№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жыр аламанында Кәусар қуантты

Жыр аламанында Кәусар қуантты

Қазақ батырларын ұлықтап, жас ұрпақ санасына сіңдіріп, отансүйгіштік, патриотизм ұғымын қалыптастыруды мақсат еткен «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы жалғасын қайта тапты. «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында өткенді өлтірмей, тарихты тірілтіп, бабалар ерлігіне арналған жырларды жаттаудан оқушылар арасында жыл сайын байқау өтеді. Биыл «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан шәкірттер сайысты, алдымен аудандық кезеңнен үздіктер іріктеліп алынды.
Жоба эпостық жырға, батырлар жырына деген құрметті арттырып, ел тарихымен қатар жер-су атауларын, көне сөздерді білуге жол ашты. Ең бастысы, әдеби кітапқа жатырқап қарайтын бүгінгі буынға әсер етіп, толқыныс тудырды. Жаңақорғандық 123 оқушы жатқа айтудан бақтарын сынауға келді.
– Жобаның мақсаты – оқушылар ара­сында кітап оқуды, оның ішінде қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау, өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытуға жағдай жасау, оқушыларды халық поэзиясына, асыл мұраға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, намысшылдық, қайсарлық қаси­еттерге баулу, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің беделін көтеру. Орта және аға буын қазақ жырын белгілі бір деңгейге дейін жырлады, енді оны әрі қарай жалғауды осы жастарға тапсырамыз. Бұл – ұлттың жадын жаңғыртып, өткені­мізді өнеге етудің жарқын бастамасы, – деді «Qazaq Epos» қоғамдық қорының өкілі Нұрсұлтан Қаражан.
Шараны ашып, сөз сөйлеген Жаңақор­ған ауданы әкімінің кеңесшісі Қаныбек Әбдуов байқаудың маңыздылығына тоқ­талып, талапкерлерге сәттілік тіледі.
Байқауға Жаңақорған аудандық мәсли­хатының «Nur Otan» партиясы фрак­ция жетекшісі Әсемкүл Тілеубергенова, «Qazaq Epos» қоғамдық қорының өкілі Нұрсұлтан Қаражан, Жаңақорған аудандық білім бөлімі тәрбие ісі жөніндегі бас инспекторы Мира Жандарбекова, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Нұрымжан Бұлдырықов, Жаңақорған ауданы әкімінің кеңесшісі Қаныбек Әбдуов, айтыскер ақын Әбіл­қайыр Сыздықов және Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжі директоры Жомарт Шауенов қазылық етті.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Nur Otan» партиясы, ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Qazaq Epos» қоғамдық қоры бірлесе отырып «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын жариялаған болатын. Байқау 6-10 сынып оқушылары арасында «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан өтеді. Қатысушылар қосымша Алтын Орда мемлекетінің тарихи оқиғаларына қатысты сұрақтарға жауап беруі тиіс.
Байқаудың шартына сәйкес, алдымен барлық мектеп оқушылары қазылар алқасының жырдың кез келген жерінен үзінді сұрағына жауап беруі тиіс болды. Бұл сында іріктелген 9 оқушы екінші айналымда қайта сынға түсті. Ұстаздардың қобалжып, тақымын қысып отырғаны, жарысты ерте аяқтаған шәкірттердің көз жасына ерік беруінен бұл жыр додасының қаншалықты деңгейлі екенін көрдік. 9 оқушы ішінде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, оза шапқан оқушылардың арасында жырды қарадүрсін жаттап алмай, әр сөзіне мән беріп, астарына үңілген №247 орта мектеп оқушысы Кәусар Есіркеп көпшілікті тәнті етті. Ал, екінші орынды анықтау қиынға соқты. Төрт оқушы қайта сахнаға көтерілді. Бұл жолы кезең сұрақ-жауаппен жалғасты. Тарихтан қойылған сұрақтарға тек екі оқушы мүдірмей жауап берді.
Екеуара сында 2 орын және 100 м­ың теңге қаржылай сыйақы №125 мектептің 9-сынып оқушысы Әсел Ыбырайханға бұйырды. Дайындаған мұғалімі Сымбат Алшынбекова. Ал, үшінші орын мен 50 мың теңгелік сертификат Байкенже ауылынан келген №193 мектептің 9-сынып оқушысы Жансая Сәрсенбайдың еншісінде кетті. Ұстазы – Тұрғанай Дүйсенова. Байқау жеңімпаздарын аудан әкімінің кеңесшісі Қаныбек Әбдуов құттықтап, жүлделерін табыстады. Барлық қатысушылар диплом­дармен марапатталып, үздік үштіктен көрінген қатысушылар байқаудың облыс­тық кезеңіне жолдама алды.
– Жырды толық жаттап келдім, өздеріңіз көргендей сыннан еш сүрінбей өттім. Бұл менің байқаулардағы алғашқы ірі баспалдағым. Бұйыртса, облыстық сында аудан мерейін асырамын деген ойдамын, – деді дода жеңімпазы.
Қысқаша айта кетйік, бұрынғы Бес­арық, бүгінгі Жаманбай батыр ауылдық округіндегі бұл білім ордасы ҰБТ көр­сеткіштері мен ғылыми жоба, тағы осындай байқауларда дараланып жүреді. 
– Кәусар неше күннен бері Едіге жырын жаттап, қалайда жеңімпаз атануым тиіс деп өзіне талап қойып келді. Мақсатына жетті, ендігі кезең облыстық сын күтіп тұр, оны да еңсерсек республикалық додаға да барып қалуымыз мүмкін. Ол үшін көп дайындық керек, жыр жаттаудан бөлек сұрақтарға да мән беретін боламыз. Уақыт тығыз, сондықтан күні-түні дайындықты жалғастырамыз, – деді ұстазы Қалдықыз Нұртазаева.
Жалпы байқауға облыс бойынша 662 мұғалім дайындаған 713 оқушы қатысты. Қала және аудандық сыннан сүрінбеген оқушылар енді облыстық кезеңде бақ сынайды. Біз жерлестерімізге сәттілік тілейміз.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
31 қазан 2021 ж. 516 0