№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Тілеулестік


Жаңақорған аудандық қоғамдық-саяси «Жаңақорған тынысы» газеті 1933 жылдан руханиятқа қызмет етіп келеді. Сонан бері басылым бетіне қаншама қаламгердің қолтаңбасы түсті, талай талантты түлетіп ұясынан ұшырды. Ұлт мақтанышы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» десе, жазушы Әзілхан Нұршайықов «Газеттің ісі – бір күндік, сөзі – мың күндік» екенін елеп, екшеп берді. Бұл басылымға деген зор баға болса керек.


Мен аудандық басылымның 85 жылдан аса тарихын түгендеуге емес, өзім осы ауданға әкім болып екі рет келгенде журналист Нұрлат Байгенжемен әріптес ретінде етене байланыста, аймақтың ортақ мүддесі үшін идеологиялық жұмыстарды жан­дандыруға жұмыс жасағанымды айт­қым келеді. Жас журналист өзінің шығармашылық шеберлік деңгейіндегі қарымды қабілетін, санқырлы қырын көрсетіп, басылымның бас редакторы лауазымына өсті. Аймақтағы үздік газет деңгейіне көтере білді. Тың тақырыптар мен рубрикалар газеттің көркемдік өркенін өсірді. 2018 жылы газеттің 85 жылдық мерейтойына байланысты «Дәуір айнасы» кітабының жарыққа шығуын қамтамасыз етті.
2015 жылдың ақпанында басылымға бас редактор болып журналист Қаныбек Әбдуов тағайындалғанда Нұр­лат Байгенже бөлім меңгерушісі еді. Ұжымның ұйысқан бірлігі мен тамаша тірлігі газет ісін бірден жандандырды, сөйтіп небәрі үш ай ішінде облыста «Үздік аудандық газет» номинациясын жеңіп алды. Көп уақыт өтпей Нұрлат бас редактордың орынбасары қызметіне өсті. Басылым бетінде жарқын жұмыстың жаңалығы қанат жайып, төлқұжаты, рубрикасы өзгерді, таңдаулы туындылар үстін-үстін жариялана берді.
Сыр бойынан шыққан саңлақ қалам­герлер, бүгінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, сыншы Бақыт Сарбалаев, ғалым Жақ­сыбай Сарбалаев еңбек жолын Павлодар жерінен бастап, оқырман қауымға қалтқысыз қызмет еткенін жақсы білеміз. Нұрлат Айтжанұлы да сол атпал ағаларының ақ жолын жалғап, Павлодар облысы жастарының «Регион.kz» газетінде қызмет жасады. Кейін туған жерге келіп, Арқа мен Сыр арасында достықтың дәнекері болды. Осы бағытта Жаңақорған мен Успен аудандары арасында мәдени-қоғамдық байланыс орнады. Режиссер Дінмұхамед Әбжаппаровтың қоюымен жаңақорғандық өнер иелері тұңғыш рет «Мәшһүр Жүсіп» мистикалық-психологиялық драмасын сахналады. Міне, осынша жағымды жаңалықтың басы-қасында Нұрлаттың тікелей қол­ғабысы болғанын айтқан ләзім.
Ол қоғамдық жұмыстарда да бел­сенді болды. Жаңақорған аудандық мәслихатының депутаты болып сай­лануы сол серпінді істердің сипаты десем жаңылмаймын. Халық қалаулысы ретінде ел ішінде жүріп, сайлаушы аманатын орындауға үлкен үлес қосты.
Сөзімді қысқа қайырғанда, шығар­машылығы шираған, талабы таудай інімнің алар асуы әлі алда деймін. Өйткені биыл ол 38 жаста. Толысқан шағы және бойында жас толқынның жігері бар.
Жалынды жігіт «Жаңақорған тыны­сы» газетін алты жылдай басқарып, шығар­машылық мектепте бірнеше шә­кірт тәрбиелеп, өзінің журналистік жолын қанықтырды. Ендігі жерде Нұр­лат Байгенже туған жерден алыстап кетпейді, азаматтық парызын қосуға үнемі ықыласты деп ойлаймын. Біз оған оң ниетімізді білдіре отырып, келешекте қай қызметте де абыройлы болсын деп тілеулестігімізді білдіреміз.

Руслан РҮСТЕМОВ

***

Өткен жұмада төл басылымымызда еңбек етіп, бес жылдан аса бас редактор қызметін абыройлы атқарған Нұрлат Байгенжеге аудан және «Сыр медиа» басшылығы құрмет көрсетті.
Аудан әкімі Руслан Рүстемов тілек­тестігін жеткізіп, «Құрмет» грамотасын табыстады. «Сыр медиа» ЖШС ұжымы атынан бас директордың бірінші орын­басары Марат Аралбаев «Алғыс хат» табыстап, иығына шапан жапты. Ал аудандық мәслихат хатшысы Ғалымжан Сопбеков халық қалаулысының депутат ретіндегі қызметіне ризашылығын жет­кізді. Ау­дандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, ақын Әбілқайыр Сыздықов өз арнауын жүрекжарды өлеңімен жеткізді.
Шығармашылық әлеуеті, белсенді қызметімен төл басылымды төрге шығаруға қажырлы тер төккен әріп­тесімізге сапарың сәтті болсын демекпіз!

«Жаңақорған тынысы»
газеті ұжымы

22 ақпан 2022 ж. 450 0