№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ана мен бала саулығы – демография көрсеткіші

Ана мен бала саулығы – демография көрсеткіші




Кез келген отбасының басты құндылығы – бала. Ал сәбидің қалыптасуында ананың рөлі ерекше. Сондықтан ана мен бала денсаулығына мән берілуі заңдылық. Әсіресе медицинада ана мен бала өлімін болдырмау маңызды іске айналды. Мұның мән-маңызына облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов қатысқан штаб отырысында қанықтық. Аудан әкімдігінде өткен жиынға аудан әкімі Руслан Рүстемов модераторлық етті.

– Ана мен бала саулығы – медицина саласының ең өзекті мәселесі. Еліміздің баянды болашағы, ертеңгі жарқын күні ана мен бала денсаулығына тікелей байланысты. Ана мен бала өлімін болдырмауда, алдын алуда барлық жауапкершілікті тек болашақ аналардың мойнына артпай, медицина саласы мамандарымен біріге отырып жұмыс атқару маңызды,– деді аудан әкімі Руслан Рүстемұлы.
Тарихқа қарасақ, соғыс, аштық, репрессия, індеттің таралуы және т.б факторлар адамзаттың өсіп-көбеюін шектеп отырды. Мұндай нәубет қазақтың басынанда айналып өтпеді. Мәселен, 1919-1923 жылы 1,7-2,3 миллион, 1929-1933 жылы 1,8-2,4 миллион, 1937-1940 жылы 50 мыңға тарта, 1941-1945 жылы 300 мыңға тарта адамнан айырылдық. Мұның бәрі ұлттың көбеюіне әсер етті. Енді тарихтан сабақ алып, өркендеудің жолын табу керек. Бұл жолда ана мен балаға ерекше қамқорлық таныту керек.
– Ана мен бала өлімі тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің барлық елдерінде кездесетін жағдай. Оның алдын алу үшін кешенді әрі тиімді шараларды атқаруымыз керек. Негізгі себептердің бірі ретінде біз ананың жүктілік кезіндегі денсаулығының нашарлауын, оның бойындағы кейбір ауру түрлерінің асқынуын айтамыз. Айналып келгенде бұл мәселе ананың жүктілікке дейінгі және жүктілік кезіндегі денсаулығына тікелей байланысты. Егер де әйел адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, жүктілікке алдын ала дайындалып, өз денсаулығына босанғаннан кейін де тиісті дәрежеде мән беретін болса, арты өкінішті жағдайға әкеліп соқтыратын жағдайлар аз кездесер еді. Медицина ғылымында «экстрагенитальді аурулар» деген термин бар. Бұл – жүрек қан-тамыр жүйесінің, бүйрек пен бауыр және де басқа ағзаларда кездесетін ауру түрлері. Әсіресе жүктілікке дейін болған, сондай-ақ жүктілік барысында, босануда, босану кездерінде асқынған бұл ауру түрлері ана өліміне әкеп соқтырып жатады. Сондықтан ағзада анықталған қандай да бір ауытқушылық оның қызметінің бұзылуына себеп болып, ананың да, баланың да қалыпты дамуына айтарлықтай залалын тигізеді. Міне, осындай жайттарды болдырмауда сіздер атқарылатын жұмыстың санына емес, сапасына мән берсеңіздер ана мен бала өлімінің алдын алған болар едіңіздер, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Бексейітұлы.
Өз кезегінде, сөз алған аудандық аурухана басшысы Яхия Шорабаев: «Бүгінде аудан бойынша ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер саны – 15324 болса, олардың тексерумен қамтылуы 100 пайызды құрайды. Ал жүктілігі бойынша 1743 жүкті әйел есепте тұрады. Оның 80 пайызы экстрагенитальды ауруларына, асқынған акушерлік анамиезіне байланысты қауіп тобына алынған. Осы мақсатта ана мен бала денсаулығын сақтау жолында еселі еңбек жасалып келеді. Бұл жайында аудандық баспасөз беттерінде аз айтылып жүрген жоқ. Уақытылы дәрігерлік тексеруден өтіп, анықталған ауру түрлері болса оларды емдетіп, білікті дәрігерлерден ақыл-кеңес алып тұруы керек. Кейбір аналар осы жағына үлкен мән берместен бала көтереді. Жүктілік кезінде денсаулығы сыр береді. Бұл баланың да қалыпты дамуына, жарық дүниеге келгеннен кейінгі денсаулығына әсер етеді. Азаматтар аурудың алдын алуды үйренуі керек. Әрине, өмір болған соң әртүрлі жағдайлар болады. Бірақ дүниеде адам денсаулығынан асқан құндылық та, байлық та жоқ. Біз осы жолда еңбек етіп келеміз және бар біліміміз бен біліктілігімізді ана мен баланың денсаулығын, өмірін сақтап қалуға арнаймыз», – деді.
Осы жылдың тоғыз айына қорытынды жасаған Яхия Кәдірбекұлы 2020 жылдың тоқсандық қорытындысында жүкті, босанған, босанатын әйелдер мен балаларға медициналық көмек көрсетуді жақсарту жөнінде біршама жұмыстар атқарылғандығын атап өтті.
Жиынды облыстық денсаулық сақтау басқарамасының басшысы Сәбит Бексейітұлы қорытындылап, ана мен бала денсаулығын нығайта түсудегі жұмыстардың кешенді түрде жалғасу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ ана мен бала өлімінің алдын алуда дәрігерден бұрын, адамның өзіне деген жауапкершілігі үлкен рөл атқаратынын, аталған көп мәселенің бәрі уақытылы емдеу шарасын қолға алған кезде еш қиындықсыз шешімін табатынын тілге тиек етті.
Лаура БИБАСАРОВА
20 қазан 2020 ж. 649 0