Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қыз қылығымен ардақты

Қыз қылығымен ардақты

Ата-бабаларымыз әлемдегі сұлулықтың көркем үлгісін ару қыздың тал бойынан көруді көксеген. Қыр гүліне тән нәзіктік пен батылдық бір бойына жарасқан қазақтың қызының бейнесін жазушыларымыз шығармасына арқау етсе, ақындарымыз өлең өрнектерімен көмкерген. Қазақ қызының бойындағы ерлігі, тапқырлығы, төзімділігі, қайраттылығы талай әндерге де арқау болған. Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Балуан Шолақ, Естай сынды тарихи тұлғалар қазақ қыздарының парасаттылығын дәріптеумен өткен.

  Қазақ қызы қажет жерде батыр да, қамқоршы да бола алатын-ды. Жоңғар шапқыншылығы кезеңіндегі және Ұлы Отан соғысы кезіндегі қазақ қыздарының ерлігін атап айта аламыз. Қазақ қызы ерін де сыйлап, ел болашағы болатын ұл-қызын да тәрбиелеп, басқа шаруаларына да үлгереді. Қазақ қызы, әйел заты сонысымен мықты. Тіпті бүкіл ұлтты өзінің шығармашылығымен, жыр-жолдарымен тәнті еткен, тәрбиелеген һәкім Абай атамыздың өзі әжесінің тәрбиесінде өскен. Қазақтың бетке ұстар атпалдай азаматтарының барлығы анадан жаралып, тәрбие алған. Осыдан-ақ қазақ қыздарының табиғаты қандай ерекше екенін аңғаруға болады.

Ата-ана қыздарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіруді парыз деп санаған. Қыздың ар-ұяты сақшысы бәріне қарауыл болып, атаананы жерге қаратпаған. Ал, қазір осы ұстанымнан көп алшақтап кеттік. Қыздарының белі бесіктен шықпай жатып, ашық-шашық киіндіріп, сән қудырып, мектеп табалдырығын аттағаннан-ақ сәнқой болып шыға келеді. Сонымен қатар, қыз-келіншектеріміздің арақ ішіп, темекі тартуы – бұл үлкен қасірет. Өйткені, ана сүтімен, балаға дарыған жағымсыз қасиеттен ұрпағымыз уланары жасырын емес. Әйел болудың, ана болудың Алланың сыйлаған баға жетпес бақыт екенін қаркөздеріміз қашан түсінер екен?

Бүгінгі қызғалдақ қыздарымыз – ертеңгі ибалы да инабатты келін, болашақ ана, салиқалы әже болары табиғат заңдылығы. Сондықтан ата-бабамыз қызға қырық үйден тыйым салып, көзінен таса қалдырмай, тәрбиесіне үлкен мән берген.

Әйел – шаңырақтың құты, бағы мен берекесі, отбасының ұйытқысы, тұрмыстың сәні мен салтанаты. Дүниедегі мейірім мен махаббат ана сүтінен дарып, әйел жүрегіне ұялаған дейді. Бірақ, бүгінгідей жалаңаштанып, нәзік жандарға үйлеспейтін қылығымен көзге түскен қаракөздерге, қазақ қыздарының болмысына көлеңке түскенін мойындағандай боламыз. «Әкенің сөзі – оқ» деуші еді, біздің қоғамда бұл сөздің мәні де, қадір-қасиеті де қалмаған-ау шамасы. Қазақ қыздарының ішкі жан дүниесінің сұлулығына, мәдениеттілігіне, әдептілігіне өзге жұрттар таңдай қағып қарап, өздеріне үлгі етер күн қашан туады екен.

Тарих беттерін парақтайтын болсақ, бұрынғы ғасырларда өмір сүрген текті аналар мен әйел адамдардың есімдері еріксіз ойға оралады. Ел билеген Томиристің ақылдылығы, Домалақ ананың әулиелігі, батырлығы баршаға аян. Ұлы Отан соғысында қазақ қыздарының ішінен Әлия мен Мәншүктің «Шығыстың қос жұлдызы» ретінде мәңгі жарқырап қалуы тегіне тартқандықтың белгісі болса керек. Ал бүгін «Бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербететін» қаракөздердің, өз отбасыларын тастап, өзгенің шаңырағына ойран салып, өзге еркектің етегіне жармасып, күн кешіп жатқандығы қандай қайрат. Ата-бабаларымыз «тіршіліктің бастауын – әйел» деп санаған. Ғабит Мүсірепов айтқандай, «Ең жаман деген әйелдің қолынан адам жасау келеді» деген, бірақ бүгінгідей қыздарымыздың ұсақталып жатқанына қарап, бұлай ойламақ түгілі сенгің де келмейді. Батырлық пен қайраттылықты өн бойына қатар жинап, биязылығымен өзін бағалата білер қазақ қызының таза да тұнық болмысы – тектілігіміздің айнасы. Сондықтан да қыздарымыз қоғамдағы алатын өз орнын біліп, көңілге қаяу түсірмесе екен дейміз.

Қазақ қызы-ұлтымыздың тірегі, жүрегі. Қазақта «қызды тәрбиелегенің, бүтіндей ұлтты тәрбилегенің» деген сөз бар. Бұл сөздер қазақ үшін ең басты байлық, ең басты құндылықтың бірі және бірегейі қазақ қызы екенін аңғартып тұр.

Аружан Ержанқызы
01 ақпан 2024 ж. 763 0