№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Қос мұңлық

     
Ертемен оянып алған Ақжарқын жүрегін езіп тұратын бір уайым бар бар. Басын жастыққа қойып, көзі ұйқыға кеткенде ғана бір пәс тынығатыны болмаса, ауыр ой құрсауынан босатпай жанын қинап жүр.
Ана жүрегі өмірдегі бары да, нары да, жалғыз ұлы Елжанының сырқаттанып жүргеніне қатты торығады. Жап-жас бозбаланы күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырған сырқаттың сырын түсіндіріп, түсін түстеп, атын атап берсе ем-домына әрекеттенер еді-ау. Бір ғажабы, талай дәрігердің алдын көріп, зертханалық тексеруден өткізгенімен пәлен науқас деген диагноз қойылған жоқ. Баласының дерттен аман шыққанына қуанады. Бірақ бас көтермей, сұлқ жата беруінің сырын білмей, жарқырап жүретін ұлының күннен-күнге солып бара жатқан жай-күйіне жаны күйзеледі.
Бір сәт өзінің өткеніне ой жіберіп қараса, қиындықтан көз ашпапты. Әкелері ертеректе сырқаттан көз жұмды. Үйдегілердің үлкені болғандықтан анасына жәрдемдесуге талпынды. Жақсы оқыды. ЖенПИ-ге өз күшімен оқуға түсті. Дипломын алып, елге кетемін деп тұрған кезінде осы қалада техникумда оқып жүрген ауылының баласы бас-көз жоқ алып қашады. Қанша еті тірі болса да сол үйде қалуға көнді. Елжаны өмірге келді. Зорлықпен болған дүниенің жарасып кетуі қиян екен, ақыры ажырасып тынды. Бұл ұлын құшақтап қалаға кетті. Нақ сол кездері нарықтық қатал заңы орнығып жатқан аласапыран шақта дипломы барлар да базар жағалап кеткен жоқ па? Бұл да майда-шүйде саудаға кірісті. Қала шетінен пәтер жалдады. Оныншыны бітірген екі сіңлісін де қолына алды. Тиыннан теңге құрап, таңды таңға ұрды. Негізі, саудада берекет бар. Бірте-бірте қолы жүре бастады. Ұлының да үлгілі ержетіп келе жатқаны жарым көңілге жұбаныш, соны жанына медет қылады. Әйтеуір алғы күнге үмітпен талпынады. Сол жолда шаршамайды, талмайды. Екі сіңлісі де колледжде оқып, бітірген соң бұған қолқанат болды. Мінезінің ашықтығы, тез тіл табысуы арқасында саудасының аясы кеңейді. Қытайға, Түркияға қатынап, тауар тасыды. Алғашында затын үйден сатса, кейін үлкен сауда үйлерінен арнайы орындар алды. Саудада адал әріптестік те-табыс көзі. Жанын салып еңбек еткен бауырларын ұйымдастырып, қаражат жинап, жер алды, үй салды. Өз қолы өз аузына жетіп, белгілі бизнесмен дәрежесіне жетті. Сіңлілерін құтты орнына қондырып, жасау-жабдығын берді. Бәрі де ойдағыдай еді. Тек соңғы кездегі ұлының басындағы беймәлім жағдай жанын қинайды.
Жалғыз ұлын жетелеп үлкен бір ілім иесінің алдына алып барған еді. Әлгі кісі баланың тамырын ұстады. Ешнәрсе демеді. Ішірткі жазып берді. Елжан сыртқа шығып кеткен соң бұған: Уайымдама, балаңның дені сау, – деді. – Бірақ, – деп аз-кем тосылды. Баланың көңілінде құса бар. Құса шайылғанда бала да ойдан құлан-таза айығады.
Рульге өзі отырып, баласын жанына отырғызған Ақжарқын жол бойы қалың ойда болды. Ол қандай құса? Осы балаға біреулер әлімжеттік жасап жүрген жоқ па? Не де болса ашық сөйлеспекке бекінді.
Түстен кейін өзіне қарайтын сауда нүктелерін бір тексеріп, бірсыпыра тапсырмаларын беріп, үйге оралған еді. Диванға қисайған күйі ұйықтап кетіпті. Тоңазығандай болған соң оянып кеткен екен. Сағат тілі түнгі 1-ді көрсетіп тұр. Орнынан тұрып баласының жатын бөлмесін сығалады. Терезеден түскен көше жарығы бөлмені самаладай етіп тұр. Ұлы жатып қалыпты. Үйге қашан кіргенін де сезбепті.
Жанына барып, төсегінің шетіне отырды. Бұл кезде ояу жатқан бала осы сәт сәби кезін есіне алды... Бірде пәтердің суықтығынан ба, ыстығы көтеріліп ауырып қалды. Күні бойы базарда тұратын анасы келді де от жақты. Содан соң мұны жанына отырып алақанын күйіп тұрған маңдайына, арқасына басты. Сол кездегі анасының жарылып кеткен алақаны нәзік терісіне тікедей болып тисе де жағымды жылу сүйек-сүйегінен өтіп қыбыр етпей жата берген. Басын анасының бауырына тығып, денесі жібіп, маңдайынан шып-шып тер шыққан. Ертесіне-ақ сергіп жазылып кетті. Адал нәпақа табу жолында тырбанған таза жүректі ананың аялы алақанының шипасы шығар бұл да.
