«Бесеудің хаты»: АЛТЫНБЕКОВТІҢ ТАҒДЫРЫ
Жуырда жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлы туған жерге келген бір сапарында әріптестік тұрғыда сырласқанбыз. Сонда Жолтай ағам: «Бесеудің хатын» оқысаңыз, сондағы бесеудің бірі Емберген Алтынбеков Жаңақорған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған. Сол кісі жайлы көп жазыла қоймады, терең зерттеу жасасаңыз, әжептеуір дүние шығады. Ең үлкен мәселе - оны жарыққа шығарумен қатар өшкенді тірілтуге себі тиер еді» деп аманаттаған болатын. Сол аманат санада сайрап тұрды, ізденісті еселей түсті. Жергілікті архивтерден мандыртып ештеңе таппадық. Партархив құжаттарында да құнды дерек шыға қоймады. Тек биографиялық баян ғана бар екен, оның өзі толық емес. Туған жылы жазылған, қайтыс болғаны белгісіз. Ал, кәрі құлақ пен құйма құлақтардың Емберген Алтынбеков жайлы естігені болмаса, оның нақты бейнесін баяндай алмады.
Қысқасы, мұрат іс мұң шағып, көңіл пәс түсіп кетті. Алып ұшқан талабым тәрк болғандай еді, кенет.. Иә кенет, ақпарат көздерін ақтара отырып, керемет дерекке кезіктім. Соның бірі жергілікті белгілі журналист Мақсұт Ибрашевтың жазбасын оқыдым. Ол көп зерттеу жүргізген, біршама ақпаратпен ашқан. Бұл жайында тағы тоқталамыз. Әзірше, жалпы оқиғаның жай-жапсарын жеткізгенді жөн санаймын.
ХАТ НЕ ҮШІН ЖАЗЫЛДЫ?
«Бесеудің хаты» арқылы бізге белгілі болғандай, ашаршылықтан қынадай қырылған қазаққа араша түскісі келген бес азамат басын өлімге тіккені анық. Олардың ішінде тек Мансұр Ғатаулин тергеусіз атылған. Қалған төртеуі аяусыз қуғын көрді, ең бастысы, тірі қалды.
Бұл бес азамат Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Голощекинді тайсалмай айыптады. Негізінен коммунистердің бір көсемі Сталинге арнайы жазылған хат сияқты. Дегенмен хат Голощекиннен арыға аса алмаған көрінеді. Ал хатты жазуға бастама көтерген Ғабит Мүсірепов пен Мансұр Ғатаулин деседі. Оған Емберген Алтынбеков, Мұташ Дәулетқалиев, Қадыр Қуанышев сынды қазақ зиялылары да қол қояды. Онда республикадағы мал шаруашылығының күйреген кезеңін қатты назарға алып, елде алапат ашаршылық жайлағанын жария етті. Бұл дабылдың басы болатын.
Содан мұның аяғы не болды десеңші? Мұндай масқараға ұшыраған Голощекин жаппай қудалауға көшті. Нақтысы, кек алу операциясы жүргізілді. Алғашқылардың бірі болып нысанаға сол кездегі баспа ісінің маманы Мансұр Ғатаулин ілікті. Ол НКВД-ның Алматыдағы түрмесінде атылып, мүрдесі Алматы облысы Жаңалық ауылына көмілген.
Жалпы, Мансұр Ғатаулин Батыс Қазақстан облысының тумасы, кезінде Қарағанды, Қызылорда өлкелік партия комитеттерінде бірінші хатшы болған кісі. Оның артында жалғыз тұяқ – Ая Мансұрқызы қалды.
Бізге тарихтан белгілі болғандай, 1918-1933 жылдар аралығында Қазақстанда үш миллионнан астам адам опат болған, ал 1931-1933 жылдары 1 миллион 700 мың адам қырылып кеткен. Бұл орайда заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов «Кеше ғана бiр қойдың етiн бiр-ақ асып жеп, қымызды сабасымен iшетiн халықтың ендi бүгiн бiр уыс бидайға зар болып, аштықтан қырылып жатқанына бейжай қарай алмаймыз» деуінің өзі көп жәйді қанықтыра түседі.
