№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Әке

Менің әкем соғыс басталған жылы бір жасын үлкейтіп “1923 жылы 1 қаңтарда туылған” деп құжат жасатып, соғысқа кеткен. Екі рет соғысқа барып, жеті жерден жараланып елге аман-есен келген. Жас кеуде кемтарлыққа көнбей дәрігердің қағазын жарияға жар етпеген. Жұрттың әкесінен ерекше ештеңесі жоқ, бар жоғы 4 кластық білім алған. Дәрежелі орынтақты меншіктенген емес. Ең арғысы соғыстан алған медальдарын кеудесіне тағып суретке де түспепті. Ол медальдарды мен тағып алушы едім. 10 жасар кезім болу керек, көктем айы, әкем төсіме 5-6 медальды тағып берді, аулада ойнап жүрген едім, көршіміз Тасболат деген кісі “Әй мына бала соғысқа барып, ерлік жасапты ғой” - деді. Әкем күліп “Тәке атқан оқ бос кетті ме, біреуді жаралады ма, біреуді өлтірді ме, бір құдайға аян ғой” - еді. “Біреуді өлтірді ме” деген сөз қорқынышты естілді. Содан кейін сол медальдарды тағып ойнаған емеспін. Кейін сол медальдар әжемнің шашбауынан орын алған. Әкемнің құжаттарын №53 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Асқар ағай естеліктерімен қоса жинап, мұражайға қоямыз деп алып кеткен еді.
Кейде әке туралы, ана туралы жазылған керемет теңеулерді көзім шалып ойға батамын. Әкемнің өсиеттері өмірімнің арқауы десем де болады. Ата-анамыз екі ұл, төрт қыз тәрбиеледі, оқытты, үйдің қасына бау екті. Ол кезде барлық отбасында бау егу дәстүрі бар еді. Көктемде бақшалықты күту, арығын тазалау,т.б жұмыстарды атқаратынбыз. Оныншыда оқитын кезім. Мамыр айының іші, әкем баудың ішінде отыр екен. Бір жерге тесіліп қарап, анда-санда басын изеп қояды. Бір кезде ішкі ойымен толқып кетті ме, көзін сүрткендей болды. "Шүкір, шүкір" деген сөзінен басқаны естімедім. Мені байқап қасына шақырып оны-мұны тапсырмалар берді Өзіне сұраулы жүзбен дағдарған жағдайымды байқап:
Өмірде не ауыр екенін білесің бе? - деді. Мен үнсіз тұрып иығымды көтердім. "Адам болу қиын" - деді ол кісі. Мен не көрмедім, жоқшылықты, ашаршылықты, жетімдікті, соғысты көрдім. Тірі қалдым ғой, шүкір, сендерді көрдім, өсірдім, соған шүкіршілік айтып отырмын. Адам – мәңгілік емес. Мені ұмытсаң да, Құдайды ұмытпа!" деді. Осы күні ойлаймын, әкесін ұмытатын бала бола ма?
Әкем дүниеден өткенде ішім қан жылап, қайғысы қабырғама қатты батты. Көпшілік жерге барсам қорғансыз адамдай сол көпшіліктің ішінен әкемді көріп қалатындай елеңдеп көпке дейін іздеп жүрдім. Бірақ таба алмадым, әкемнің кейпіне ұқсайтын адам көрсем көзімді алмай тұрып қалушы едім. Әлі де сондаймын. "Мені ұмытсаң да, Құдайды ұмытпа" деген сөзі менің бойымды тік ұстауға күш беріп келеді. Бүгінде жасым алпыстан асты, әкем тірі болғанда биыл 100 жасқа толады екен. Әкемнің сұрағына жауап іздегенде Дж Румидің жазбасынан мына жолдар ойға келеді:
"Мен көп адамды кездестірдім киімі жоқ,
Мен көп киімді көрдім ішінде адамы жоқ.
Мен құдайды іздедім, өзімді ғана таптым.
Мен өзімді іздедім, құдайды ғана таптым".
Қазақ әдебиетіне Моңғолиядан келген Алтыншапақ Хаутай деген жас
қыздың өлең топтамасында: "қыры сынбаған киім көрдім, кісі көрмедім ішінен" деген өлең жолдары бар екен.
Ойланып қалдым. Өмірде әке мен ананың орны бөлек қой. Адам есейген
сайын әр сөзі жаныңда жаңғырып тұрады екен. Содан ба, Ақберен Елгезектің өлеңінің соңғы шумағындағы мына сөздерді ішімнен қайталай беремін:
Бір үмітті іздеймін бекер күннен,
Өлең жаздым, ал сонда өтелді нем?
Нәрестенің иісін аңсап жүрмін,
Әлде,қатты сағындым Әкемді мен?
Алтынбай Мұстапаев
05 мамыр 2024 ж. 315 0