ҒЫЛЫМДА ОРНЫ БАР ҒАЛЫМ
Қазақ әдебиетінің қалыптасу және даму тарихын зерттеуде елеулі қолтаңбасы бар ғалым Болат Сағынбекұлының туған жері – киелі Төменарық ауылы. Осындағы орта мектепте білім алып жүрген оқушы кезінен-ақ Болаттың жазу өнеріне жақындығы танылып, өлеңдері аудандық төл басылым – «Жаңақорған тынысы» газетінде жарияланып тұрды. Осы жолды өмірлік мақсат еткен ол 1985 жылы КазГУ-дің филология факультетіне оқуға түсті. Ауыз әдебиетінің тынысын ашуда тың тақырыптарға түрен салып келе жатқан ғалымның алпыс жылдық ғұмырында шыққан асуы биік. Жерлесіміздің мерейтойы қарсаңында әріптесі М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты Қолжазба және текстлогия орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Жұмашай Рақыштың мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.
1990 жылы фольклортанушы ғалым, ұстазымыз Шәкір Ыбыраев ғылымға икемі бар ҚазМУ-дің бес-алты түлегін институтқа қалдыруды көздеді. Әрине, ол кез қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың өте қиын, айлықтың шайлыққа жетпейтін кезі еді. Ал сол жігіттердің көпшілігі қаржылық қиындықтың салдарынан ғылым жолында тұрақтай алмай, басқа салаға кетті. Шыдас берген жалғыз Болат болды. Болат Шәмшидин ағай екеуі Өзбекстандағы Гүлістан қаласындағы жоғары оқу орнына барып, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Кейін Түркістан қаласында жаңадан құрылған оқу орны Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде ұстаздық етті. Әйтсе де, Болат әдебиеттану ғылымының қара шаңырағы М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтынан еш қол үзбеді. Ғылыми жұмысының тақырыбы институттың ғылыми кеңесінде бекіді. Институт жанындағы Диссертациялық кеңестің шешімімен ғылым кандидаты атанды, ғылыми жобаларға қатысып, Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында дайындалған бірнеше ұжымдық монографиялардың жекелеген тарауларын жазды.
«Шора батыр» жыры жөніндегі зерттеуі Болаттың ғылым жолындағы алғашқы ізденісі және нық қадамы болды. Ол ғылыми жұмысын жазу барысында жанкештілікпен еңбек етті. Себебі, бір ғана батырлық жыр жөнінде екі диссертациялық жұмыс институттың ғылыми кеңесінде 1998 жылы бір мезгілде талқылауға түсті. Болат «Шора батыр» эпосы және оның ұлттық варианттары (генезис, тұтастану, тарихилық мәселелері)» тақырыбында қорғады. Ал Амангелді Мамытовтың тақырыбы «Шора батыр» жырының поэтикасы» еді.
Жырдың тарихи негізін дәлелдеу мақсатында Болат Сағынбекұлы Мәскеу, Тәшкент, Қазан, Алматы архивтері мен кітапхана қорларында терең ізденіп, тер төкті. «Шора батыр» тақырыбындағы кандидаттық диссертациялық жұмысын сәтті қорғады. Ғылыми жетекшісі академик Рахманқұл Бердібай оның ізденісін «докторлық дәрежеде жазылған жұмыс» деп жоғары бағалады.
Ол кеңес кезеңінде зерттеу түгілі, аты мүлде аталмайтын аталмыш жырдың ұлттық нұсқаларын текстологиялық және типологиялық жағынан алғаш рет салыстыра зерттеді. Мәтіндік айырымдарды сюжеттер мен мотивтер бойынша кесте түрінде нақты көрсетті. Мен «Қамбар батыр» жырын зерттеуде осы кестені басшылыққа алдым.
Болат «Бабалар сөзі» көптомдық жинағының «Шора батыр» батырлық жырына арналған 7-томын (2002) құрастырып, ғылыми түсініктерін жазды. Жинаққа жырдың 1884 жылы араб әрпінде жарияланған «Қисса-и Нәріктің ұғлы Шора батыр», Қазан төңкерісінен кейін «Ер Шора» деген атпен жарияланған нұсқасы мен бұрын еш жерде жарияланбаған «Ертедегі Шора батыр», «Қисса Нәрікбай, Шора» нұсқалары енді. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында дайындалған «Бабалар сөзі» 100 томдығының 45-томы (2006), Түркияда Анкара қаласында жарық көрген «Қазақ дастандары» жинағының 5-томы (2010) «Шора батыр» жырына арналды.
Сонымен қатар Болаттың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосындағы типологиялық сарындар», «Едіге батыр» эпосындағы рухани рәміздер герменевтикасы», «Алпамыс батырдың» қазақ және қарақалпақ нұсқалары» деген ғылыми еңбектері эпостанушының жан-жақты қарымдылығын танытты.
