№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Бекмаханның мектебі

Бекмаханның мектебі


Белгілі қаржыгер Бекмахан Дүйсенбаев атындағы көшеге бір топ ел ағалары жиналды. Мақсат – оның өнегелі өмір жолын еске алу.
– Соңына өшпес із қалдырған Бекеңді өзіме ұстаз тұтып, тағылымды еңбек жолын өзіме үлгі еттім. Әсіресе ол кісінің талапшылдығы, талғампаздығы, әрбір цифрға деген қырағылығы таңқалдыратын. Ол тек экономика ғана емес, басқа да салалар бойынша іркіліп қалмайтын. Өз ойын ашық айтып, мәселе болса ортаға салуды талап ететін. Міне, бүгін осындай асыл адамның ғибратты өмірін тілге тиек етіп, есте қалған естелікпен бөлісу абыройлы міндет, – деді қаржы саласының ардагері Өмірсерік Тақырбасов.

Одан әрі қаржыгермен әріптес болған ел ағасы Мұзарап Махмутов та іркіліп қалмай: «Бекең лауазымды қызметте жүріп, өзіне жүктелген міндеттерді атқаруда жауапкершілігі мол болды. Қарамағында істейтін әріптестеріне үлгі көрсетіп, қолына алған кез келген бастаманы сала мамандарымен ақылдасып, бірлесе шешіп, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеудің қағидасын қалыптастырды және әрдайым осы ұстанымға берік болды. Еңбек жолында жинақтаған сол тәжірибесінің арқасында аудан экономикасы қарқынды дамып, түйткілді мәселелердің шешімдерін және олардың тиімді жолдарын айқындап, пайдалы қызмет етті», – деді.
Алқалы топта өнегелі әңгіме өрбіткендер ішінде аудан әкімінің орынбасары Ердулла Сұлтанбеков, Жамур Мүсілім, кент әкімінің орынбасары Жасұлан Бейсенбеков, қаржы бөлімінің басшысы Алмас Оразбеков және ұлы Серік Абдуллаев болды.
Жалпы қазақтың қаржыгері Бекмахан Дүйсенбаев кім? Осы жөнінде тарқата айтсақ. Ол 1924 жылы Жаңақорған ауданындағы «Бөріойнақ» бекетінде дүниеге келген. 12 жасынан еңбекке араласып, ауылына, ата-анасына қолғабыс етті. 1943 жылдан шойын жол бойында түрлі жұмыс істеп, 1947 жылдың аяғында Төменарықтағы мектепке есепші болып орналасады. 4 кластық қана білімі болған ол осында жеделдеткен түрде 7 класты бітіріп, 1949 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ССР-нің Финанс министрлігінің финанс-кредит техникумына оқуға түседі. Алайда үй шаруасын істеп, отбасына көмектессем деп оқудың орнына еңбекке араласқан бозбалаға бұл оқу орнына түсу оңайға соқпады. Өйткені алдында емтихан деген үлкен сынақ күтіп тұрды. Амалы таусылған Бекең осы оқу орнының кадр жөніндегі орынбасыры К. Бадин мырзаға бар шындықты айтып, кабинетінде отырып алады. Жігіттің айтқанынан қайтпайтынын сезген ол техникум директоры А.Сатимовке телефон соғып, емтихансыз қабылдауға болады деген уәдесін алады. Осылайша емтихансыз оқу орнына түсіп, күні-түні оқып, өзіне қолдау білдірген ағаларының арқасында группа старостасы болады. Оқу жөнінде қатаң талап қойып, нәтижесінде Бекең басқарған студенттер ең тәртіпті группа атанды. Сонымен қатар осы топтың барлық студенттері бірінші жартыжылдық көрсеткіші бойынша степендиямен қамтамасыз етілді. Оқуды «Үздік» диломмен аяқтап, Жаңақорған аудандық қаржы бөлімінің уақытша міндетін атқарушы Нұрділла Палуановтың ұсынысымен аға бюджет инспекторы қызметіне бекітіледі. Міне, осы уақыттан бастап қаржы саласынының оңды-солын жіліктей шаққан өз ісінің маманы талай белестерді бағындырады. ССР және Қазақ ССР финанс Министрлігінің, облыстық финанс бөлімінің «Құрмет грамотасымен», жас экономист-қаржыгерлерді тәрбиелеп баулығаны үшін түрлі «Алғыс хатпен» марапатталды. Қаржы саласына еңбегі сіңгені үшін 1985 жылы зейнетке шығар алдында министрлік құрмет көрсетіп, Газ-24 «Волга» автокөлігін сыйға тартты.
