№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » СЫР БОЙЫНДАҒЫ СОҢҒЫ ЖОЛБАРЫС

СЫР БОЙЫНДАҒЫ СОҢҒЫ ЖОЛБАРЫС


“Өтсе-дағы керуен ғасыр, ел аузында сақталған, Сыр бойында өшпейтұғын мынадай бір аңыз бар. Дарияға жақын маңда өткен ерте заманда, Сыр бойында мекендепті бір айбарлы, жуан мойын жолбарыс”. Бұл – көпшілік халықтың жүрегін кернеген «Жолбарыс пен жайын» туралы термеден үзінді. Бұл ғана емес, Сыр бойын мекендеген Тұран жолбарысы туралы ел аузында жатталған сан түрлі аңыз-әңгіме мен естеліктер көп. Алайда сол жолбарыстардың соңғысы қашан атылғаны, кім атқаны әлі күнге белгісіз...


Көкжиде мен Апаныш (қазіргі Жаңарық ауылынан Өзгентке дейін) тоғайы ит тұмсығы бат­пайтын қалың еді. Тоғайдың қай бетінен қарасаң да, қалың қамыс пен сирек жыңғылдан көрінбейтін. Ауылдың малдары түгелдей осы тоғайда жайылып жүретін. Тоғай ішіндегі жолбарыстар сиырға шауып, ауыл малына тыныш­тық бермейтін. Бір күні ауылда­ғы жауырыны тоқпақтай, алып денелі Ережеп батырдың жалғыз сиырына жолбарыс шауыпты. Сиырының өлгені ауыр тиген ол түз тағысымен күресуге суық қару алмастан, бір ғана кездікпен баласы Жұмашты ертіп шыға кеткен. Ережеп пен ұлы айналаны қою қара түнек басқанда тоғай ішінен ақсақ жолбарысты аңдиды. Жемтікке келіп шоқиып отырған жолбарысқа Ережеп те тіке қарап жақындай түседі. Адамның иісін сезіп, бойын жиған жолба­рыс тікесінен тік тұрып, екі қолын алға созып, бар екпіні­мен Ережепке атылады. Адамнан айла ассын ба, Ережеп сәл бұғып қалғанда, жолбарыстың кеудесі оның басынан асып, сарт ете қалғанда батыр оны ашбелінен құшақтап үлгереді.
Қарулы қол айқасып қатты қысымға түскен жолбарыстың аяғы жерге тимей, екі аяғы мен басы Ережептің арқасына тіреліп, қыбырлай алмай қалады. Сол сәтте, Жұмаш келіп, әкесі­нің қонышындағы кездікті алып, жолбарыстың шабын тіліп жі­береді. Әбден әлсіреген адуын-ды аң осылайша Ережеп батырдың қолынан ажал тапқан екен. Бұл Шайдарбек Әшімұлының «Әбу Бәкір Сыздық ұрпақтары» туралы кітабында жазылған әңгіме. Бұл ғана емес, тарихи кітапта Ережеп батырдың Райхан қарындасын жаралаған ұрғашы жолбарысты атып алғаны, оның екі күшігін қалың арасынан тауып айтылға­ны да жазылған. Ол кезеңдер­де жолбарыстың терісі өте құн­ды дүние болып саналғандықтан, аңның қос күшігіне атақты Бидаш бай мен орыстың Иван деген жігіті таласады. Алайда, орыс болса да қазақтай көрген Ережеп қос күшікті Иванға береді.
Күндер өте Ережеп беріп жіберген қос күшік Қырымдағы Варенцов князьның сарайынан бірақ шыққан екен. Көпті көрген Шайдарбек қарияның айтуынша, Сыр бойында оның ішінде Жаңа­қорған жерінде жолбарыстар көптеп мекендеген. Оның бір дәлелі, Ережеп батырдың жырт­қыш аңмен алысқаны туралы тың деректер болса, енді бірі өз әкесінен естіген есті әңгімелер.
Иә, адам баласының қаһарына ұшыраған аңның бірі – жолбарыс екені айқын. Дария бойындағы ну қамысты мекендеген қай жолбарыс болсын, малға шауып, адамды да жаралап, айбат көрсет­кен. «Малым – жанымның садақасы» дейтін қазақ, малды қойып, ақыр соңы адамға шапқан аңды аямастан, атып ала берген. Тарихи мағұлматтарды ақтарып қарасақ, Сыр бойында Тұран жолбарысы мекендегені айтылады. Сондай-ақ, хронологияда Сырдариядағы соңғы жолбарыс 1925 жылы Қармақшы маңынан атылған десе, енді бір деректе 1933 жылы Қазалы маңында жолбарыс жан қиған деген дерек бар. Ал, бәрінен де маңыздысы, Жаңақорғандағы ауыл ақсақалдарының өз алдына тың мәліметі. Олардың сөзіне сенсек, Тұран жолбарысы біздің өлкедегі ну қамысты тоғайды 1952 жылға дейін мекендеген.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, қаламгер, шежірелі тұлға, марқұм Айдархан Бибасаров атамыз бір әңгімесінде:
