№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » МУЗЫКА – ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ ТІЛІ

МУЗЫКА – ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ ТІЛІ

Өнер ұлт болмысының айнасы болса, музыка халықтың асқақ рухы. Ғасырлар бойы үздіксіз дамып, жетіліп келе жатқан осынау өнердің келер ұрпаққа жеткізілуі бүгінгі буынның парызы. Осы жолда өмірінің әрбір сәтін тек жақсылыққа арнап, өнерлі шәкірттер тәрбиелеп, ауданның музыка әлемінде өзіндік орны қалыптасқан ұстаздар қауымы жетерлік. Сондай шығармашыл адамның бірі – Шәрбәну Жиенбаевамен «Сенбілік сұқбатта» тілдестік.


Арал ауданы Ұялы ауылында дүниеге келген Шәрбәну мектеп жасынан өнерді өзіне серік етеді. Кейіннен отбасылық жағдайына байланысты облыс орталығына көшіп, №7 мектепті бітіреді. Қызылорда каласындағы музыкалық колледжге тапсырып, одан әрі білімін жетілдіру мақсатында Қорқыт ата атындағы университетті вокал факультеті бойынша бітіріп шығады.
Ең алғашқы еңбек жолын Қызылорда қаласындағы СПТУ-да үйірме жетекшісі болып бастап, көркемөнерпаздар жетекшісі дәрежесіне дейін көтеріледі. Екі-үш жылық тәжірибе жинақтап, басшылар тарапынан Төменарық елдімекенінде орналасқан клуб үйіне арнайы жолдамамен қызметке ауысады. Өнер жолы ізденістен тұратынын білген жан осы елдімекенде орналасқан №53 мектепке музыка пәнінің мұғалімі болып жұмысқа қабылданады. Осы ауылдың Рахым есімді жігітіне тұрмысқа шығып, Ермановтар әулетінің ақ келіні атанады. 2014 жылы аудандық «Әлшекей» өнер мектебіне ауысып, нағыз қайнаған өнер ортасында тың дүниелердің өмірге келуіне септік жасайды.
– Талантты айтпағанда үлкен білім мен тазалықты қажет ететін өнер жолына келуіңізге не себеп?
– Музыкаға деген әуестігім мектеп табалдырығында жүргенде басталған. Анам ән айтса, әкем домбыраның құлағында ойнаған жан. Өнерден алыс емес отбасында тәрбиеленгендіктен болар 9 сынып оқып жүргенімде-ақ әндерім шыға бастады. «Алғашқы сезім» және «Осень» деген әнді жазған болатынмын. Өкініштісі, екі әннің де әлі күнге дейін сөзі жоқ. Қабілетімді білген әке-шешем өнер жолын таңдағаныма еш қарсылығын білдірген емес. Жақсы маман болып қалыптасу үшін әуелі музыкалық колледжді, сосын жоғары оқу орнын тәмамдадым. Әнге деген махаббат өнер жолына келуіме сеп болды.
– Ән шығарамын деп айтып қалдыңыз, көбіне туындыларыңыз қай ақынның сөздеріне жазылды?
– Өнер саласындағы өсу жолымда өркен жайып, тамаша жетістікке жету үшін үнемі ізденіс үстінде болдым. Басты бағытты үйретіп, әннің структурасын қалыптастыруда ақын, жазушы Адырбек Сопыбековтың орны ерекше. Ол мен үшін өнер деген ұлы жолда композиторлық өнерімнің дамуына себепкер болған кісі, ақылшы ұстазым бола білді. Алғашында ән жазғаныммен сөзін келістіре алмаушы едім. Содан Төменарықта қызметте жүрген кезімде әріптестерім ауданда Адырбек Сопыбеков деген ақын тұратынын, ол кісіге жолықсаң талай әннің жұлдызы жағылатынын айтып, сол кісіні іздеп келуіме себепші болды. Бір күні оқталып, арнайы іздеп келдім. Іштей тілеп келгенімде алдымнан шыға келмесі бар ма? Аға, сізге жолыққалы келдім дей бергенімде, қарағым, сен асықпа, үйге кел деп шаңырағына шақырды. Содан домбырада тарта алмай фортепианода ойнап сол уақытта ұмытып қалмасым бар ма. Сонда ол кісі Бексұлтан да осылайнан менің алдыма келгенде ұмытып қалатын еді, қане маған буындарын жазып бер деді.
Содан қаламымды қолыма алдым да ақ қағаз бетіне «Өмірде бар ма досың», «Қайран менің қазағым» деген екі әннің буындарын жазып бердім. Бір мезетте қайта бер үн қатты. Ішімнен қапаланып, осы әндерім далада қалып кетпесе екен деп уайыммен қайтқан едім. Арада аптаға жуық уақыт өткенде мәдениет үйінің іс жүргізуші қызына дайындап, әніме сөз жазып тастап кетіпті. Рахметімді айту үшін ағамды арнайы іздеп бардым. Сонда айтқаны әннің структурасы осылай болады деп музыкалық сауаттылығымның одан әрі дамуына жол сілтеген еді. Бірде күтпеген жерден Адекең өзі сөзін жазып беретінін, сол сөзге ән жазуымды өтінді. Қолыма «Өз бақытымды кездестірдім» деген өлеңін ұсынды. Шабыты келмей, әнін келістіре алмай жүргенімде арада екі жыл өтіп кетіпті. Қайтсемде жақсы бір ән шығару керек деп оқталып әдемі бір әннің дүниеге келуі ұстазымды бір қуантқаны әлі күнге есімде.
