№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Дара жолды Дәніш ақсақал

Дара жолды Дәніш ақсақал


Әр елдің өз ардақтысы, ақылды азаматы болады ғой.
«Өмірі жол сияқты адамзаттың,
Қызығы түс сияқты көңіл шаттың.
Жүз жылғы ғайшы-ғишарат сүрген дәуір.
Болмайды шамасындай бір сағаттың» – деген Тұрмағанбет Ізтілеуовтің өлеңінде айтылғандай, кеше көзін көріп, тәлімін алған Дәніш Қарабалаұлының 100 жасқа келгенін еске түсірмекпіз.
Қай заманда болмасын, қай өңірде болмасын, қай ауылда болмасын ел бірлігін көздейтін, аузы дуалы, сөзі пәтуәлі, білімгер, мәмілегер тұлғалар болған. Сондай ағалардың бірі, соғыс ардагері Дәніш аға болатын.
Дәкеңе арнағандай, қадірлі ақын, жазушы Адырбек Сопыбеков болса:
«Сақтаған елдің ерлік қасиетін,
Өнеге, айтқан сөзің, өсиетің.
Өмірде Алатаудай биіксіңдер,
Ақылды ұрпақтарың бас иетін» – дейді.
Адамның да адамы, азаматтың да азаматы бар. Олардың орны мен жолы бар, жөні бар. Ісі мен ізі бар, сөзі мен көзі бар, өнегесі мен өрнегі бар.
Дәкең 1920 жылы Жаңақорған ауданына қарасты Жайылма ауылдық кеңесінде дүниеге келіп, 17 жасында Ұлы Отан соғысына аттанды. Соғыс ауыртпалығы кімнің де болса белін қайыстырып, тұрмыс-тіршілік тақсіретін тарттырмаған. Соғыстан кейінгі қиындықтарды басынан кешірген Дәкең соғыстан ІІ дәрежелі мүгедек болып елге оралды.
Содан кейін Дәкең өзінің 30 жылдан аса сапалы өмірін халыққа қызмет етуге арнады. Ол ісіне жауапкершілікпен қарап, келген адамға кішіпейілділікпен, адамгершілікпен қабылдап, ісін тиянақты бітіруге мән беретін. Онымен бірге қызмет атқарған Дауылбай Маханбетов, Сауранбай Баубеков Дәкеңді аға тұтып, үнемі ақыл-кеңесін алып отыратын еді. Дәкең өмірдің ауыр соқпақтарын басынан өткізіп, оқып, білім алмағанымен өмірден түйгені мол, аталы сөз айтып, кез-келген жиынның мәнін арттыратын. Қандай жерде болмасын, тура сөйлейтін, елдіктің, ағайынгершілікті туын тіктейтін. Ең бастысы, бауырмал, көпшіл, кеңпейіл болатын. Жұрт оның осы қасиетін құрмет тұтты.
Дәкеңнің мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, ақыл-парасаты, ойлап сөйлейтіні – өз қатарынан ерекшелейтін. Дәкеңнің тамаша бір қасиеті – ешкімді бөлмейтін, алаламайтын, бәрін де бауырдай, туысқандай көретін. Ешкімге қиянат жасамауды білмейтін, дүниеге қызықпайтын.
Өзінің ісін мінсіз атқарғаны үшін Дәкең жоғарғы орындар тарапынан бірнеше мақтаулар мен сый-сияпаттарға ие болды. «Еңбек қызыл ту» орденімен, бірнеше медальдармен және Қазақ ССР Байланыс министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Елге сыйлы, жұртқа құрметті болған адам туралы сыншы, жазушы Бақыт Сарыбалаұлы естелік жазып, онда:
«...алуан түрлі құжаттар мен айғақ қағаздар бар. Бірақ олар тіл бітірмесең, не себепті және қандай ерлік, еңбегі үшін берілгенін ашпасаң, бір-бір ғана сараң сөйлемдер мен кешегі кеңес жылдарынан қалған жай ой-демдер болып қана қалмай ма? Бәрібір бұлар – құн жетпес куәліктер, қия бастырмас айдай анық айғақтар. Сондықтан бұлардың бәрін емес, елеулі бірнешеуін мысалға келтіре кетелікші:
1966 жыл 5 қазан Халық шаруашылығындағы табыстары жөніндегі №110 куәлікте Жолдас Дәніш Қарабалаев КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің кеңесі комитетінің қаулысымен Алтын медальмен марапатталды.
Әлемнің алтыдан бірін бауырына басқан алып КСРО мемлекеті халық шаруашылығы саласындағы озық жетістігін бағалап, Алтын медаль алып жатсаң, осал табыс па? Қазақ Елі болып елейтіндей еңбек екені анық қой.
1974 жыл 24 желтоқсан Жаңақорған аудандық байланыс торабының Байланыс бөлімшесінің бастығы Д.Қарабалаев Қазақ КСР-і Байланыс министрлігі мен Байланыс қызметкерлері кәсіподағы республикалық комитетінің қаулысымен «Тоғызыншы бесжылдық озаты» белгісімен марапатталды.
Байланыс бөлімшесінің бастығы Д.Қарабалаев Байланыс министрлігі мен кәсіподақ Орталық комитеті атынан «1978 жылғы Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісімен марапатталды (14 наурыз 1979 жыл).
Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Қарабалаев Дәніш көп жылғы жанқиярлық еңбегі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің атынан Қызылорда облыстық Халық депутаттары Кеңесінің атқару комитетінің 1982 жылғы 31 желтоқсандағы шешімімен «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды», делінген.
Аға жолын дәріптеп жатса оның несі айып?! Бақыттың ойтолғамын шабытпен оқып, Дәкең жайлы мақала жазуды ұзақ уақыттан бері жоспарлап жүр едім. Үстімнен ауыр жүк түскендей болды.
Шүкір! Иә, аға жолын дәріптегендіктен шүкір дейміз де!
***
Дәкең Ұлы Отан соғысынан елге келіп, еңбекке араласып, отау құрды. Өмірлік жары-Қоңырбайқызы Сарықызбен екеуі 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, 16 немере, 10 шөбере көріп, өмірден кетті.
Ұлдары Әбдіхалық қара шаңырақта, жұбайы Жантөреқызы Жәмиламен 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді.
Екінші ұлы Әбдіхамит жұбайы Мырзахметқызы Қалдыгүл екеуі 2 ұл, 1 қыз өсірді. Шиелі ауданында тұрады. Елге елеулі азамат Сәкеннің 1 қызы бар.
Дәкеңнің немересі Ермек Әбдіхалықұлы атасы жайлы деректер жинап, ұрпақтық борышын атқарып, атасы жайлы 100-ге келгені жөнінде деректі қор жинауда. Өте құптарлық іс. Жақсы адамның артында жақсы істерін насихаттайтын өрнекті іс жасалғаны дұрыс.
Қадірлі Дәкең арамыздан ерте кетті. Әрине, оның ортамызда ұрпақтары бар. Адам ұрпағымен мың жасайды деген. Дәкеңнің ұлдары мен қыздары Жаңақорған, Шиелі, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Астана қалаларында өсіп-өніп, өркен жайып, қызмет етуде.

Шайдарбек қажы ӘШІМҰЛЫ,
тарихшы, