Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Артық білім – кітапта

Артық білім – кітапта


Жақсы жазатын қаламгердің шығармасы оқылып қана қоймайды, одан қалса, сізді жақсы сөйлеуге үйретеді. Кітап оқыған сайын жан-дүниеміз тазарып, рухани кемелденетіміз анық. Сондай кітаптардың бірі, Ілияс Есенберлиннің “Ғашықтар” романы.


«Махаббат деген қасиетті күш. Дүниеде махаббат болмаса, қуаныш пен қайғының, бақыт пен бақытсыздықтың не екенін білмей өтер ме едік» деп жазды Ілияс Есенберлин. Ол махаббат тақырыбында 5 бірдей роман жазған кісі. Солардың бірі – «Ғашықтар». Елу жылдан артық кітап сүйер қауымның қолынан түспеген туындының өміршеңдігі іңкәр сезімді шынайы баяндауында болса керек.
Алғашында ақын ретінде танылған Ілияс Есенберлинннің 1968 жылы «Ғашықтар» романы жарық көреді. Адамның жан күйзелісі мен тән күйзелісі қатар сипатталатын туынды, бас кейіпкер Жантастың өз өмірін баяндауымен басталады. Ел аузында «қара кемпір» деп аталып кеткен әжесіне деген риясыз көңілі мен құрметін білдіреді. Оған себеп те бар. Жастайынан ата-анасынан айырылған Жантас пен қарындасы Базаркүл әжесінің қолында өседі. Көп ұзамай қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген әжесі де өмірден өтеді. Сол сәттен бастап Жантастың жауапкершілігі де арта түседі. Балалық дәуірден ересек шаққа өтеді. Қарындасы Базаркүлге өзі ғана жауапты әрі қамқор екенін сезінеді.
Үш кейіпкермен басталған шығарма өзге де кейіпкерлермен толығады. Ғашықтар хикаясында жазушы көп мәселеге қозғау салады. Романның кемшілігі – оның бітпегендей әсер етуі. Туындыны оқыған әрбір оқырман «Мен ғашықтық сыннан өте алар ма едім» деген сұрақты өзіне қояды. Себебі «Ғашықтар» романы адамға терең ой салады. Автор кейіпкер арқылы көпшілікке сезімге селкеу түсірмеуді, махаббатсыз дүниенің бос екендігін баяндайды. Тәрбиелік мағынасы да зор. Себебі жазушы жігіттерді көрсеқызар болмауға шақырса, қыздарға тән сұлулығынан бұрын, жан сұлулығының маңызды екендігін түсіндіреді. Романда Жантастың тағдырын өзгерткен кейіпкердің бірі – Аяужан. Ол Базаркүлдің құрбысы, Жантастың бала күнгі махаббаты. Автор Аяужанды романда қайсар мінезді, өжет қыз ретінде сипаттайды. Құрылысшы қыз Жантастың жүрегін адалдығымен, мөлдір махаббатымен өзіне баурап алады. Үйленіп, отау құруға он күн қалғанда, тағдыр оларды сынға алады. Құрылысшы қыз краннан құлап, төсек тартып жатып қалады. Міне, осы қиыншылық арқылы екеуінің махаббаты сынға түседі.
Ғашықтық, махаббат сынынан сүрінбей өткен Жантас пен Аяужанның махаббатын сипаттап, қиыншылықты еңсерген адал сезімді жырлаған шығарма жарты ғасыр өтсе де өзінің өзектілігін жоғалтпады. Автордың оқырман алдындағы үлкен миссиясы да осы ұлы сезімді ардақтау еді. Роман құнарлы тіл, орамды сөзімен де оқырманды жалықтырмайды.
Ілияс Есенберлин «Ғашықтар» романын Жантастың мына бір сөзімен аяқтайды: – «Мына өмірде ғашықтық сыннан өтетін сын бар ма?!». Расында да екі адам арасындағы ғашықтық – ұлы сезім – махаббат, сүйіспеншіліктен артық сезім жоқ секілді...

Сексенбай Мерей,
Қорқыт Ата Университетінің 3 курс студенті

05 мамыр 2024 ж. 530 0