№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Көркем сөздің көсемі суреткер жазушы жайлы сезім пернесі

Көркем сөздің көсемі суреткер жазушы жайлы сезім пернесі



Қаламгерлік шеберлігі құнарлы, қаламының құдіреті ұнамды, қазыналы қарт Қаратаудың перзенті, Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» Тынымбай Нұрмағамбетов «Періштелердің өлімі» прозалық шығармалар жинағы үшін Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанғаны белгілі. Осыған байланысты аудан әкімі Руслан Рүстемов классик жазушының тұлғалық болмысы мен қаламгерлік әлеуеті турасында және қаламгермен рухани байланысы жайлы мақала жазды. Оны kazgazeta.kz сайты жариялады. Біз осы мазмұнды мақаланы назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Тау тұлғалы Тынымбай жазушыны ардақты аға деуге үлкендік жолы да жеткілікті, бірақ бізді тонның ішкі бауындай табыстырған тамаша туындылары еді. Содан бері есімін естісем ішім жылып, еріксіз елжірей түсетін болдым. Жаңақорғанға 2015 жылы алғаш аудан әкімі болып тағайындалған күннен мен ол кісіге бір табан жақындай түстім, туған топырағы – Қосүйеңкіні, Қауықты көрдім, алайда өзін әлі кездестірмеген едім.
2015 жыл. Тамылжыған тамыз айының соңғы күндері еді. Күздің иісі бар. Жер беті қоңырқошқылданып, жусанның сабағынан сән кете бастаған. Бірақ көңіл баяғыдай, төрт мезгілге де төтеп беретіндей тастүйін бекем. Сол күні классик жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовке қарай мендік магнит тартып тұрғандай әлдебір күш телефонға жетелей берді. Дереу нүктесін теріп, Алматыны қостым.
– Армысыз, аға! Бұл – Руслан деген ініңіз. Жаңақорған ауданының әкімі, – дедім.
– Оу, айналайын! Сенің даусыңды естісем, бүкіл туған жер сөйлеп тұрғандай ерекше күйге бөленемін. Ауыл-ел аман ба?
– Аман, аға.
Санаға сан сауал кептеліп тұр. Жазушының рухы кіндік қаны тамған жерге тартып тұрады. Ол белгілі ғой. Бірақ өзгеге өтініш айтып, алақан жайғанға жаны қас адамның табиғатын дөп басу қиын. Тұйық адам тоңқ ете қалса қайтемін?...
Ол туған жерін перзенттік пейілмен сүйеді. Тіпті дара. Оның шығармаларының кейіпкері де қарапайым ауыл адамдары, олардың кіршіксіз көңілі, алғаусыз аңғалдығы, сый­­ластығы мен сыпайылығы бүкпесіз баян­­далған. Бұдан артық жазушының жан тебіренісі бола ма? Өзі де талғампаз жазушы, эпизодты алыстан іздемей, тап оқиға ортасында отырып, олармен бірге алысып жатқандай, соған сені шақырып ал­ған­дай сезімге сананы орап тастайды. Ал, осыдан кейін кітапты бітірмей басыңды көтеріп көр, құдды үміт үзіліп кетердей күй кешесің. Шығарма маңайында керемет кісі­лерге кезігесің, олардың мінез-құлқынан бөлек қасиетті байқасаң өмірде кездестіруге құштарлығың артады. Көркем әдебиеттің керемет құндылығы да осы емес пе?
Бақсақ, қаламгердің әр жылдары жазған «Түкпірдегі ауыл», «Дарияның арғы беті», «Көгілдір аспан», «Қарлығаштың ұясы» атты туындылары сол ауылдың суреті, сол адамдар келбеті екен.
Мен аз-кем ойланып барып, туған жердің сәлемін жеткізуге асығып:
– Аға, мен аудандағы ағайынның атынан телефон соғып тұрмын. Алдымен амандық-саулықты біліп, сосын ауылға шақырсам деген ойым бар, – дедім де жауабын күттім.