Анасы нақ сол бала күніндегідей мұның шашынан, желкесінен аялай сипады. Бірақ ол кездегідей жырым-жырым алақан емес, жұп-жұмсақ, өзіне күтім жасайтын жанның тырнағын жылтырата сәндеп бояп қойған сүйріктей саусақтары бұған керісінше жат та салқын сезілді. Осы бір оқыс сезім батылдық бергендей басын жастықтан жұлып алып, анасының кезіне тіке қарады.
  • Мама, менің әкем қайда?
Ақжарқын бір сәт аңтарылып қалды. Бұл сұрақты бала кезінде де бір-екі рет қойған. Бірақ мұндай қиналған жоқ еді, үнсіз төмен қарады.
  • Менің әкем кім? Ол өзі өмірде бар ма, жоқ па, айтыңызшы?
Елжан әкесін бір рет те көрген емес. Кеш те болса ақылы кіріп, әкесінің соңдарынан іздеп келгені рас. Бірақ Ақжарқын екі рет келгенінде де құлдыраңдап ойнап жүрген баласын көрсетпей, үмітін мүлдем үзіп жіберген. Алимент алудан да бас тартқан. Өзім-ақ өсіріп, жетілдіремін деген сертіне жету үшін не қиындық көрсе де үгілмеуге, бүгілмеуге бел буған. Бірақ мұны баласына қалай айтады?
Басын көтеріп ұлының жүзіне қарады
  • Оны не істейсің, құлыным?
  • Әкем тірі болса іздеп табамын. Бір-ақ рет көрсем болды. Ертең үйлену тойыма келсе, ел-жұртын ертіп қатар толтырып отырса, маған бір-ақ ауыз тілегін айтса болды. Маған одан артық бақыттың керегі жоқ!
Соңғы кезде баласының жанын жегідей жеп жүрген дертінің сырын енді түсінді Ақжарқын. Бәріне өз еңбегіммен жеттім, барақатты ғұмыр кешіп жатырмын деп жүргені бекер екен. Перзентті бақытты ету қарнын тойдырумен, үлде мен бүлдеге ораумен, көлік пе, басқа ма, қалағанын алып берумен шектелмейді екен. Енді жетілдім бе, бауырларымды жеткіздім бе, жалғыз ұлымның басын екеу етіп, үй қылсам, міндетімнен құтыламын ғой, содан соң, мүмкін, менің де бақытым алда емес пе деп бәлекедей жаланып жүрген бәденді келіншек мынадай тығырыққа тірелем деп үш ұйықтаса ойламапты. «Жаппарқұлда жан бар ма» дегенді қазекем осындайда айтса керек. Бөлмеден жылыстап шығып, төсегіне барып жатқанымен түнімен көз іле алмаған Ақжарқын таңды дөңбекшіп әрең атырды. Тұра сала түнімен түйіп шыққан жоспарына кірісті. Әлдеқашан көзден кеткен соң көкейден ұмыт болуға айналған күйеуі Базарханды іздеуді бастады. Бұдан кейін үйленгенін, қызды болғанын бұрыннан білетін. Кейін бір мекемеде завхоз болып жүріп, істі болыпты, 5 жылға сотталыпты деп естиді. Одан түрмеде жүргенде әке-шешесі қайтыс болып, топырақ та сала алмапты, ойбай, несін айтасың, ол жоқта келіншегі біреумен әмпейлесіпті, түрмеден шыққан Базархан үйіне соқпай, қарашаңыраққа бұрылып, Құран оқытып, ауылдан кетіп қалыпты дегенді еміс-еміс естіген. Қазір қайда? Ауылдасы бар, танысы бар біраз адамның құлағын шулатып, бір дерек табуға тырысқан Ақжарқында тыным болмады. Оның түйсінгені, ана жүрек перзенті үшін отқа да, суға да түсуге дайын екен. Баяғы намысқойлығы, көкіректігі, өрлігі, өжеттігі, мықтылығы жайына қалды. Дәл қазір баласы үшін Базарханның алдына өзі барып, кешірім сұрап,жалынуға дайын. Тәңірім-ау, жалғыз ұлын жылатып қойып сүрген өмір құрысын, одан да ажал неге алып кетпейді?
Еңбегі еш кетпеді. Күйеуінің қазіргі жайы туралы нақты деректі тапты. Ақтау қаласында тұрады. Күләй деген әйелмен бас қосқан. Жеке дәмханасы бар екен. Оның да қай дәмхана екенін анықтады.
