№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Өнеге өлмейді...

– Үйде атаң бар ма? – деген дауысқа бұрылдым. Үстінде желбегей шапаны бар, көрші  Оспан  көкеміз есік алдына кеп қалыпты. Атам Есмахан үйде болатын.
– Атам үйде, – дедім есік алдында тұрған достарыма асығып.
Менің нағашы атам Есмахан бізбен тұратын. Менің шешем Мереке Есмаханның жалғыз қызы еді. Оспан көке үйге кірді. Анам далаға самаурынын алып шықты. 
Балалар ойыннан қол босаған сәтте, біздің үйге жақын, орталықта орналасқан  қырманға барып, үлкендердің қырмандағы қызу еңбек күнін тамашалаймыз, «барып кел, шауып кел» деген майда жұмысына да жүгіріп кетеміз. Науқан кезіндегі жұмыстарға аға-апаларымызға еріп, кейде бидай тазаласып, күзде қырманға түскен жүгері собығын аршу жұмысына көмек беретінбіз.
 Сосынғы барар жеріміз ауылдағы жалғыз кітапхана болатын. Кітапхана үйі ферма кеңсесіне жапсарлас салынған кең екі бөлмелі үйде орналасқан.
Кітапханашы Шарипа апайға бұрын алған кітаптарымызды өткізіп, жаңа кітаптар аламыз. Кітапхана біздің үйге жақын.
Екі қария өзара әңгімеге кіріскенде, мен де көп ұзамай үйге оралдым. Келсем, атамдар қызу әңгімеге кірісіп кеткен екен.
Баламыз ғой, әкелген жаңа кітапты қолыма ақтарып, оқуға кірістім. Бірақ, үлкендердің шаруашылық жайлы әңгімелері ойымды бөле берді. Аядай үйде бәрі естіліп тұр.
– Күн жылынды, жаз да басталды. Ферма бастығы Алтынбекке бардым (Алтынбек Нұржігітовты айтып тұр). Совхоздың құрылысшыларын мына «Жиенбайға» жіберіп, қыстай отырар үйімізді күрделі жөндеуден өткізіп берсе деп барғанмын.
– Алтынбекке жолықтың ба? Ол кісінің де қыруар жұмысы бар, шаруашылықты аралап кетіп қалады ғой! – деді атам.
– Иә, жолықтым! Іскер азамат қой, бір сөзге келген жоқ. «Шопандардың үйін күрделі жөндеуден өткізу ойымда жүр еді, онда осы жетіде құрылыс бригадасын сізге жіберемін. Не керегін айтыңыз, сіз таудан төмен түсемін дегенше, үйіңіз толық жөндеуден өтеді», – деді Алтекең, – деп еске алды шопан көкем.
– Аяғым ауырып, соңғы кездері мазамды алып жүр, – деді көрші көкем сөз арасында.
– Е,соғыстың зардабы ғой! – деді атам қабағын кірбің шалып.
– Анау Бибіш келінге барып, қаран.
– Оған уақыт жоқ, алдымда совхоздың бір қора малы бар, жауапкершілікті қайтемін? Аманатқа қиянат жүрмейді. Одан арғы әңгіме күнделікті күйбең тірлікке ауысты.
Екі қария түскі шәйді терлеп-тепшіп, сары самаурындағы суды тауысып ішіп, әңгімелері жарасым тауып, тарасты. Оспан көкеміздің ауылдағы үйі бізбен көршілес. Ұлы Серік пен қызы Пернекүл менімен қатарлас-бірге ойнаймыз. Серік тұйықтау, сабырлы, ал, Пернекүл қолдыаяққа тұрмайтын, пысық, елгезек қыз болатын. Күнде үйге ойнауға ол келеді немесе мен барамын. Қуыршақ деген ол кезде қайдан болсын, қуыршақты да, допты да қолдан жасап, ойнайтынбыз.
 Бірде сабақтан келсем, үйде атамның жанында Оспан көкем отыр екен. Әңгіме ауаны сонау бір сұрапыл соғыс жылдары сияқты.
