Ел жүрегіндегі есім
Жаңақорған кентінің Сырдария өзеніне жалғасатын кең көшесіне Зұлпыхар Мұсаханов атамыздың есімі берілген. Ол кісі осы көшеде тұрды. Ол тұрған үйдің қабырғасына Зұлпыхар Мұсахановтың ескерткіш тақтасы ілінген. Мұның барлығы ұрпақтың аңыз адамға деген құрметі. Есімін ардақтап, еңбегін есте сақтауға деген ізгі ниеттің белгісі.
Ал соның барлығынан да бұрын қастерлі құндылық – соңында әзиз атын өшірмейтін ұрпағының қалуы. Осы орайда мен өзімді бақытты сезінемін. Аяулы атамның орнын күзетіп, шаңырағының түтінін сөндірмей келемін.
Атамыз біздің көп мүддесі дегенде өзін ұмытатын елжанды азамат болумен қатар аузы дуалы, сөзі уәлі кісі болған екен. Оның ауылдық жерде жүріп-ақ мемлекеттік деңгейде іс атқарып, соның нәтижесінде туған жерді гүлдендіруге ересен үлес қосқаны осы сөзімнің дәлелі болса керек.
Ашаршылықтан енді ес жиған халықты бір жерге топтастырып тірлікке жұмылдыру оңай емес. Ол үшін мидай жазық жатқан даланы игеріп күнкөріске жаратуға болатынына көптің көзін жеткізуің керек. Мұны қалай дәлелдерсің?
Бұдан бұрын, ашаршылық жылдардың алдында Раушан Әбенқожанев деген жап-жас азамат Петербургте гидротехникалық оқу бітіріп келіп, туған жерді суландыру үшін жергілікті халықты жұмылдырып канал қазған екен. Бірақ жұмыс аяқталып бітпей халық жан-жаққа бытырып кеткен. Осы каналдың құрылысын одан әрі жалғау Зұлпыхар Мұсахановтың арманына айналыпты.
Өзі Ташкенттегі ауылшаруашылық мамандарын даярлайтын техникумға оқуға түсіп, кіші агроном және есепші мамандығын алады. Еңбек жолын Жаңақорған ауданының «Мәдениет», «Жаңарық» колхоздарында есепшіліктен бастайды. 1937 жылдан бастап аудандық комсомол комитетінің хатшысы болып еңбек етеді. Осы қызметте жүріп Сырдария өзені бойына егіс егу үшін канал қазуды жоспарлайды. Әуелі ел көп шоғырланған Сунақата аумағында халықты канал қазу жұмысына шоғырландырады. Одан әрі Төменарық аймағына канал қазуға кіріседі. Жер қазудың бәрі қол күшімен атқарылады. Ауданның 24 колхозынан жұмысшы қолы жиналады. Ұзындығы 20 шақырымнан асатын Сунақата каналы қазылады. Майдан даласында соғыс қалай жүріп жатса тылда құрылыс жұмысы сондай жанкештілікпен жүреді. Жұмыс қыстың қақаған аязында да тоқтамайды. Сунақата каналы қызылып біткеннен кейін «Көктас», «Күркіреуік», «Тайпақкөл» каналы қазылады.
Алпысыншы жылдардың бас кезінен бастап Түгіскен алқабын игеру мәселесі көтеріледі. 1966 жылдан бастап Зұлпыхар Мұсахановтың тікелей бастамасымен жоғалып кеткен ескі арнаның үстінен жаңа канал құрылысын салу басталып кетеді. Құрылыс жұмысы қысқа мерзімде аяқталып, 205 га күріш егіліп, оның әр гектарынан 40 центнерден өнім алынады. Штаб бастығы Зұлпыхар Мұсаханов каналдың ұзындығын 105 шақырымға созады. Осы маңда Келінтөбе, Түгіскен, Өзгент, 23 партсъезд. Задария совхозы бой көтеріп ашаршылықта үдере көшкен ағайын қайта атақонысын табады. 1965-80 жылдар аралығында ауданда 15 мың га жер инженерлік жүйеге келтіріледі. Сөйтіп, бір жылдың өзінде Отанға 600 мың центнер күріш тапсырылады.
Міне, Келінтөбе каналы іске қосылып, Түгіскен тыңы осылай игерілді.
Ол кісінің замандастары былай дейді:
«1969 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ауданымызға келді. КПСС-тің 23 сьезі атындағы кеңшардың егістік алқабын аралайды. Жанында облыстық партия комитетінің бірінші секретары Исатай Әбдікерімов, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Шаймерден Бәкіровтер бірге болды. Міне, осы келген сапарында Діммұхамед Ахметұлы Мұсахановты нұсқап:
«Мына сары бала су шаруашылығы министрі Сұлтан Сәрсенбаевты менің алдыма екі рет алып келді. Жаңақорғанның Түгіскен массивінде 220 мың гектардан астам 50 жылдан бері дүре тимеген тың жер бар, соны игеру керек деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр еді. Сөйтіп Түгіскен тыңын мемлекеттік жоспарға енгізген едік. Енд мына алқапты көріп таң қалып тұрмын. Мен мұндай болады деп ойламап едім» деп ризашылығын білдірген екен.
Зұлпыхар Мұсаханов 1946-1962 жылдары аудандық жер бөлімінің бастығы, 1962-66 жылдары Қармақшы, Шиелі ауданы ауылшаруашылығы басқармасының бастығы, аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1966 жылдан 1981 жылға дейін, яғни зейнетке шыққанға дейін Жаңақорған аудандық ауылшаруашылық басқармасының бастығы болып қызмет атқарды.
Еңбектері орынды бағаланып, «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері» атанды. Екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордені, бір рет «Құрмет» белгісі» орденін иеленді. Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі Құрмет грамотасымен үш рет марапатталды.
Соңында жары Күләш екеуі тәрбиелеп-жетілдірген ұл-қыздары қалды. 2014 жылы Зұлпыхар Мұсахановтың 100 жылдығына орай Жаңақорған ауданында республикалық деңгейде ғылыми-танымдық конференция өтті. Сол жылы ол кісі туралы «Өнегелі өмір» кітабы жарық көрді.
Рахат Мұсаханова,
Жаңақорған аудандық архиві қойма меңгерушісі