Сөздің біссімілласына барсақ, «Бесеудің хаты» 1932 жылы 4 шілдеде жазылған. Хат 1932 жылы 14 шілдеде БК(б)П Өлкелік партия комитетінде қаралып, ертеңіне Өлкелік комитет пен Өлкелік бақылау комиссиясының біріккен мәжілісінде талқыланды.
Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының бірінші орынбасары Әзімбай Лекеровтің саяжайына жиналған зиялы топ қазақ ауылдарын күштеп отырықшылыққа әкелудің аса қиын салдарын соңғы рет талқыға салды. Бұл 1932 жылдың 24 маусымы еді. Пікірталас барысында ұсыныстар екіге жарылған.
Бірінші топ Голощекиннің: «Лучше пересолить, чем не досолить» деуін, «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» ұранын негізге алып, қазақтың ата кәсібінен айырып, аштыққа ұшыратқаны жөнінде БК(б)П Орталық Комитетіне, тікелей Сталиннің атына хат жазуды ұсынса, екінші топ әуелі аудандағы басшылардың көшпелі қазақты шұғыл түрде коллективтендіру арқылы отырықшы елге айналдырамыз деп малын тәркілеген жөнсіз істерін сынайды. Осы бойынша Өлкелік комитеттің қатесін шығарып, елді тарықтырмаудың жолын іздеді. Қызықтың көкесі сол, араларынан бір жансыз сол күні-ақ мұны Голощекинге жеткізген. Енді олар хатты Голощекиннің атына жіберуден басқа амалы қалмады. Хатқа қатысқан он екі кісінің бесеуі ғана қол қойды. Олар: Мүсірепов, Ғатаулин, Дәулетқалиев, Қуанышев және Алтынбеков.
Ал хатта көрсетілген фактілер қайдан алынды? Біздің білуімізше, мәліметті Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының бірінші орынбасары Әзімбай Лекеров ұсынғаны анық. Дегенмен хатта Лекеровтің қолы жоқ. Осы жері түсініксіз.
Қу Голощекин бәрін білді, сондықтан Әзімбай Лекеровті 1938 жылы 26 ақпанда ату жазасына кесті. «Халық жауы» Лекеровтің отбасы мүшелері толықтай тағдыр тәлкегіне түсті.
Сонымен хаттың авторлары жазушы Ғабит Мүсірепов, Қазақ мемлекеттік баспасының меңгерушісі Мансұр Ғатаулин, Алматы Комвузының басшы қызметкерлері Емберген Алтынбеков пен Мұташ Дәулетқалиев, Қазақ АКСР Мемлекеттік жоспарлау комиссиясының сектор бастығы Қадыр Қуанышевтың соңынан шам алып түсу басталды.
ОЛ КІМ?
Біз сөз еткелі отырған Емберген Алтынбеков «Марксизм-ленинизм» институтында проректор болып істеген. Өзі Мәскеуде оқу бітіріп келген білімді жастың бірі.
Оның өмірбаянына үңілсек, 1905 жылы Перовск уезіне қарасты № 6 ауылдың Аламесек учаскесінде кедей отбасында дүниеге келген. 1919 жылдан комсомол, 1925 жылдан ВКП(б) мүшесі. Алдымен педагогикалық техникумда (1920-1922), сосын Ташкент Ағарту институтында (1922-1923) оқыған. 1930-1932 жылдары Қызыл Армия қатарында болды.
1933 жылы сәуірде Бүкілодақтық коммунистік партияның «Қазкрайкомы» оны «тұқым жинауды бұзғаны үшін» деп партиядан шығарды. Кейін Казақ өлкелік комитеті қайта қалпына келтірілді.