– Е, сол соғыста бірнеше рет жараландым, елді көру бұйырған екен, «кебін киген келмейді,кебенек киген келеді» деген, аман оралдық қой. Біз көрген сұрапылды мына балалар көрмесін, – деген көршіге атам:
– Соғыстан келгеннен кейін, мына шаруашылықтың тасын өрге домалатып, мал басын көбейтіп, елге аз пайдаң тиіп жатқан жоқ. Ел алдындағы абыройың жаман емес, ағайын арасын тату ұстап, ел ағасы міндетіңді абыроймен атқарып келесің, аман бол! – деді атам.
Қосүйеңкі деген аядай ауылда өткен ғасырдың 60-70 жылдары көрші отырып, аралас-құралас болған, еңбек және соғыс ардагері Оспан қарияның елге сіңірген еңбегі аз емес еді. 
Оспан Дулатбаев 1913 жылы Жаңақорған ауданы, Талдысу елді мекенінде дүниеге келеді. Кеңес үкіметі орнап, колхоздастыру жүмысына араласады. Колхозшы боп, шаруашылық қайда жұмсаса да барып, түрлі жұмыстарға белсене араласады. Ашаршылықтың дәмін татады.
Көп ұзамай, алдына бір отар мал алып, шопан таяғын қолына ұстайды.
Ел еңсесін енді тіктеп, социалистік кезеңнің бесжылдық тапсырмаларын орындап жүрген кезеңде,Ұлы Отан соғысы басталады.
Ел қатарлы Отан қорғау үшін аудандық комиссариаттан шақырту алған Оспан Дулатбаев  1942 жылдың шілде айында Ұлы Отан соғысына аттанады .Көп ұзамай, №228 атқыштар полкінің құрамында ант қабылдап, соғыс тәсіліне тез арада дайындалып, сұрапыл соғысқа кіреді. 1943 жылдан бастап 228 артиллелиялық атқыштар полкінде минометчик болып ,жау бекіністеріне аямай соққы береді. Майдан даласында жауды түре қуып, жаралы достарын от пен оқтың ортасынан алып шығады.Сол соғыстың бел ортасында жүріп, 1942-1943 жылдары екі мәрте аяғынан, 1944 жылы наурыз айында басынан жарақат алады. Дала госпиталінен ем алған Оспан көке елге қайтуға мүмкіндігі болса да,майданның алғы шебінде Отан қорғау жолындағы жауынгерлік жорығын жалғастыра береді.
Ұлы Отан соғысын 1945 жылы қараша айында Германияда аяқтайды. Германияның Кенигсберг қаласын жаудан азат ету соғысына қатысады. Бұл – ең қиын, тарихтағы  ең ауыр шайқастардың бірі ретінде мәңгі есте қалған шайқастардың бірі еді.
Шығыс Пруссия жері атанған – Кенигсберг Германияның алдыңғы қатарлы ең мықты, стратегиялық маңызы зор, ірі сауда және әскери орталық болған он ірі қаласының бірі еді.Мұндағы халықтың дені еврейлер, поляктар, литвандар болатын.Бұл қала үшін неміс фашистері соңғы тамшы қаны қалғанша аямай шайқасты,Бірақ,Кеңес әскерінің тегеурінді күшіне төтеп бере алмаған фашистер, 1945 жылы сәуір айында жеңілу жайлы шартқа қолдарын қойды.Осындағы көрсеткен ерен ерлігіне «Талдысулық» Дулатбаев Оспан «Кенигсбергті азат еткені үшін» медалымен марапатталған еді.
Сондай-ақ, төрт жылдай соғыс өртінің ортасында жүрген, Отан қорғауда көрсеткен ерен ерліктері үшінОспан Дулатбаев «1-дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «За боевую отвагу» медалімен марапатталған. 1945 жылдың соңында Ұлы жеңіспен елге оралады.