Ақжарқын келесі күні-ақ ұлын ертіп, жолға шығуға қамданды. Таяу сәттерде ұлымен кездесетінінен хабары жоқ Базархан болса бүгін ертелетіп жұмысына қарай беттеген. Көңіліне тоқ санайтын мәселе, таяуда ғана туған ауылына арнайылап барып, ата-анасына ас беріп қайтты. Бәрін өзі ұйымдастырып, қолмен қойғандай болған келіншегі Күләйға туған-туыстары да риза болысты. Өзінен екі-үш жас қана кішілігі бар Күләйдың бала көтермей жүрген айыбы болмаса, қолынан бәрі келеді. Өзі жасынан бауырларын оқытып, тұрмысқа да кеш шықты. Онда да Ақтаудың базарында кәсіп іздеп сабылып жүрген Базарханды тағдыры кездестірді. Жарасып, көңіл қосып, бірге өмір сүріп оншақты жылды да артқа тастапты. Екеуі бір-біріне сүйеу.
  • Сен ауырмашы, – деген бұл келіншегіне таңғы шәй үстінде, – Мені қайдам, денсаулығым сыр беріп жүр.
  • Қойшы, ауырмай тұра тұр, – деді келіншегі Күләй, – Мына үйді бітіріп алайық.
Кешегі айтқан келіншегінің осы сөзін көңіліне алып қалған Базархан төсегінен керенау оянды. Өзін-өзі зорлап, жұмысына шыққан соң да осы сөзді тағы есіне алды. Ал жарайды, үйімізді салып бітірдік делік. Сосын не қызық болады? Соншалықты жанығып, не үшін, кім үшін еңбектеніп жатырмыз өзі? «Бұған дейін де көргенім аз еме, ендігі ретте бұйырғанын белден кешіп, күліп-ойнағанға не жетсін» деген арзан алданышты қанағат тұтып, қамсыз жүрген жігіт ағасы өз мінезіне өзі түсінбей дал. Ата-анасына зиярат қылып, жаны жай табады ма десе, қайта өткеннің елесі ойды қозғап, бұдан есеп ала бастағандай ма, қалай? Әсілінде, еркекке елуге келгенде ес кіреді деген рас-та. Соңғы кезде Елжаны көп ойына келетін болды. Екі-үш күннен бері түсінен шықпай жүр. Қазір де көкірегін өксік пе, өкініш пе буып алғандай. Рас, кезінде жалған намыс, кесір-кесапатқа салынып, ешнәрсенің байыбына терең бойлатпаған мінездің жетегінде өмірден өзінше жол іздеп, бақыт табуға ұмтылды. Бірақ бейкүнә періште – Елжанның келешегін кесіп-пішіп, тағдырын тәлкек етуге кім құқық беріпті? Осыны неге ақылға салмаған? Оның тірі жетім болып, әркімге жәутеңдеп, шындықтың түбіне жете алмай, жарым көңілді болып ер жетуіне кім кінәлі? Осыны Ақжарқын екеуі ақыл таразысына салып, ойласып көруге бір рет те тәуекел етпегені қалай?
  •             *        **
Есікті сыбдырсыз ашып имене енген келіншектің бұған жатырқай да, таңырқай қараған жанарынан Ақжарқынды бірден таныған Базархан тілі байланғандай мелшейіп отырып қалды. Әрең-әрең ерні жуысқан Ақжарқынның де жетісіп тұрғаны шамалы еді.
  • Базархан, ұлыңмен табысуың керек, – деген жалғыз ауыз сөзді айтқан ол, келіп тоқтаған қонақүйдің атын айтты да, бұрылып шығып кетті. Едәуірден соң ес жиған Базархан сыртқа шықты. Жұрттың көзіне түсуді қаламаған Ақжарқын кетіп те қалған еді. Өзін ноқталап қойса да шыдамы жетпейтінін түсінген Базархан бірден қонақүйге тартты. Баруын барғанмен көлікте жарты сағаттай кідірді.
Айтылған есіктің алдына жете сылқ етіп, дәлізге қойылған диванға тізесін бүкті. Сыбдырынан аңдаған Ақжарқын есікті ашты да ұлына иек қақты.
  • Балам, әкең міне, мына кісі, бара ғой.
Елжан шыға бере, Ақжарқын өзі лып етіп бөлмеге кіріп, есігін жауап алды. Бері қарай жүріп келе жатқан Елжан әкесіне қадалған күйі қалт тоқтап тұрды. Қаншама күндер, түндер іздеп, түсіне қаракөлеңкеден көре алмай оянатын әкесінің жүзіне көз тоқтатып тұрып қарағысы келді. Орнына көтеріліп, аяғын бір-екі басып бұған қарай қадам басқан қайран әке ұлының қақпақтай иығына қолын созып, құшағына алды. Сырттан қарағанда бала әкесіне есе, әкесі баласына шағынып жатқандай еді. Шынында да солай болатын. Баласын көрген сәтте баянсыз өмірі, қапаста шекккен тауқыметі, өзі жоқта бақилық болған әке-шешесінің қазасы, одан кейінгі бая-шая тіршілігі жүрегін тілгілеген Базархан өз қанынан жаратылған ұлына мұңын шаққандай еңкілдеп кеп жылады.
Сан жылдар бір-бірін көрмесе де жалғыз ауыз сөз айтпай-ақ жүректерімен ұғысқан қос мұңлықты тағдыр осылай табыстырды.
Баян ҮСЕЙІНОВА.
05 мамыр 2018 ж. 1 207 0