№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ДЕНСАУЛЫҚ САҚШЫЛАРЫНЫҢ САЙЫСЫ

ДЕНСАУЛЫҚ САҚШЫЛАРЫНЫҢ САЙЫСЫ


Ұлт саулығы – мемлекет байлығы. Тәні саудың – жаны сау екендігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан бүгінгі таңда аурудың алдын алу қоғам үшін өте өзекті болып табылады. Келешек ұрпақтың баянды болашағының кепілі болып табылатын денсаулық мәселесін жетілдіру – дәрігерлік борыш. Осы тұста, маусым айының үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлері күні мен Астана қаласының 20 жылдығына орай, денсаулық сақшылары арасында аудандық спорттық сайыс өткізілді. Дене шынықтыру және спорт кешенінде өрбіген дүбірлі жарысқа емдеу ұйымдарынан құрылған 8 команда спорттың сегіз түрі бойынша бақ сынады. Оның қатарында «Найзағай», «Барыс», «Сұңқар», «Шипагер», «Жедел жәрдем жастары», «Қырандар», «Абзал жандар», «Мейірім» командасы бар.
Спорттық шараның шымылдығын түрген аудан әкімі Ғалым Әміреев денсаулық сақшыларын кәсіби мерекемен құттықтады.
– Бұл мереке – адам жанының арашашысы, денсаулық сақтау саласының барлық қызметкерлерінің ерен еңбегі дүйім жұртшылықпен бағаланатын күні. Сіздердің толассыз еңбектеріңіздің өлшемінде өмір қуанышымен қайта қауышқан талай адамның тағдыры тұр. Мейірім мен кәсіби адалдықтарыңыз ақ халатты жандарды қоғамның биік сатысына шығарды. Біздің алдымызда үлкен жоспарлар, межелі мақсаттар бар. Аудан тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігі мен халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру басты борыш. Бүгінгі таңда аурудың алдын алу бәрінен маңызды. Сондықтан да келешек ұрпақтың жарқын болашағының кепілі болып табылатын денсаулық мәселесін жетілдіру – күн тәртібінен түспек емес, – деген аудан әкімі барша медицина қызметкерлерін мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Мұнан кейін жарыс қатысушылары қаппен секіру, волейбол, арқан тарту, допты себетке салу, қаппен тарту, айналма жарыс секілді спорттың бірнеше түрінен сайысқа түсті. Қызықты да тартысты өткен ашық спартакиада да медицина қызметкерлері өздерінің салауатты өмір салтын жақсы ұстанатындықтарын дәлелдеді. Кіл мықтыдан, кім мықтыны анықтаған айтулы дода да аудандық аурухана жанынан құралған «Шипагер» командасы оқ бойы озып шығып, жарыс жеңімпазы атанды. Ал, ауылдық емханалар жанынан құралған «Қырандар» командасы қырағылық танытып, екінші орынға жайғасты. Қола жүлде аудандық емхананың «Найғазай» командасының қанжығасында кетті. Осылайша, жарыс жүлдегерлері ұйымдастырушы тараптың арнайы «Дипломы» мен бағалы сый-сияпатына ие болды.
«Қос тойың қабат болсын» демекші, жарыс жеңімпаздарынан бөлек, кәсіби мереке қарсаңында денсаулық сақшыларының елге еткен еңбектерін елеген ауданның бас дәрігері Сәулебек Ысқақов сала үздіктерін арнайы марапаттады.
Мерейі тасыған марапат иелері қатарында дәрігер-хирург Есетов Ғалым «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, дәрігер Жадыра Бураханова облыс бойынша «Үздік дәрігер – 2018» номинациясымен, 500 мың теңгенің сертификатын иеленді. Сондай-ақ, ауданның бір топ медицина қызметкерлері «Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының», «Қызылорда облысы бойынша медбикелік іс мамандарының Ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің, аудан әкімінің, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының, аудандық орталық аурухана бас дәрігері мен салалық кәсіподақ ұйымының «Алғыс хаты» мен «Құрмет грамотасына» және «Қызылорда облысы Байқоңыр қаласы бойынша аймақтық соғыс, еңбек, мемлекеттік және әскери қызмет ардагерлерінің Кеңесі» қоғамдық бірлестігінің «За добросовестный труд и личный вклад в дело обеспечения медицинской помощи» төсбелгісімен марапатталды.
Астана қаласының 20 жылдығы мен Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орайластырылған спорттық шараны түйіндеген сала басшысы Сәулебек Есхожаұлы ұлт саулығы – мемлекеттің басты байлығы екенін айта келе, барлық әріптестеріне қажырлы еңбек ете беруіне тілектестігін жеткізді.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ.
19 маусым 2018 ж. 1 090 0