Соғыстан кейінгі жылдары шағын колхоздарды біріктіріп жатқан тұста Талдысу мен Ынтымақты біріктіріп,»Бірлік» совхозының № 3 фермасы болып, қайта құрылады.
Соғыстан оралған Оспан Дулатбаев сол өзі өсіп өнген «Бірлік» совхозының №3 фермасында қайтадан мал шаруашылығын қолға алады.Шаруашылықтың өркендеуіне үлес қосып,озат шопан атанады.Межелі төлін мемлекетке жыл сайын артығымен беріп, мақтаулы шопан әріптестері арасында зор беделге ие болады.
Оспан көкеміз үш әйел алған, он бала көрген. Үлкен әйелі-Тынымкүл апа шопан көмекшісі, ақылды,сабырлы,абыройлы жан колхоз жұмысына белсене араласқан,екінші әйелі Малқарова ДарихаКеңес Одағы Коммунистік партиясының қатарына 1942 жылы қабылданған, »Талдысу» аулының басқарма басшысы,коммунист, ерен еңбегімен елге сыйлы,ел анасы атанған. Ұзақ жылғы шаруашылық саласының әртүрлі жұмыстарында жүрген Дариха анамыз СССР Жоғарғы Кеңесінің «Владимир Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай»» берілген мерейтойлық медалімен марапатталады. Кіші әйелі-Закира –үй шаруасындағы әйел, бала тәрбиесімен айналысқан,кейіннен көшіп барған «Түгіскен» кеңшарында орта мектепте еден жуушы боп еңбек етіп, сол білім ошағынан зейнетке шығады.
Оспан көкеден тараған он бала осы  үш ананың қамқорлығын көріп, еркін өседі.
Өзі туып-өскен Қосүйеңкі елді мекенінде еңбегінің ұзақ жылғы нәтижесін көріп, зейнеткерлікке шығады.
Оспан Дулатбаевтың өмірінің кейінгі жылдары, яғни,1973 жылдан бастап Сыр бойынан жаңадан ашылған Түгіскен массивінде ағайын-туыстарымен көшіп барып, ақылман, батагөй қария боп өтеді. Тың жерлерді игеру мақсатында ашылған жаңа шаруашылықта да зейнетке шыққан Оспан қарт әулет басшысы, мұнда да ағайыннан қолдан келген көмегін аямай, сөз жәрдемімен ақыл-кеңесін үзбей айтып, отырады.
Оспан балалары Сейдін марқұм кезінде Түгіскен кеңшарының мақтаулы механизаторының бірі болса, Серігі Алматыдағы Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтының зооинженерлік факультетіне түсіп, оны 1982 жылы бітірді. Жоғарғы оқу орнын бітіріп келгеннен кейін  аудан шаруашылықтарының түрлі саласында еңбек етеді.
Бұл күндері аудандық әскери комиссариатта абыройлы қызметтік жолын жалғастыруда, Оспан көкенің қызы Пернекүл – Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында тұрады. Пернекүлден кейін өмірге келген Ертай, Ердәулет, Байдәулет, Құттықыз, Тәттігүл, Айгүл, Марат есімді ұл-қыздары өмірден өз орнын тапты.
Бұл күндері қазыналы қариядан негіз алатын немерелері елдің әр түкпірінде еңбек етіп жүр.
Оспан көкеміз 10 ұл-қыз өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, 1992 жылы өмірден өтті. Өзі ел арасынан таңдап жүріп алған, іскер, ауыл басшысы атанған Дариха анамыз 1997 жылы, ал, Оспан көке қырық алты жасқа келіп, жиырма жасында жастай алған кіші анамыз Закира 2015 жылы бақилық болып,арулап, жерленген еді.
Бар ғұмырын бейбіт елдің көркеюіне, ұрпақтарының тыныш өмір сүру салтына арнаған Оспан Дулатбаевтың артында елге сіңірген орасан еңбегі қалды. Ол ұрпақтар көкейінен ұмытылмақ емес.
Мағираш ТҰРСЫНОВА,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі,
18 ақпан 2024 ж. 285 0