Профессор Тұрсынбек Кәкішевтің авторлық ауыз әдебиеті мен ақындар шығармашылығын зерттеу жайын сөз еткенде: «Ақынды сол өңірде туып-өскен, ақын жыры туғаннан құлағына сіңісті болған ізденуші зерттесе, құба-құп» дейтіні еске түседі. Оңтүстіктің тумасы Болат «Түркістан атырабындағы жыршылық мектеп», «Құлыншақ ақынның жыршылық өнері жайында», «Айтыс үлгісіндегі қазақ өлеңдері: генезисі мен поэтикасы», «Ақын Балмағамбет Балқыбайұлының әдеби мұрасы», «Құлыншақ Кемелұлының жыршылығы туралы жанама деректер» атты ғылыми еңбектер жазды.
Сондай-ақ ғалымның отандық ғылымдағы тұлғатану саласында «Б.Кенжебаев – эпостанушы», «Ахмет Байтұрсынұлының қаһармандық эпос жөніндегі теориялық ойлары», «С.Мұқановтың қаһармандық эпосқа қатысты еңбектері», «Мұқаң және «Шора батыр» жыры», «Халық поэзиясының білгірі», «Біз таныған Рахаң», «Қазақ эпостануының сарабдал сардары», «Ә.Қоңыратбаевтың «Алпамыс батыр» жырына қатысты еңбектері», «Ш.Құдайбердіұлының әдебиеттанушылық ойлары» т.б. еңбектері бар.
Түркістаннан шыққан ғұлама, ислам уағызшысы, сопылық ақын мұрасының фольклорға қатысы жөнінде «Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметі» және қазақ фольклоры» (2011, 2012) монографиясы, «Қожа Ахмет Ясауи есімімен байланысты аңыз, әпсана, хикаялар» жинағы (2009, 2011), «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі» анықтамалық кітабы (2009, авторлармен бірге) жарық көрген еңбектері де көп ізденістен туғандығының айқын көрінісі.
Болаттың түрік ғалымы Кенан Коч және Алмагүл Исинамен бірге жазған «Қазақ әдебиеті» (2007 жыл) оқулығы да осы саладағы ізденушілер мен шәкірттердің таным көкжиегін кеңейтті. Қазақ фольклоры мен кеңес кезеңіндегі қазақ әдебиеті туралы екі бөлімнен тұратын бұл еңбек Стамбул қаласында жарық көрді.
2014 жылы «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Шора батыр» монографиясы біздің институттың ғылыми кеңесінде талқыланып, баспаға ұсынылды. Кітаптың қолжазбасын оқып, сарапшы ретінде Болат Қорғанбековтің зерттеу еңбегін жоғары бағалап, баспадан жарыққа шығуын қуаттадық.
Сондай-ақ Болат фольклортанушы Тоқтар Әлбеков, Қарашаш Алпысбаева, Жұмашай Рақыш жетекшілігімен орындалған ғылыми жобалар аясында М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында дайындалған бірнеше ұжымдық монографияларға жекелеген тараулар мен мақалалар жазды. Атап айтқанда, «Қазақ текстологиясы: эпостық жырларды мерзімдеу (датировка) мәселелері» (2017), «Қазақ фольклортануының терминдер сөздігі» (2020), «Қазақ батырлық жырларының типологиясы» (баспада).
Үнемі ізденісте жүретін ғалым қазақ фольклорының тарихилығы мәселесіне арналған «Халық әдебиетіндегі тарих көріністері» ұжымдық монографияның 1-томына (2016) «Шора батыр» жырының тарихилығы» деген тақырыпта тарау жазды. Бұл еңбегінде Ноғайлы дәуіріндегі нақты тарихи оқиғалардың шындығы мен жырдағы көркемделген баяны салыстырылып сараланды. Орыс жылнамаларындағы Чора Нариковичтің бейнесі мен эпос қаһарманының арасындағы айырмашылық зерделеді. Жырдың қазақ және ноғай, қырым-татар, татар, башқұрт, чуваш ұлттық нұсқаларындағы Қазан хандығына қатысты тарихи шындық белгілері көрсетіліп, тарихи деректермен дәлелденді.
Қазір Гумилев атындағы Еуразия университеті мен біздің институт арасында тығыз ғылыми байланыс бар. Ал ғалым Болат Қорғанбеков өзінің магистрант шәкірттерін Алматыдағы қолжазба қорларында жұмыс істеу үшін ғылыми тағылымдамаға үнемі жіберіп отырады. Ол ғылыми ізденісті Қолжазба қорында көне қолжазбалармен жұмыс істеуден бастау керектігін жас зерттеушілердің зердесіне ұдайы сіңіріп келеді.
Ал бүгін мерейлі 60 жасқа толып отырған әріптесіміз профессор Болат Сағынбекұлы Қорғанбековтың әлі де фольклортану саласында байыпты зерттеулер береріне бек сенеміз. Өйткені оның ғылыми жұмыстарының бағыты сан-салалы: фольклортану, эпостану, Түркістан атырабындағы жыршылық өнер, Ясауитану, сопылық әдебиет. Ал қашан да ізденісі жоғары ғалымның ғылыми ортаға берері де мол болатыны түсінікті.