» » » Туралықтың туы жығылмас

Туралықтың туы жығылмас


Тарихты тұлғалар жасайды. Сондықтан жеке адам туралы қағаз бетіне білгеніңді түсіру біреуді жай мақтау немесе жоқтау ғана емес, сол адамның тағдыры мен тауқыметін баяндау арқылы ол өмір сүрген қоғамның келбетін, келешектің көз алдына елестетіп, келер ұрпақ өткеннің ұлағатынан тәлім алса, жақсысынан үйренсе деген талапты алдыға қойып отырмын.


Қашанда тауып айтатын толғамды сөз саптауымен көпті аузына қарататын Сейілбек Шаухамановтың мемлекет және қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімовты соңғы сапарға шығарып салу жиынында былай деп айтқаны есте қалыпты:
«Аспанның да, жердің де ала-құласы болады, теңіздің де терең-саязы болады, таудың да биік-аласасы, көлдің де таза-лас жері болатын сияқты, адамның ұлылығы мен кішілігі, періштелігі мен пендешілігі, даналығы мен балалығы, кеңшілігі мен кемшілігі, шуағы мен көлеңкесі, дұрысы мен бұрысы, білгені мен білмегені, көргені мен көрмегені, әттеген-айы мен бәрекелдісі қатар жүреді екен. Барлығына төрелік жасауды тарихтың, халықтың, уақыттың ен­шісіне қалдырайық...»
Сол айтқандай еңбегімен елдің есінде қалған, әйел заты болса да, кезінде үлкеніміз бен кішіміз ер-азаматтай қабылдап, «Біздің Жәкең» аталынған Жәмила Омарова туралы сыр қозғамақпын.
Ол кезде коммунистік партияның саясаты ешкімді еркінсітпеді, ерке­летпеді, ешкімнің маңдайынан сипа­мады, қаққан қазықтай қатаң ұстады. Байқамай айтқан бір ауыз сөзіңнен басың кетуі ғажап емес. Сондықтан да партиялық саясатта қай қызметкерге де бірыңғай пікір айтылмайтын. Осындай қатаң талаппен қызметтік бойын түзеп, райкомның да, рай­исполкомның да партиялық сүзгісінен өткен әйел-басшылардың бірден-бірі-осы Жәмила Омарова еді.
Жасыратыны жоқ, бір Қаратаудың қойнауы, бір Ақұйық өзені бойындағы ауылдан шыққандықтан ба, үлкендігі тағы, апалығы бастысы саналған Жәкеңді мен ғана емес, көбі арқа тұтатын. Омар қарияның екі қызы, үлкені Әмила да, кішісі Жәмила болды. Үлкені теміржол бойындағы Әймен әулетінің келіні атанды. Ал одан төрт-бес жас кішілігі бар Жәмила буыны бекімеген кішкентай кезінен колхоз шаруасына араласты. Ұлы Отан соғысы басталғанда жеткіншек Жәмила он бес жаста болған екен. Ақұйық ауылдық Советінің есеп-қисап, тіркеуге алу жұмыстарынан бөлек, мың сан шаруашылықтың жиын-терім, қой қашыру, төлдету, қырқым жұмыстарына араласты.
Тыңдырымдылығы, істі аяғына дейін жеткізе орындайтыны, бүгінгі шаруаны ертеңге қалдырмайтын қасиеттерін ауылдың үлкенді-кішілі кісілері үнемі айтып жүрді. Соның да әсері ме, әлде өзінің алғырлығы ма, ауылдан шығып аудан асып, Жаңақорғандағы жинақ банкінің меңгерушісі болып қызмет етті. Партиялық номенклатураға жататын бұл қызмет екінің бірінің басына бұйыра қоймайтын. Оның үстіне аудандық партия комитетінің бірінші секретары Ғафур Мұхамеджановтың талабынан көріну-аса үлкен сынақ еді. Соның бәрін Жәмила Омарова еңсерді. Бірнеше мәрте поселкелік, аудандық Советінің депутаты атанып, сайлаушылар аманатын ақтады. Зей­нет демалысына шыққанға дейін, 20-жылға жуық аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі болып абыроймен қызмет етті. Еңбек адамдары, күрішші, малшы, бақташы, сауыншылардың зейнетақыларын дұрыс есептеліп, алынуы үшін сан мәрте облыс, республика деңгейінде жобаларын қорғауда жүрді. Халық арасында, "Омарованың өзіне кіріп, әрбір жыл, ай, күніндегі еңбегіңді қағазбен дәлелдеп айт, өкіметтен тиісті аларыңа қол жеткізесің" деген ұғым қалыптасты. Осының барлығы өз ісіне шынайы берілген, заң мен ережені жан-тәнімен қорғай білген, ең бастысы халық алдындағы қызметіне түймедей дақ түсірмеген жаны аяулы Жәмила апамыздың өмірлік ұстанымына деген адалдығының айшықты көрінісі еді.
2006 жылы 80 жастан асқанда Жаңақорған ауданының өсіп-өркен­деуі, әлеуметтік-экономикалық бағы­тының молаюы жолында ерінбей, еңбек еткен, турасын айтып туғанына жақпаса да әділдіктен аспаған осындай жан жарық өмірмен қош айтысты.
Ол кісінің арамыздан кеткеніне он жетінші жылға аяқ басып барады екен.
Осындай тұлғаның еңбегі ел жадында жаңғырып, өнегесі ұмы­тылмас үшін аудан орталығында бір көшеге есімі берілсе деген тілегіміз бар.

Әбдіхалық Әйтілеуов,
Жаңақорған кенті


24 қараша 2021 ж. 408 0