Өмірінің 32 жылын бір қызметке арнаған Бекең өмірлік жұбайы Тұрғанкүл екеуі 5 ұл, 2 қызды дүниеге әкелді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, олардан немере, шөбере көрді. Отбасында, ағайын-туыс ортасында, әріптестер арасында осындай құрметке бөленген жан атақ-даңқтан да кенде емес еді. «Жаңақорған ауданының құрметті азаматы» атанып, кент орталығынан Бекмахан Дүйсенбаев атына көше атауы берілді. Осындай сәулелі ізімен жөн сілтеген Бекеңдей азаматтардың көңіліне жиған-тергенін кейінгіге қалдыруы ұлт болашағының тірегі жастарға тигізер шарапаты мол ұлағатты ұстаз бейнесінде қала бермек.
Тәжірибелі басшыдан тәлім алған шәкірттер өздерінің оған деген шексіз құрметі мен алғысын әлі күнге дейін білдіріп келеді. Бүгінде олардың көпшілігі мемлекеттік органдарда басшылық қызметтер атқарып, қаржы саласының құрылымдарын басқарды және басқарып келеді. Мәселен, Төленбек Қонысбаев Әбдіғаппар Төлепбаев, Қалқазбек Әжібеков, Құттықожа Ыдырысов, Айдар Жұматов секілді қайраткер інілері ағаның тікелей тәрбиеленушілері болды. Ал әке жолын қуған ұлы Төрехан облыстық деңгейде банк саласын басқарды. Қазіргі уақытта кәсіпкерлікпен айналысып, еңбегінің жемісін көруде.
Иә, Бекеңдей арда азамат өмірден өткенімен адамдардың көңілінде сөзі мен ісі қалды. Осы жөнінде аудан әкімінің орынбасары Ердулла Сұлтанбеков те өз ойын білдірді.
– Көпшілік үшін қиын мамандық саналатын қаржыгерлердің ең негізгі міндеттерінің бірі мемлекеттің ақшасын дер кезінде жинап, тиімді пайдаланып, ел экономикасының дамуына жұмыс жасау. Осы тұрғыдан алғанда Бекмахан ағаның көзін көрмесемде өз саласының майталманы екені жайында көп естимін.Тіпті жүріп өткен жолы мен көрсеткен қызметі, әр еңбегі ел аузында. Өмір тарихын парақтасаңыз ол кісінің ауданда ел тарихын сақтайтын қор архив мекемесінің қабырғасын қалағанын бі­лесіз. Сондықтан өз жұмысына ғана емес, басқа да салаға тың серпін сыйлаған мағыналы ғұмыр иесі қашанда есімізде. Қашанда құрметке лайық!, – деді ол.
– Қай мекемеде болмасын, ұжымның мақтанышына айналған ардагері, маманы болады. Мен әкемнің осындай биік тұлға болғанына мақтанамын. Екі жыл алдын әкеміздің атына берілген көше бойында ел ағалары жиналып, тарихтан сыр шертудеміз. Әріптестеріне, көзін көрген замандастарына әкем жайында айтқан жылы сөздері үшін алғысым шексіз, – деді ұлы Серік Абдуллаев.
Бекмахан Дүйсенбаевтың өмір жолы өсіп келе жатқан ұрпақ үшін өнеге. Банк қызметі саласында бірнеше буынды тәрбиелеп шығарды. Қарапайымдылығы әрі біліктілігі арқасында зор беделге ие болды. Қызметтің қай сатысында жүрсе де ол өзін мықты маман, жанашыр басшы, жоғары мәдениетті адам ретінде көрсете білді. Оны еңбексүйгіштігі, кәсібилігі, білімділігі, жаңаны жатырқамайтындығы ерекшелендіріп тұрды. Міне, жиналған жұрт осындай пікір-пайыммен тарқасты.
Ал біздің міндет азаматты қадірлеу, танымал тұлғаның атқарған ауқымды істерін оқырманға жеткізу болса, екіншіден, еліміздің қай азаматы болсын Бекеңдей Отанымызға адал қызмет жасап, халық алдында абыройлы болып, әрдайым адамгершілігі мен парасатты мінезімен келбетті болуға ұмтылуға үндеу.

Лаура БИБАСАРОВА
09 қараша 2021 ж. 776 0