№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Еріктілер ерледі

Биылғы жылды еріктілер еңселі етті. «Еріктілер» елге не сыйлады? Жаңақорғандық жастардың осы бағытта атқарған жарқын істерін сараптап көрдік.
  Жалпы, еріктілер термині біздің сөз қолданысымызға қайдан келді? Біздің пайымымызша, «Ерікті болу» сөзінің түп тамыры қазақ дәстүріне байланған. Қазақтың салт-дәстүрі мен сенім-нанымына зер салсақ, ұланғайыр атырапты алып жатқан Ұлы дала елінің тұтастығын, бірлігін,мықтылығы мен тектілігін ұстап тұрған «Алаш», «Асар», «Алас», және «Аттан» сөзінің айбыны асқақ. Аталы сөздің ақсақалы Майқы би «Ұранымыз – Алаш, керегеміз – ағаш, қазақтан туған халықпыз» деуінің негізгі сыры осында жатыр. Халық дәстүріндегі «асар» салты қайта жаңғырып, соқтықпалы-соқпақты жолда сүйеуге жарап тұрғаны анық.
Хош, мұны көкірегі ашық, көзі ояу оқырман жақсы білер, біз бастапқы тақырыпты тарқатсақ. Құт дарыған қасиетті жерімізде асарға дем берген қайырымды жандардың көптігі көңілге шуақ сыйлайды. Ел игілігі үшін қолдан келген көмегін аянбай, оны ешкімге міндетсінбейтін, Жаратушы разылығы үшін қайырым жасағандарды Құдірет құр қол қалдырмайды. Қайырымдылықты қол күшімен де атқарып қадір арттыруға болады. Сондай салиқалы қариялардың бірі – Елеусін Сейдеметовтің кент ішілік жолдардың бүлінген тұсына қиыршық тасты қол арбамен тасып жамап, жауынды күнде халықтың кедергісіз жүруіне жағдай жасап жүретінін жиі көретінбіз. Міне, осындай игі істердің жалғаушысы болған бүгінгі еріктілердің іс-қимылы елдің ықыласын иеленді.
«2020-Волонтерлер жылы» деп жария етілісімен, өңірлерде ресми штаттар ашылды. Облыстық «Жастар орталығы» ғимаратында ашылған штаттың алғашқы фестиваліне жаңақорғандық Еркінбек Айнақожаев қатысып, әріптестерінен мол ақпарат алды. Көп ұзамай «Жаңарған Жаңақорған Жастары» еріктілер тобы қоғамдық қор болып құрылып, бірнеше жобаларды жүзеге асырды.
Еріктілер жылына дем берген жастар туралы «Жаңақорған аудандық жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мем­лекеттік мекемесінің директоры Нау­рызбай Ерікұлы:
– Еріктілер жылына жаңақорғандық жас­­тардың қосқан үлесі зор. Аудан әкімі Руслан Рүстемов жастарға рухани қолдау білдіріп, жігерлендіргендіктен үміт оты лау­лап, талай істі тындырып, қайы­рымдылық шаралар толастаған емес. «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілер қатарына қаншама жастар қосылды. Әлі де түрлі шаралар жалғасын тауып, жастардың қарқыны бәсендеген жоқ, – деп бастады сөзін.
Еріктілер жылына орай, маргинал жастар қарт кісілер мен тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету жұмыстарына қатыстырылды.
«2020 жыл – Волонтер жылы» ауда­нымызда 107-ден аса шара өтті. Волон­терліктің 7 бағыты бойынша атқарылған шараларға 2000-ға жуық жас қатысты. Волонтерлік бойынша ауданда тіркелген «Жаңарған Жаңақорған жастары» ҚҚ, және «QAMQOR» әлеуметтік дүкені, «Нұрлы шуақ», «Аялы алақан» еріктілер топтары мен ауылдық округтердегі жастардан құралған еріктілер қызмет жасады. Пандемия кезеңінде ерікті жастардың бастамасымен 2000 дана маска тігіп тарқатты. Көп балалы 300-ден астам отбасыларға азық-түлік үлестірілді. Ауруханаға жетіспеген 14 дана оттегі концентраторы аппараттарын жеткізу жұмыстарын атқарды. Мақтарал ауданында зардап шеккен тұрғындарға 5 автогазель көлігі, 1 старекс көлігімен гуманитарлық көмек жіберілді. Еріктілердің бастамасымен 5 үйдің кілті табысталды. Жаңақорған кентінде 3 үй, Келінтөбе, Аққорған ауылдарында 1 үйден пайдалануға берілді. Денсаулығы сыр берген жандардың еміне де қаржылай жылу жинады.
