Көлеңкеде қалған дәстүрлі өнер
Қоғамдық көлікте отыр едім, домбыраның қоңыр үні қосылған дәстүрлі әйен естілуде. Бір кезде арамызда отырған бойжеткен «ағай, музыканы ауыстырыңызшы. Заманауи әндер жоқ па?» деді. Ұлттық дәстүрлі ән өнері мыңжылдықтардан тамыр тартатын, көңілдің нәзік қылын шертер сезімі, мұң-шері емес пе еді?!
Түсінікті, әр заманның ағымына байланысты тыңдарманның талғамы да өзгеріп отырады. Бүгінде эстрада жанрының шоқтығы биік, тыңдарманның назары ауып тұр. Мағынасы тереңге бойлайтын, әрбір сөзінен көңілге медеу табатын дәстүрлі әндеріміз бен жыр-термелерімізді арзанқол эстрадалық әндер. Себебі, әншілеріміздің көбі өз сойылын соғып, қаражат табудың амалымен тойға шығып «Мен сені сүйем, күйем» деп келетін жеңіл әндермен халықты қарық қылып, дәстүрлі әндеріміздің обалына қалып жатады.
Оның үстіне дәстүрлі әндерді ешкім тыңдамайды деген жаңсақ пікірді жанымызға желеу етіп алғанбыз. Соның салдарынан дәстүрлі әндеріміз тасада қалып бара жатыр. Көптеген әншісымақтарымыз тойдың әуеніне салып, жұртты билетіп, секірткеніне мәз. Өмір тек ойын мен күлкіден, қуаныштан тұрмайды ғой. Ал, кейбір әншілеріміз ән жаздыруға еріне ме, атадан балаға мұра болып келе жатқан әндерімізді эстрада бағытына бұрып айтып жүр. Тіпті кейбіреулері әннің мәтінін немесе әуенін өзгертіп алған. Бұл автор мен халықтың алдында өнер үшін жасалған қиянат болып саналмай ма? «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып өзіне қайтарамын» деп Мұқағали ағамыз айтқандай, ән халықтың баға жетпес қазынасы, оны бұрмалап өзгертуге ешкімнің қақысы жоқ.
Айталық, Ақан Серінің «Балқадиша» әні, кезінде тұрмысқа шыққалы жатқан қызға арнап, оның бойындағы сүйкімділігін, сұлулығын, тартымдылығын әнге қосқан, оған ғашықтығын білдірмеген. Мұны көптеген зерттеуші-ғалымдарымыз дәлелдеп бағуда. Әйткенмен, бүгінде бұл әнді сексен үш жасқа келген қариямыз Ақан Серіні жас қызға ғашық етіп, қайғылы әуенге салып, «Жігіттер» квартеті орындап жүр. Ал, «Дауыс интернешл» тобы қазақтың «Құралай көз» әнінің әуенін өзгертіп алған. Бұл әннің бұрынғы нұсқасын тыңдағанда бойыңды ерекше бір сезім билеп, алпыс екі тамырың шымырлап кететіні рас. Бірақ, әнші қыздарымыздың орындауынан кейін қайран қазақтың әні-ай деп іштей ғана қынжыласың.
Ата-бабаларымыз әрбір әнді тарихпен сабақтастырып шығарып кеткен. Сондықтан да оны сол қалпында сақтап, еш өзгертусіз келесі ұр¬паққа таза күйінде жеткізу біздің міндетіміз. Онымен қоса, кейбір жұлдыз¬дарымыз өз ұлтының әндерінен гөрі, шетелдің әндерін орындау арқылы, басқалардан оза шабамыз деп ойлайды-ау шамасы. Соның салдарынан еститініміз арзанқол әндер. Мысалы, әнші әрі композитор Ринат Гайсиннің бір әнін алып қарасақ «Мені ойлай берме» деген сөз бастан-аяқ айтылып, бір ән болып шыққан. Сейфуллин Жолбарыс ағамыздың өлеңін тыңдап отырсақ, іліп аларлық бір сөз таппайсың, түсініксіз.
Қазіргі жастардың тыңдап жүргені «Пах-пах! Қандай ғажап иіс», «Бір шанс бер!», «Ақ тамағыңнан бір иіскетші», «Сені сағындым жаным», «Ешкімге ұстатпаймын», «Мені өзіңмен алып кет», «Мен еркемін ешкімге бағынбаған», «Өмір солай» деп келетін әндер.
Өнер ордасының басы-қасында жүрген ағаларымыз халық игілігі үшін осы жайттарды ескерсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Әсел РЗАЕВА