Ол 1933 жылы Бүкілодақтық большевиктер партиясы Оңтүстік Қазақстан облысы Жаңақорған аудандық комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындалды. Бұған ОҚО Бюросы бекіткен партиялық мінездемеде «Саяси даму үстінде. Тәртіпті. Партиялық бағытты берік ұстайды. Өсіп келе жатқан жас партия қызметкері. Аудандық партия комитетінің хатшысына пайдалана алады» делінген.
ЕМБЕРГЕННІҢ ЕҢБЕК ЖОЛЫ
Жерлесіміз Емберген Алтынбеков анасынан ерте айырылды. Ал он үш жасында, яғни 1917 жылы әкесі қайтыс болды.
Білімге құштар, еңбекке еті тірі Емберген ес жиып, етек жапқанда Перовскіге келіп, жалданып, шайханада жұмыс істеді. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін жетім балаларға арналған мектеп-интернатқа қабылданып, мұнда екі жылдай білім алды. Осында комсомол ячейкасы құрамына кіреді.
Жасы он алтыға толғанда аудандық халық ағарту бөлімі оны Шымкент педагогикалық техникумына оқуға жібереді. Ол үздік оқыды. Соның арқасында 1922 жылы Ташкенттегі Қазақ ағарту институтына қабылданды. Кадр тапшылығына байланысты Түркістан республикалық комсомол комитеті студент Ембергенді Ферғана облысы Ош аудандық комсомол комитетіне жауапты хатшы етіп жібереді. Қызмет барысында қыруар шаруаны тындыра білді. Жасына қарамастан өз ортасының көшбасшысына айналды.
Сөйтіп талапшыл жас таныла бастады. 1926 жылға дейін Шымкентте, одан кейін Ақмешіт аудандық комсомол комитетінің жауапты хатшысы қызметін атқарды. Комсомол лидерін саласына сәйкес Мәскеудегі Сталин атындағы Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетіне саяси білімін жетілдіруге де жіберіледі.
Мәскеуде толық маманданған Емберген Алтынбековті алдымен Торғай облысына, сәл кейінірек Қостанайда мал дәрігерлік техникумын ұйымдастыру тапсырылады.
Ал, 1930 жылы Алматыда партия қызметкерлерін дайындайтын жоғары оқу орнына проректор болып келді. Мұнда Мұташ Дәулетқалиевпен бірге қызмет істеді. Осы орайда жары Мағра апа: – Ембергенді Алматыға ауыстырды, біз Мұташ Дәулетқалиевтің отбасымен көрші тұрдық. Жұбайы Әзғар Мусина ақжарқын, мінезі жұмсақ, сүйкімді әйел болатын. Отбасымыз бас қосқанда Емберген мен Мұташ қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Ф.Голощекиннің қазаққа кенедей жабысып, сонадай сорған саясатын сынға алатын. Әсіресе, қарапайым шаруаның мүлкін негізсіз тәркілеуі, шектен тыс шығушылығы ашу-ызамен айтылатын.
Көп ұзамай Е.Алтынбековті астанадан қуып, Ақтөбе облысына Қарабалық аудандық партия комитетінің жауапты хатшысы етіп жібереді. Ол Ф.Голощекиннің орнына Л.Мирзоян сайланған соң елордаға оралды. Емберген обкомның ұйымдастыру-нұсқаушы бөлімінің мақта секторының меңгерушісі болып тағайындалды.
Сол жылдары Сырдария, Іле, Шу өзендерінің жайылмаларында тың жерлерді игеру басталды. Оған партияның үздік кадрлары жіберілді. Солардың бірі Е.Алтынбеков партияның Жаңақорған аудандық комитетін басқарса, Путилов фабрикасының бұрынғы жұмысшысы Сергей Ледяев екінші хатшы болды. Олар тез тіл табысып, достасып кетті.