– Рахмет, Руслан! Шүкіршілік, – деп қысқа қайырды жазушы сөзін.
– Аға, Сіздің 70 жасқа толған мерей­тойыңызды туған жеріңіз – Жаңа­қорғанда өткізсем деген ойым бар. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе, әдебиетсүйер қауымға әсерлі шара болар еді..., – деп інілік ізетімді білдірдім.
Қанағатшыл кісі бірден келісе қоймады. Тұла бойына тән табиғаты ғой, тартынып тұр. Дегенмен елден арнайылап шақырып тұрғаннан кейін, ат басын бұруға арзу пейіл танытып, туған жерге шығармашылық есебін беретін болып шешті. Осылай уақытын да белгіледік. Артынша жазушы, драматург Жолтай Әлмашұлы ағамызға мән-жайды түсіндіріп, кешті жүргізуге қолқа салдым.
Әңгіменің әлқиссасы, 2015 жылдың 5 желтоқсаны естен кетпес естелік еді. Тынымбай ағамыз Алатаудан, Жолтай ағамыз Сарыарқадан Қаратауға табан тіреп, Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде бас қостық. Жазушыны қалың оқырман ыстық ықыласпен қарсы алды. Мерейтой салтанатына сол кездегі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төра­ғасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, Қазақстан Жазушылар ода­­ғының мүшелері, ақындар Адыр­бек Сопыбеков, Әскербек Рахым­­­бекұлы, Шәкизада Әбдікәрімов, жа­зушы Айжарық Сәдібекұлы мен Айдар­хан Бибасаров, Нұрмахан Елтай, Қазақстан Жазушылар одағы облыс­тық филиалының төрайымы, ақын Қаршыға Есімсейітова қадірлі қонақ ретінде қатысты. Залда ине шаншыр орын болмады. Кештің шырайын ке­ліс­тіріп Жолтай аға жүргізді. Көрнекті жазушы Тынымбай аға төрде отыр. Біз шараны «Дара дарын, қарымды қаламгер» деп атадық және ол жо­ғары деңгейде өтті.
Жазушының қоғамдағы орнын саралаған, рухани-мәдени қызметіне баға берген алқалы жиында қалам­герді құрметтеп шапан жауып, астына тұлпар мінгіздік. Одан кейін кіндік қаны тамған өлке Қосүйең­кіде ауылдастарымен арқа-жарқа дидарласқан рухани шарамен жал­ғасты.
Шығармашылық кештен соң Тыным­бай ағаның әріптес заман­дастары Әскербек Рахымбекұлы, Айжарық Сәдібекұлымен бірге «Жаңа­қорған» шипажайында бірнеше күн аунап-қунап, сырласып, келелі әңгіме құруына жағдай жасадық. Ғасырға бергісіз бес күнде ұлт руханияты мен мәдениетіне қатысты тағылымды ой, тәлімді сөздер айтылды. Біз бұдан рухани байып, кемелдене түскен едік. Бұл бес күннің бедері бағалы болды, мәнді мазмұнымен есте қалды.
Тынымбай аға ауылдан зор қуа­ныш­пен, үлкен шабытпен аттанды. Осы кездесуде Тынымбай ағамен рухани байланыс берік орнап, ағалы-інілі ізет жолы қалыптасып, бүгінге дейін сыйластығымыз жалғасып ке­леді.
2020 жылдың қыркүйегінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың шеші­мімен ауданға екінші рет әкім болып тағайындалдым. Бұл – менің бағыма берілген үлкен сый әрі зор жауапкершілік деп қабылдадым. Ау­дан­ға келген күні ең бірінші Тынымбай ағаға телефон соқтым.
– Айналайын, Русланжан, сен менің туған інімсің. Сәттілік серік болсын! – деп батасын берді.
Әттең, жаһанды жайлаған коро­навирус болмағанда биыл Жаңа­қорғанда жазушы Тынымбай Нұрма­ғамбетов ағамыздың 75 жасқа толу мерейтойын дүркіретіп өткізер едік...

