөлейтті аймаққа жіберіп көрген. Нәтижесінде 3 алаң ыстыққа төзімді болса, біреуі суыққа төзімді болып шықты. Ал Тик-Токтағы жас алаң осы алаңдардың ең әлсізі екен. Қазіргі кезде алаңдар қорықта қырағы күзетпен күзетілуде.
Айта кетейік, мұнда «Қызыл кітапқа енген» 118 аң-құс, 700-ден аса құс қамқорлыққа алынған. Қорықтың тыныс-тіршілігін баяндаған қорықтың нұсқаушысы Үсен Жапаров соңғы бес жылда «Қаратау қорығы» қатаң күзетіліп, ерекше күтімге алынудың арқасында табиғат көркейе бастағанын жеткізді. Халықтың көзқарасын табиғатты аялауға, аң-құстарға деген қамқорлықты қалыптастыруға бұруға жұмыстар жүргізілуде.
– Ғылымдық таным кешенінен Хан тағы тауына дейін жаяу және атты серуен жолға қойылған. Ашылғалы бері қаншама сала жұмыс істеп, жасыл-желекті көбейтіп, табиғатты сүюге, экологияны жаңартуға атсалысып келеміз. Мақсатымыз, туған өлкенің табиғатына халықтың жанашырлық қасиетін оятып, әрбір тас пен өсімдікті жүрегімен сезінсе деген арманымыз бар, – дейді қорық нұсқаушысы.

ЖОЛБАРЫСТЫ КӘСІП ЕТКЕН ЕЛДЕР

Дүниежүзілік жануарлар әлемін қорғау ұйымының мәлі­метінше әлемде 5000-ға жетер жетпес ғана жолбарыс бар. Әлемдік қауымдастықта 13 мемлекетте жолбарыс басы өскен. Атап айтсақ, Бангладеш, Бутан, Вьетнам, Үндістан, Индонезия, Камбоджа, Қытай, Лаос, Малайзия, Мьянма, Непал, Ресей, Таиландта ірі кәсіпкерлер жолбарыс бизнесімен айналысады. Расында, «Қызыл кітапқа» енген жануарларды кәсіп етуге бола ма? Бір ғана Камбоджада 50-ге жуық мемлекеттік питомник бар. Олардың акцияларына жергілікті кәсіпкерлер қатысып, туризмнен түскен табыстан пайда көреді. Сондай-ақ, Таиландта ірі шаруақожалықтар жолбарыс бағып, көбейткені үшін субсидия алады. Ал, жасы жетіп, қартайған жолбарыстардың етінен арнайы тағам дайындап, әлемдегі танымал асханасын ашқан Мьянманың жөні бөлек.
Араптарда құрметті қонағына барыс терісін сыйға тарту дәстүрі бар. Сондықтан болар, Біріккен Арап Әмірлігі Азия елдерінде өз бизнесін жолға дамытуға ниет танытып отыр. Шөл далаларды ұзақ мерзімге жалға алып, бүлінген экожүйені қалыпқа келтіру үшін қыруар қаражат бөлетіндерін жария етті.
Ал біз ше? Еліміз реинтродукция процесінен әлі де шыға алмай келеді. Ірі жобалар басталғанымен айтарлықтай нә­тижеге қол жеткізе алмай келеміз. Қазақстандағы био алуан түрлілікті сақтау қорының мәліметінше, барыстар ландшаптарын құрудың алғашқы қадамына 300 мың еуро қажет. Ал, шетелдік компаниялар бұл ұсынысты қолдау не қолдамауы уақыт еншісінде.

ТҮЙІН. Тұран жолбарысын сөз еткенде, бірнеше сұрақтардың басы қылтиятыны сөзсіз. Біздің мақсат Тұран өңірінің басты нышанына айналған жануардың тарихына мән беру. Ал сіз Тұран жолбарысы жайында не дер едіңіз?

Мақпал МАРҚАБАЙ
21 қаңтар 2025 ж. 364 0