Жыр жаттаған оқушылар сайысы
Жаңақорғандық 123 оқушы «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауында бақтарын сынауда.

Жобаның мақсаты – оқушылар арасында кітап оқуды, оның ішінде қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау, өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытуға жағдай жасау, оқушыларды халық поэзиясына, асыл мұраға деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулу, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің беделін көтеру.
Іс-шарада сөз сөйлеген Жаңақорған ауданы әкімінің кеңесшісі Қаныбек Әбдуов байқаудың маңыздылығына тоқталып, талапкерлерге сәттілік тіледі.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Nur Otan» партиясы, ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Qazaq Epos» қоғамдық қоры бірлесе отырып «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын жариялаған болатын.
Байқау 6-10 сынып оқушылары арасында «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан өтеді. Қатысушылар қосымша Алтын Орда мемлекетінің тарихи оқиғаларына қатысты сұрақтарға жауап беруі тиіс.
Байқауға облыс бойынша 662 мұғалім дайындаған 713 оқушы қатысуда.