Адырбек Сопыбеквпен бірігіп, «Айлы түнде», «Оралшы Аралым» «Киелі мекен сыр елім», «Тордағы бұлбұл», «Кұйсандықтың зары немесе бік өкше» өлеңдеріне ән жаздым. Бірде «Отаным Қазақстан» тақырыбында ән жазсаң деп аудандық мәдениет үйі қызметкерлері өтініш айтты. Тез арада әннің дайын бола қоймайтынын біліп, Адекеңе қоңырау шалып өтінішімді жеткіздім. Ертесіне өнер мектебіне келіп, балаларыңа қиянат болмасын деп түнімен отырып жаздым. Міне сен сұраған ән деп «Отаным менің Қазақстан» әнін қолыма ұстатып, өзі Қызылорда қаласына жол жүріп кеткен еді. Осы кездесуіміз соңғы көруім болған екен. Өз кешінде сахнада өлең оқып тұрып бақилыққа аттанғанын естігенде есеңгірегеніміз рас. Айта кетініні, осы ән де ең соңғы шығармасы еді.
– Басқа жергілікті ақындармен жұмыс жасайтын шығарсыз?
– Әрине. Жергілікті ақындардан Әбілқайыр Сыздықовпен тығыз қарым қатынастамын. Ол кісі менің «Туған өлке», «Қазақ елі», «Шуақты жан» әндерімнің сөзінің авторы. Жақсыгүл Бегманова апайыммен бірігіп «Туған өлкем Жаңақорған» өлеңіне ән жазғам. Әбдікамал Дүйсебаевтың «Наурыз шапағаты» сөзіне ән жазып, бұл ән облыстық деңгейде өткен «Наурыз шапағаты» өнер фестивалінің гимні болды. Одан бөлек әдебиет әлемінде өзіндік орны бар, ұлы ағартушы ұстаз Ыбырай Алтынсаринннің өсиет өлеңдері мен «Кел балалар оқылық» өлеңіне ән жаздым. Осы туындым түрлі байқауларда орындалып, жұлдызы жанып, жүлделі орыннан көрінді. Ал қазақ сахнасында Рамазан Тайманов, Сәбит Қорабаев, Дүйсенхан Сыздықовтармен де жұмыс барысында тәжірибе алмасып тұрамыз.
– Шәкірттеріңізге тоқтала кетсеңіз?
– Осы күнге дейін нақты санын айта алмасамда талай өреннің өнерде қанат қағуына себепші болдым. Шүкір, шәкірттерім Халықаралық, Республикалық облыстық деңгейдегі байқаулардың биігінен көрініп жүр. Мәселен, Болгария елінде өткен өнер додасында Ералы Ескендір «Синяя вечность» әнін орындап, дипломант атанып, жерлестерін бір қуантқаны бар. Азизбек Тасболат, Дінмұхаммед Жамур деген өнерлі шәкірттерім де осы күні абырой биігінен көрініп жүр. Күтер үмітім де зор. Бастысы таланттарын шыңдауда еңбектену басты қағида екенін ұмытпау керек. Шәкірттерді жеке дайындаудан бөлек «Талант» деп аталатын жас өнерпаздардан құралған тобым бар. Олардың да жеткен жетістіктері бір төбе.
– Осы күні қанша әннің авторы атандыңыз. Мына ән менің паспортым деп бір шығармаңызды бөліп-жарып айта аласыз ба?
– Отыз үш жылдық тәжірибемде елуге жуық ән жазыппын. Ендігі арманым осы әндерден әнжинақ етіп кітап жазып шығару. Ән музыка мен сөздің бірігуі ғана емес, ән айту арқылы орындаушы өз сезімін білдіре алады. Сондықтан паспортым деп айтпасамда жүрегіме жақын «Бақытымды кездестірдім» деген әнім бар.
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
– Өмірдің әр сәтінен сабақ алу. Жүрекпен жұмыс жасап, әр істеген ісіңнен нәтиже шығару. Ал шәкірттеріме үнемі «Талант бір пайыз, қалған тоқсан тоғыз пайыз еңбек» деп айтып отыратыным тағы бар. Әке-шешеден көрген тәрбиеміз болар тек еңбектің арқасында ғана биік-биік асуларды бағындыра аласың. Ең бастысы алдымда отырған болашақ өнер жұлдыздарынан сана сезімі, мәдениеті жоғары тұлға қалыптастыру.
– Сіздіңше әйел бақыты дегеніміз не?
– Бақыт дегенді әркім әрқалай түсінеді ғой. Мен үшін бақыт дегеніміз өміріңнің толыққандылығы мен маңыздылығы. Демек, өмірлік жарыңды кездестіріп, дүниеге перзент әкелу. Одан әрі оларды жетілдіріп, қуанышы мен шаттығын бөлісу, немере сүю. Осы күні мен Құдай қосқан жолдасым Рахым Ермановпен өмірдің мәні отбасы екенін ұғынып келемін.
– Сұқбатыңызға рахмет!
Лаура БИБАСАРОВА
22 маусым 2020 ж. 435 0