» » » Ораза ұстау арықтау емес...

Ораза ұстау арықтау емес...


Қара түннің қою түсі қара көкке айнала бастағанда алыстан азан дауысы талып естілді. Екі бөлмелі пәтер ішін ерсілі-қарсылы кезген Жамалдың аяқтары стол астына келіп байыз тапты. Жұрт намаз оқуға қамданғанда, Жамал таңғы сәресін ішуге кірісті. Бір жерден: «Азан шақырылмас бұрын оразаның таңғы сәресі аяқталады»,- дегенді естігені бар еді. Есіне сол сап ете түскенде қайта орнынан тұрып, ашық терезелерді бекітті. Сонда да азан дауысы ақырын еміс-еміс ішке еніп тұр. Ондағы ойы: білмеген адамда жазық жоқ,- дегені.
Негізінен Жамалдың ораза ұстауға, оның қағидаларын сақтауға мүлдем құлқы жоқ еді. Сания ғой: «осы оразаны пайдаланып арықтап алмайсың ба?» - деген. Сол-ақ екен Жамал 90 кг салмағын 60-қа түсірем деп бірден ораза ұстауға ниеттенген. Жамал үшін бұл ораза емес, отыз күндік диета. Жамал таңғы намаз аяқталғанда барып бетін сипап ауызын бекітті. Ауылдағы енесінен естуші еді, ораза ұстаған адамдар мешітке барып түнгі намаз оқыса мол сауапқа кенеледі деп, мүмкін раста шығар,- деді Жамал. Өзіне салса мешітке кіргісі жоқ, біртүрлі қорқады. Жамал жұмыстан соң кешкісін құрбысы Айнұрдың үйіне ауызашарға келді. Бір байқағаны Айнұрдың ата-анасынан басқаларының бәрі өзі секілді жас отбасылар екен. Ал енді осы отыз-қырық адамның ішінде нақты ораза ұстағаны үшеу ғана. Іштерінен күбірлеп дұға ма, тілек пе әйтеуір соған ұқсас бірдеңе айтқан болды. Шілденің шарайнасынан кенезелері кеуіп қалғандары белгілі. Асқазанның аржағына азық-түліктер жөнелтілген соң жөні түзу әңгімеге көшті.
- Мен негізі ораза ұстамаушы едім, Қадірбек досым ораза ұстасаң темекі тастайсың деген соң ұстап келем, бірақ еш көмегі жоқ, - деді қара торы талдырмаш бойлы Нұржан.
- Ал, мен енемнің «ораза ұстасаң өзіңе жақсы болады» деген сөзін қоймаған соң, көңілін қимай ұстап жүрмін, еш қиындығы жоқ екен таңнан-кешке дейін тамақ жемесең болды,- деп Самал тырнақтарын егей бастады.
- Ал, Жамалдың неге ұстағанын білемін, бірақ айтпаймын,- деп Нұржан орынсыз жымиып қойды.
- Мен, арықтау үшін, басқа не үшін ұстаушы ем, артық майдан арылсам болғаны,- деп Жамал алдындағы тәтті тоқашты барса келмеске аттандыра салды.
- Біреулер айтады, ораза ұстағанда өтірік айтпайсың, жамандық жасамайсың деп, сонда ораза ұстамаған адамдар өтірік айтып жамандық жасай беруге рұқсат дегені ғой я,- деп Самал қызарақтай кетті.
- Қазір ораза-мораза деген нәрселер модыдан қалған, сендер немене кәрі әже мен ата емессіңдер ғой, қартайғанда бәрімізде ораза ұстап, намаз оқимыз, ал қазір жастық шақта ойнап-күлу керек Самал,- деді Үміт балконнан шығып келе жатып.
- Сонда да осы мені бір ой мазалайды да жүреді.Осы бізді жаратқан Алла екенін білеміз, бірақ соған шын беріліп сиынып, құлшылық қылып жүргендер бірнеше ғана адам сияқты,- деді Жамал.
- Біздің елде ешқашан толық мұсылман болмайды, анасы христиан, әкесі мұсылман, баласы атеис болып кете береді. Шын айтам, Біздің Мариям о божеден басқа айтпайды, ал балам Саматқа дін туралы айтсаң «пап, оның бәрі сказка, біз өлген соң жануар немесе құс боп қайта өмір сүреміз» дейді, сондықтан біз қойыртпақ қоғамда адасып кете береміз я,- деді Нұржан сәл күрсініспен. Аз-кем тартыстан соң дастархан жиылып, қонақтар тарқаса бастады. Жамалдың ойына жолда келе жатып Нұржанның айтқандары орала бастады. Шынында, мен осы арықтау болмаса Алла деген жан емеспін, о боже деп жүрдім ғой. Үйдегі балаларым Асан мен Үсенге де оразаны ораза емес диета деп үйреттім. Ертең осылай ақырын-ақырын дінге сенбейтін атеис болса қайтем? Ой, қойшы, ничо не будет достарым да сеніп жүрген жоқ өтірік айта береді. Тезірек арықтасам болды, мен де Үміт айтқандай ораза-поразаны ұмытам деп,- Жамал тез-тез басып подьезге кірді.
Сол кеште өз аяғымен кірген Жамал екі сағаттан соң өзгелердің аяғымен көтеріліп шықты. Жедел жәрдем Жамалды жан сақтау бөліміне жеткізді. Асқазанға бірдеңе жабысыпты деген жорамал диагноз қойды. Дәрігерлер нақты ештеңе айта алмады. Асқазан дейтін себебі асқазанда ақау жоқ болса да, ешбір тағам, тіпті суда өткізбей қойған. Аурудың себебін тек Жаратқан Алла ғана біледі. Құдіреті күшті Алла Тағала ақырындап аурудың ақырын Жамалға да сездірді ме, жоқ әлде Жамалдың өзінің ойы ма, бір жапырақ қағаз сұратып бір сөйлем жазды да дәрігерге ұстатты. Ондағы жазылған: «Ораза арықтау емес, ораза күнәдән тазару екен»,- деп жазыпты.
Алла Тағала сүйген құлына өзі ауру береді, өзі аурудан айықтырады. Тәубаға түскен пенделер – қуаныш. Тәубәсінің түрін танымай өткендер қаншама, Алла сақтасын!

Әміржан БОЛАТХАНҰЛЫ.
09 мамыр 2020 ж. 681 0