Қай салада болмасын жанашыр­лығын аянбайтын, аудандық мәсли­хат депутаты Арман Мәжитов:
– Сынағын ала кезген жылда қайыр­лы істер аз болмады. Бұл тек бір ғана топтың жұмысы емес, мыңдаған адамның маңдай тері. Бірі құқықтық жағынан көмек етсе, бірі қаржылай, енді бірі қол көмегінен жәрдем берді. Осылайша, бір жылдың жылжып өткенін аңғармай да қалдық, – дейді.
Қордағы жалынды жастар респу­бликалық «AidynNury» және «Харекет» қорларымен қарым-қатынаста қызмет жасап, мұқтаж жандарға баспаналы бо­лу­ды мақсат етті. Осындай игі істер басында Еркінбек Айнақожаев, Ғалым мен Ғазиз Әйтілеуовтер, Дәулет Тұрабаев, Наржан Молдабеков, Абылайхан Әши­мов, Қадыржан Қыдырбаев, Данияр Досантаев, Нұрболат Аширов, Әбдісамат Әбдіш секілді еріктілер ел есінде қалды. Еріктілер жылында өрімдей жас қыздар да қолынан келгенін аянып қалмады. Олардың қатарында Қыдырбаева Қамажай, Гүлімай Мұқаш, Ақжарқын Тасболат, Марж Құдайбергенова, Дана Ерікқызы, Дана Нақышбек, Ұлдана Дуалбек, Толғанай Орынбасар және Фариза Биғазы да бар.
Кешегі қиын жағдай кезеңінде «Жаңар­ ған Жаңақорған жастары» қоғамдық қоры ауданда санитарлық провизорлық орталықта жатқан науқастарға қажетті оттегі концентраторын алу мақсатында «Бір жұтым ауа» қайырымдылық акциясын өткізіп, елдің алғысын еселеді. Ауданның бас имамы Әбдіхалық Махмұтұлы осы шарада белсенділік байқатты.
Айта кетейік, 13 дана оттегі кон­центраторы «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қорына аудан тұр­ғындарынан жиналған қаржыға алынса, 1 аппаратты аудандық орталық мешіт, қалған 2 аппараттарды демеушілік жасап, Түркия елінен ауданға жеткізілуін қам­тамасыз еткен «Нұрлы шуақ» әйелдер ұйымын атап өту қажет. Ауруы асқынған шақта, «Байкен-U» ЖШС кәсіпорны Жаңа­қорған ауданаралық ауруханасының санитарлық провизор орталығына 2 дана оттегі концентраторы аппаратын жеткізсе, «Қызылқұм» ЖШС кәсіпорнынан 500 дана оттегі баллонын алуға 1 250 000 теңге қаржы аударылды.
Бұл туралы аудандық аурухананың бас дәрігері Яхия Кәдірбекұлы:
– Пандемия кезінде халықтың зор қамқорлығы сезілді. Дәрігерлер де аянбай қызмет етті. Тіпті, көбі өмірін қатерге тікті. Ерлікке пара-пар қызметіне ел де құрметін білдірді. Біздің ұжым еріктілер жылында бір күндік айлықтарын «Мақтаралға көмек» акциясына аударды. Оған қоса, тұрғындардың баспаналы болуы үшін де ерікті түрде қаржылай жылу жиналды, – деді.
Аудан тұрғындары арасында кең етек алып, еңсемізді түсірген індетті жеңуде ең бірінші аудан әкімі аппаратының қызметкерлері қол ұшын созып, жеңіл автокөлікпен қызмет етуге көмектесті. Ашығын айтқанда, «Пациент – Жедел жәрдем – БМСК – Диагностика – Стационар – Үйдегі стационар – БМСК» бойынша енгізілген карантиндік шараларға орай тиісті шаралар қабылданып жұмыс жүргізілді. Үй жағдайында өз бетінше ем қабылдап жатқан науқастардың көбеюіне байланысты тұрғындарға қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен медицина мамандарынан қосымша 4 мобильдік топ жасақталды. Олардың үй аралауына әкімдік тарапынан арнайы автокөліктер бөлініп, бірыңғай байланыс орталығы ашылып, медицина қызметкерлері ем шараларын жүргізді. Аудан әкімі аппараты бойынша іске қосылған Call-орталығы арқылы үйлерге шақыртулар күнделікті жүргізді.
Халықтың індетті жеңіп шығуынан кәсіпкерлер 11 жасанды желдету аппа­раттарымен (ИВЛ), 25 дана пульсо­к­симетр, 13 дана кардио­монитор құрылғысы, 32 дана оттегі концентраторымен табыстады. «ПремиумКлассСтрой» әк зауыты, «СКЗ-U», «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ компаниялары қаржылай қолдау берді.

Мақпал ПАТЕНОВА

31 желтоқсан 2020 ж. 884 0