***
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз өнерін бағалай білетін мемлекетшіл тұлға. Оның айқын дә­лелі, қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет Президенттің шешімімен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған тұңғыш жазушы Тынымбай Нұрмағамбетов болды. Бұл күні Ұлы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болу мәртебесі бұйырды. Бұл – шынайы құрмет. Президенттің бұл шешімін қазақ әдебиетінің классиктері Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаев сынды қайраткер қалам­герлердің әруақтары қолдап, жамбасынан бір аунап түскен болар!
Сүйінші жаңалық Алты алашты алқалап, Қазақ елін қуантқаны белгілі. Оны әлеуметтік желіде бір-бірін құттықтап, бір-бірінен сүйінші сұрап жатқан әлеуметтің көңіл-күйінен көр­дік.
Шын талантты шаршы топ даралай біледі, аламан бәйгеде аты озып, абыройы асқақ тұратынын ел ерекше ескереді. Мұны бұлай айтуымның басты себебі, әлеуметтік желіде әлеумет жарыса жазды және қалай десейші: «Мемлекеттік сыйлыққа бір ғана адам лайықты болса, ол – Тынымбай Нұрмағамбетов», «Көзі тірісінде классик өз бағасын алуы тиіс» деген парасатты пікір қаптап кетті. Осы тұста, сыншы Әмина Құрманғалиқызының: «Тынымбай – қазақтың Тынымбайы. Ол жазушы емес, суреткер. Суреткерлігі жағынан Нобель алғандармен таласқа түсер еді. Әттең...», – дегені еріксіз ойға оралады.
Расында, әлем халқы қазақ тілінде ойлап, қазақша түсінер болса Нобель сыйлығы Тынымбайды өзі тапқан болар еді. Өйткені Т. Нұрма­ғамбетовтың шығармашылық шебер­лігі, көркемдік деңгейі әлемдік әдебиет биігін бағындыруға толық жетеді.
Мұны сыншы Бағашар Тұрсын­байұлының тілімен айтқанда, оның прозасын оқырман таңдап, талға­майды. Оның жазушылығы көпке ортақ. Бәріне түсінікті тілмен, жалпыға ортақ оймен, қазақтың жаны дейтін құндылықпен оқырмандарын ізгілікке шақырады. Меніңше, жазушының шығармалары оқылымды, тағылымды болуының басты сыры – жазушының шығармасы оның тағдырымен мәндес, рухтас, әрі шынайы өмірде болған оқиғалар желісін көркем сөзбен өрнектеуінде жатыр. Яғни көңіліне түйіп, ойында қорытып, қалам қуа­тымен әрлеген шығармалар көптің көңіліне мінсіз қонақтап, ақылды, ойды, сезімді қозғайды. Бірге күлдіріп, бірге мұңайтып, керемет сезімге бөлейді.
Бұл дегеніміз, Жаратушының көкейге салған сөзіне суреткерлік қуатпен жан бітіріп, әрбір кейіпкерін оқырман көңіліне дара болмысымен жеткізе біледі деген сөз.
Жазушының мұндай мүмкіндігін парасат-пайымы жоғары, уақыт кеңіс­тігімен үндескен сезімтал таным-түйсігінде деуге болады. Тынымбайдың шығармалары оқылымды болуымен бірге оқырманын ұлттық дәстүрге, ата салттың арқауына үндеп, адами жақсы қасиеттерді дәріптейді. Олай болмаса, ұлт мінезінің тамыршысы бола ала ма?
Мен үшін ол тек жақсы аға ғана емес, жасампаз жазушылық қабі­леттің сұңғат иесі, сұңғыла суреткер. Тынымбай ағаның Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атануы қазақ әдебиетінің көрнекті өкіліне көр­сетілген құрмет екенін әрбір қаламгер біледі, мойындайды, оны қаламдастарының пікірі айғақтай алады. Кеш те болса жеткен жүлде нағыз өз иесін тапты. Талантты тану мен төрге оздырудың төрелігі тұғырға енді қонды.
Туасы, алтын жерде жатпайтыны анық қой...

Руслан РҮСТЕМОВ,
Жаңақорған ауданының әкімі

Суреттер жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтың 70 жасқа толуына арналған «Дара дарын, қарымды қаламгер» атты шығармашылық кешінде түсірілген. 5 қыркүйік, 2015 жыл
12 желтоқсан 2020 ж. 727 0