№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жолбарыс жорытқан дала

Жолбарыс жорытқан дала

«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы елдік жолда жаңылмау үшін өткен тарихтан тағылым алуды бағдарлап берді. Осы бағдарлама аясында Тұран даласында жорытқан жолбарысты қайта тірілту қолға алынбақ. Бәрекелді! Бұл мүмкін бе? Ол үшін тарихты бір зерделеп көрейік.
Халық арасында батырларды қорғап-жебеп жүретін кие болғаны, олар жолбарыс, бөрі түрінде көзге көрінетіні жайында әңгімелер көп. Мұндай деректі жазушы Айдархан Бибасарұлының кітаптарынан табуға болады. Қаламгер Қожамберді батырды желеп, жебеп жүретін жолбарысы болғанын жазады.
Жәнібек батырдың да жолбарысы болған-ды. Ол туралы белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев Шақшақ Жәнібектің 300 жылдық тойында:
– Екі жолбарысты соңына ерткен, өзі үшінші жолбарыс сияқты боп, айбынын асырған батыр Жәнібектің бүгінгі ұрпақ үшін қадірлі болатындығы, ең алдымен, сол батырлығын елдарлыққа жұмсағандығы депті.
Яғни жолбарыс – батылдықты, ба­тыр­лықты бедерлеп, «жолбарыстай жүректі», «қасқырдай қайсар», «арыс­тандай айбатты» деген теңеулерге теңеген.
Сыр бойындағы ну қамысты алқапты жолбарыстар мекен етті. Олармен жұлқысқан жүректі ерлер туралы аңыз-әңгімелер де жеткілікті. Кейбірі малын қорғап, кейбірі жанын қорғап арпалысты.
«Намыс» журналына Қажымұқанның Іле өзенінің бойында тұратын алып адаммен пікірлес болғаны жөнінде жарияланды. Оқиға желісінде әлгі сом денелі қарияның өз басынан өткен оқиға баяндалады. Жас кезінде әкесінің жұмсауымен орталыққа барады. Содан келе жатып жолбарыс шабады. Бойында күш-қуаты толысқан жігіт жолбарысты ұрып алып, терісін сылып, әкесіне әкеледі. Мақтанып «әке, жолбарысты ұрып алдым», дейді. Сонда қарт «Пәлі, менің ұрпағым соншалықты ұсақталып кеткен бе, жолбарыс шабатындай» деп көңіл-күйі құм болыпты. Иә, қазақтың талай батыры жолбарысты қолмен ұрып алып, «мысық» деп менсінбей қарағаны жөнінде аңыз көп...
Бір өкініштісі, қазақтың айбынындай, айбатындай болған сол жолбарыстар бүгінде жоқ. Атылды. Жойылды. Оның жоқ болып кетуіне байланысты да әртүрлі деректер көп.
1925 жылы Жосалы кентінің маңында, 1933 жылы Қазалы аумағында соңғы Тұран жыртқышы атылды делінеді дерек көздерінде. Дегенмен Сырдың соңғы жолбарысы 1952 жылы Жаңақорған маңында құрықталыпты. Мұнымен келіс­пейтіндер де бар.
Марқұм жазушы Айдархан Биба­саровтың дәйегіне сүйенсек, жолбарысты түгелдей атып, қырып тастаған жоқ. Олар ауып кеткенге ұқсайды. ХХ ғасырдың басында Орын­бор-Ташкент темір жолы салынып, тепловоздар қатынай бас­тады. Осы қатынас құралының жер-көкті жарған даусынан жолбарыстар үркіп, Сібірге, сосын Амур маңына ауып кетті. Бұл ойдың да жаны бар секілді. Қалай болғанда да, біздің далада Тұран жолбарыстары жоқ. Енді жолбарыс популяциясы қайта келтірілмек. Қазақ­стан мен Ресейдің XVII өңіраралық форумында екі елдің Президенті сөз етіп, жүзеге асыру жолын талқылады.
Жә, жолбарыс та келіп, Ұлы дала елі бұрынғы айбынына енер.
Тұран жолбарысы несімен ерек­шеленді, тұрқы мен тұрпы аты қандай болды.
Бұл жөнінде «Айқын» газетінде «Тұран жолбарысы орала ма?» деген мақала берілді. Онда жолбарыс атаулының ішіндегі қанық түсті әдемісі, дене тұрқы ең ірісі, ерекшесі – осы Тұран жолбарысы. Қыстыгүні терісі, әсіресе қарын тұсының жүні қалыңдай түседі екен. Тұмсығында қою мұрты болған. Оның тұқымы бенгалдық және амурлық тұқымынан да ірі.
Ғалымдардың зерттеуінше, Тұран жолбарысының салмағы 170-250 келі құрады. Тәулігіне 100 шақырым жер­ді жортуға төзімді. Тіпті бұл мысық тұқымдасының мықтылығы сондай, атан түйені алып ұрып, бірнеше метрге дейін сүйреп кете беруге күші жеткен.
Ресейден әкелінетін Амур жолба­рысын Іле-Балқаш маңына жерсіндіру жайын ғалымдар жан-жақты қарас­тыруда. Яғни, жыртқышты әкелмес бұрын оған азық болатын жануарлар жеткілікті болуы керек. Қамыс-тоғайы мол, суы бар, азығы жеткілікті болса алып жыртқыштың жерсінуі мүмкін деп болжануда.
Бірақ бұл біраз уақытты, қажырлы еңбекті талап ететін жоба.
Жолбарыспен бірге қазақтың рухы көтеріледі деп сенеміз.
Рауза Әзілхан
17 қазан 2021 ж. 1 538 0