№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ортақ мекеніміз мейірге мұқтаж

Ортақ мекеніміз мейірге мұқтаж



Өзіміз өмір сүріп жатқан жер атты ғаламшарды жарық дүниенің бесігі ретінде бағалап, барынша мәпелеп ұстау – адамзат алдында тұрған ауыр міндет. Бұл бағыттағы мәселелерді экология деген ғылым құрайды. Экология ұғымын тарихқа енгізген грек ғалымы Эрнест Геккель эко – үй, логос – білу, яғни бұл жерде планетарлық масштабта адамзат тұрағы, өсімдік, жан-жануар, барша тірі организмдердің мекені – қоршаған ортамен өзара қарым-қатынасын қарастыратын ілім-білім негізін қалап берді.
                                                
Табиғатта әрбір жаратылыс бір-бірімен байланыста дамып жетіледі. Бірі кем болған жерде екіншісінің тынысы кеміп, тіршілігі семіп, толыққанды өмір сүру деңгейі орта жолда тұралап, дағдарысқа түсуі бек мүмкін. Мәселен, ыдысқа топырақ салып, су құйып, ұрық септіңіз. Ол күн энергиясын алып органикалық зат түзеді. Тамыр жайып, сабақ байлап, түйін салады. Жасыл жапырағы көмірқышқыл газын сіңіріп алып, ауаға таза оттегі бөледі. Өзара алмасудан лас ауа тазарып, өңі жаңарып, табиғат әлемнің тамырының тартылмауын Құдірет өзі осындай заңдылықпен реттеп қойған.
Заманалар алға жылжып, «ақылды технологиялар» адам санасына әмір ете бастағалы осы бір қарапайым қағидаға қиянат жасаушылар қатары арта түсті. Пенде қалауынан туындайтын ашкөз пиғыл алдыңғы орынға шығып, одан табиғатқа келетін зарар-зардап, мүлде есепке алынбайтын болды. Мұның ақыры...
Алдымен атмосфераның тазалығы мәселесіне тоқталайық. Жалпыадамзаттық баю тенденциясы табиғаттың тепе-теңдігіне орасан зиян келтіріп, барған сайын планета тұрғындарының тарихи жауапкершілік салмағын ауырлата түсуде. Мұны жеңілдетудің жолы бар ма? Бар. Және әркім оны өз қарақан басынан бастағаны дұрыс. Өйткені экологиялық эрозияға ұшыраған табиғаттан бұрын, адамның санасы екенін мойындауға тиіспіз. Адамның жаны мен рухы қатар жаңарып ақлахи қадір-қасиетімен қауышқанда барып, айнала табиғаттың да тынысы кеңіп, тереңнен өніп, бермесін беріп, тірі жан атаулыны жарылқау үшін жаратылған ұлы миссиясын мінсіз атқаруға қайта көшер еді. Бұл үшін не істеу керек?
Біз бұл күндері атмосфераны бүлдіріп жатқан алып завод, өндіріс ошақтарын сөз етуден бұрын табиғатқа өз қарақан басымыздан төніп тұрған қатерді танып-біліп соны тоқтатуға тырысуымыз керек. Ғылымға жүгінсек, әр адам күніне  1 кг, мұны бүкіл өміріне шаққанда 28 тонна қоқыс қалдығын қалдыруға мәжбүрміз. Осының өзінен табиғатқа көл-көсір зиян келіп жатқан жоқ па? Бүгінде тұрмыстық тұтынуымызға дендеп еніп кеткен бір реттік қолданылатын бұйымдар – целлофан қалта, пластикалық пакеттер мен ыдыстардың орнына неге бұрынғыдай қалта шүберектер мен металл ыдыстарды қолданбасқа? Ал сәби денсаулығына көл-көсір зиян келтіргенімен қоймай, қоқыс арасында жатып та жылдар бойы айналаға улы әсерін таратып бітетін бала жөргегінен (памперс) ада-күде арылып, жас аналарымыз бөбектерін бесікке бөлеуге дағдыланса егіз жаратылған Адам-Ата мен Табиғат-Ана перзенттерінің екеуіне бірдей көл-көсір қамқорлығымыз болар еді-ау деп ойлайсың.
Өзгені қойып, өз өңірімізді алсақ, көшеге шыға қалсаңыз да, сауда үйлері, базар маңында да бей-берекет тасталған пластикалық заттар қалдығына көз сүрінеді. Кейде үй ауласынан азық іздеп шығып кететін мал-құс сол қалдықтарды теріп жеп, арылмас ауру жамап, азып-тозып, ақырында кәдеге аспай қалып жатады. Екі аяқтылардың қырсыздығы, тазалыққа салғырт қарауының ақыры өзіне қырсық болып жабысып, бейнетінің берекесін алуының бір түйіні осында жатыр.
Тағы бір мәселе, көше толған көлік азайса күн сайын ауаны ластайтын түтін сейіліп, көзіміз ашылар еді. Үлкен қалаларды былай қойғанда, ана шеті мен мына шетіне аяқ жететін аядай қонысымызда таяқ тастам тұсқа тұлпар тізгіндемесек тұра алмайтын тобанаяқ
мінез жамадық. Салауатты өмір салтының басты ұстанымы – белсенді қимыл-қозғалысты басты бағдар еткен өркениетті елдерде зиялы жұрт велосипедпен немесе жаяу жүру қағидаларына көбірек мойын бұрып келеді. Ал біздің осы үрдіске көз жұма қарап, атамекенде жетпіс жыл жаяу жүріп күн кешкен әке-шешемізден асып түсіп, тақтың үстінде туғандай, тақыр жерді табанмен басуымыз мұң болып барады. Яғни, табиғат пен адам ажырады. Адам өз алдына асқақтап, табиғат одан қашқақтап, арасында орнаған алып қамалды қақырататын қайрат әр қазақтың бойынан табылады. Тек оған ерік-жігер қажет.
Бабаларымыздың ұрпағынбала күнінен басынан құс ұшырмай тәрбиелеп, табиғатқа теліп өсірген өспірімді титтейінен тайға мінгізіп, топ-
қа қосқанда қиялы қияда, көңілі көкте, күші білекте, жүректі азамат болып қалыптасуын мұрат еткен ғой. Сол асыл дәстүрімізді жалғастырсақ нұр үстіне нұр емес пе?
Қоршаған ортаға кінаратсыз көзқарас ең алдымен айналаны таза ұстаудан басталады. Осы мәселеде «Жаңақорған Тазалық» мекемесінің жыл бойы жүргізген жүйелі жұмысы тұрғындарымызды бірізді тәртіпке келтіре алмағаны өкінішті. Көше сайын аралап өтетін арнайы көліктерге үй алдындағы қоқыстарын шығарып қойып, ақысына айына жан басына шаққанда 65 теңгеден төлеуді жолға қоя алмаған жұртшылықтың қаперсіздігіне не дерсің. Соның ақыры мекеменің жұмысының жүрмей, тоқтап қалуына соқтырып отыр. Сана мәдениетіміздің төмендігінің бұл да бір дәлелі. Сана жаңармай қоғам жаңармайды.

Баян ҮСЕЙІНОВА
09 желтоқсан 2020 ж. 466 0