– Ол уақыттарда біз небәрі 14-15 жасар балдырған бала болдық. Сексеуіл алып келуге құмға кететінбіз. Әкем мына Қызылқұмда жолбарыс көп, балалармен барсаңдар, жырт­қыш­қа қарсы қимыл жасай алмайсыңдар. Шамаларың жет­пейді, деп өзі еріп баратын. Және сол заматтарда әкемнің аузынан мына оқиғаны естіген едім. Шамасы, 1950-1952 жылдар аралығы болу керек. Тұрымбет деген ауыл тұрғыны (қазіргі Бай­кенже сыртындағы құмда) құм ішінде сексеуіл сындырып жүріп, аңырап-ақырған аңның дауысын естиді. Өзіме қарсы шаппаса болғаны деп, қорғаштанып, жан-жағына қарай бергенде, сексеуіл арасында жаны қиналып жатқан Тұран тағысына көзі түседі. Адам баласынан көмек сұрағандай басын изеп, көзі мөлиіп, еңіреп дауыс шығарған аңға Тұрымбет ақсақал жақындай түседі. Қараса, жолбарыстың жамбасына дәу шөңге қадалған екен. Аңның басынан сипалап отырып, мейірім танытқан ол, кездікпен аңның терісін тіліп жіберіп, қадалған шөңгені алып тастаған екен. Алғысын айтқандай кейіп та­нытқан айбарлы аң Тұрымбетке одан әрі сүйкене түсіп, жанынан арлы-берлі өтіп, жөніне кете барған. Қариялардың айтуынша, құмдағы соңғы жолбарысты осы Тұрымбет ақсақал кездестірген деседі, – деген оқиға желісін баяндаған еді.
Ел аузында Тұран тағысы туралы сан түрлі естелік әңгіме көп. Қай ақпарды алып қарасақ та, жолбарыстардың Жаңақорған жерін, сексеуілді құм мен қалың нулы дария жағасын мекендегенін ұғамыз. Қызығы сол, мысық тұқымдасындағы айбарлы аң туралы аңыз-әңгімелер XX ға­сырдан бастап, кітапқа жазылып, таңбаланғанымен, ел аузында дария тасып, тоғай толып, қамыс жайлағаннан бастап жолбарыстар Сыр бойын мекендегені айтылады.
Бүгінде Сырды мекендеген жолбарыстың өзі тұрмақ, ізі де көрінбейтін болды. Негізгі себеп, бір кездері орман-тоғайды барлап, күн көрген жолбарыс біздің өлкеде мүлдем жоқ. Ауыл малы мен адамға шапқандықтан ба, әлде адамдардың аңның бағалы терісіне қызығып, атып ала бергенінен бе, Тұран тағылары Сыр бойы тұрмақ, Қазақстанның өзінде жоқ жануарға айналды. Бір сөзбен айтқанда ізі-қайым жоғалған аңның біріне айналды. Тіптен, «Қызыл кітапқа» еніп үлгермеді. Десе де, Қазақстанның ұлттық географиялық қоғамы 2020 жылы Тұран жолбарыстары популяциясын жандандыру ісін қолға ала бастады.

ТҮЙІН. Ең өкініштісі, ешкім­нен тайсалмайтын рухы басым, жыртқыш Тұран жұртының ай­баты сынды еді. Бір кездері, өз ұрпағын, ұлтын қорғау үшін жыртқышпен тартысқа түскен батыр бабалар арыстандай ай­батты, жолбарыстай қайратты болуға талпынып, аң патшасына қарсы тұратын. Ал, бүгін ше? Бүгін адам баласы ұрпағы мен ұлтын қорғамақ, жыртқышқа өздері айналуда. Қысқасы, қазақ­тың қабырғасына бататын жайт – жолбарыстың жоғалғаны емес, халықтың көкейіндегі жол­ба­рыстай қайраттылық пен айбаттылықтың жоғалғаны. Не десек те, Сыр бойын мекендеген соңғы жолбарыс 1950-1952 жылдар аралығында Жаңақорғанда жойылды. Бірақ соңғы барысты кім, қалай атқаны әлі күнге беймәлім...

Ханзада ДОШАН


23 қаңтар 2024 ж. 1 611 0