Ледяевтің әйелі, фельдшер Полина Ивановна Ембергеннің әйелімен жақын дос болды. Ол Алтынбековтің ұлына өз баласындай қараған.
АЛТЫНБЕКОВТІҢ ҰЛЫ
Ол – Бауэр Алтынбеков, 17 наурызда 1931 жылы туған.
Қазақ гигиенистер мектебінің негізін салушылардың бірі, медицина ғылымының докторы. 1958-1990 жылдары Қарағанды қаласындағы Қазақ еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ғылыми-зерттеу институтының қызметкері, кейін директоры болған. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі.
Әрине, Бауэрдің өмірі жарқын болды деп айтуға келмейді. Олай болатыны, «халық жауының» ұлын ешкім маңдайынан сипай қоймады. Әкесі тұтқындалғанда ағайын-туыс, жора-жолдастар олардан алыс кетті. Тек досы Ледяевтер қиын күндерде азық-түлікпен, ақшамен көмектесті.
«ХАЛЫҚ ЖАУЫ»
Айтса, адам сенбестей-ақ жағдай екен. Сөзіміз семіз шығу үшін мәселені тереңдеу тарқатайық. Ол Жаңақорған ауданына көп еңбек сіңірді. Атап айтқанда, ауданда су арналарын салуға, суармалы жерлерді игеруге, халықтың тұрмысын жақсартуға ерекше ден қойды.
Енді айыптау қорытындысы көрсеткендей, Жаңақорған ауданындағы су каналдары диверсиялық мақсатта салынып, ол Мәскеу-Ташкент теміржолын бұзуға бағытталыпты. Көрдіңіздер ме, оның іс-әрекеті қалай әшкереленген? Сөйтіп, Е.Алтынбеков 1938 жылдың сәуір айының басында қамауға алынды. Оны Оңтүстік Қазақстан облысында НКВД тұтқындаған. Айыптау бойынша РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-8 статьясы қойылған. Үкімі: 10 жыл еңбекпен түзеу лагері.
ТҮРМЕДЕН ОЛ ҚАЛАЙ БОСАДЫ?
Ол қамауға алынғаннан кейін түрмеде жолын тауып, су тасушы өзбектің қарт әйелі арқылы жарына хат жібереді. Онда әйеліне жоғары партия ұйымына хат жазып, пошта вагонына тастап кетуге кеңес берді. Дегенмен сәті басқаша келді. Бұл уақытта жары Мемлекеттік банктің қалалық бөлімшесінде есепші еді. Бірде Наум Израилевич Фридман деген қарт еврей оған өз көмегін ұсынды.
Наум: «Саған кеңесім, Сталин мен Молотовтың атына хат жазбаңдар. Хат ол адреске жетпейді. Ең дұрысы, жақында өтетін партияның XVIII съезіне хат жаз. Сонда сіздің хабарламаларыңыз бақылауда болады. Ал мен саған мұндай хатты жазуға көмектесемін» деді.
Сот «үштігінің» шешімі бойынша Е.Алтынбеков Сібірдің Канск қаласына жіберіледі. Онымен Канск түрмесінде жас ғалымдар Әлімхан Ермеков пен Мұхамеджан Қаратаев бірге болған.
Көп ұзамай Бүкілодақтық коммунистік партиясы Орталық Комитетінен жауап алынады. Онда партия съезіне жазылған хаттың қабылданғаны хабарланды. Содан Алтынбековтің ісін қайта қарау жөнінде құзырлы органдарға тиісті тапсырма берілді. Ал, 1941 жылы 29 сәуірде қылмыстық істің тоқтатылуына байланысты түрмеден босатылады.
Е.Алтынбеков 1941-1945 жылдары Сарыағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Емберген екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Ол небәрі 49 жасында 1954 жылы қайтыс болды.
Міне, Жолтай ағаның аманаты бойынша ізденістердің нәтижесі осылай жүзеге асты.
Қаныбек ӘБДУОВ