№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Білезік


Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағыт­талып отырған Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы ел дамуының тарихи кезеңіне бағытталып отыр. Бағдарлама түрлі саланың жұмысын алға жетеледі. Әсіресе, музейдегі тарихи жәдігерлердің маңызын тануда өзіндік орны бар. Мәселен, күміс білезік әйелдер күнделікті тастамай тағып жүретін ең сүйікті әшекейінің бірі. Әдетте жұп білезік салады, кейде екі қолына қос-қостан білезік таққан. Білезіктің жуандығы әртүрлі болады, екі басы түйістіріп жасалатын жұмыр білезік, жуан алтын, күміс сымдардан өріп құрастырылған өрме білезік, шілтерлеп жасалған селдір білезік, тастар орнатылған тасты білезік, сағат түріндегі жалпақ сағат білезік деген түрлері кездеседі. Мұнымен қоса, білезіктердің атауы кейде жасалу тәсілін де білдірген.
Мәселен, күміс бетіне қара ою жүргізу әдісімен жасалған білезікті қарала білезік немесе кавказ білезік дейді. Нәзік тоқылған шынжырлар арқылы үзбеге бекітілген сақиналары бар түрлері – сақиналы білезік, бес білезік, шынжырлы білезіктер көрген жанды тамсандырады. Зергер қолынан шыққан мұндай бірегей туындылар қыз-келіншектердің білегіне жарасып тұрады. Бұл секілді білезіктер түркмендерде, Дағыстан, Үндістан халықтарында кездеседі. Сонымен қатар жалпақ екі қабатты білезік те болған.
Әшекей бұйым буын ауруларының алдын алады, қолдың тазалығын күшейтеді, жын-перілерді қуады деген ұғым халық арасында кеңінен таралған. Ең маңыздысы – білезік адам бойындағы күш-қуатты сақтайды. Қазақ бәле-жала әйелдің құлағы, шашы арқылы кірсе, күш-қуаты біртіндеп алақан арқылы сыртқа шығады деген сенім қалыптасқан, сондықтан әжелер соңғы күш-қуатынан айырылудан қорқып, білезігін қолынан тастамайтын болған.
Білезіктегі өрнектердің мәнімен қоса, көп халық ұғымында қалыптасқандай, қорғаныш қасиетке ие сиқырлық күші бар деп саналады. Сондықтан өзге де тұмарлармен бірге баланың білегіне ақ-қара, қызыл-көк көзмоншақ тізбегін тағу дәстүрі осы уақытқа дейін сақталған. Білезіктің, сондай-ақ сақина мен сырғаның киесі мен қасиетіне сену ғұрпы шамамен қола дәуірінде орын алғаны жайлы қазба жұмыстары мәлімдейді. Мысалы, қола дәуіріндегі орымдардан табылған жұмыр білезіктердің ұштары иректеліп келген немесе қорғаныш қызметін білдіретін өзге де белгілермен сәнделген.
Бұйымның алтын, сом, жұмыр, қос білезік деген түрлері болады. Жоғарыда көрсетілген білезік күміс металдан құйма әдісімен жасалған. Ортасына қызыл ақық көзден өрнегі салынып, екі қатарлы қос өрнектерімен жалғастырылған. Білезіктің екі басы иректеліп келген. Оймыш, қалыптама.

Құралай ДӘРМЕНОВА
01 қыркүйек 2021 ж. 745 0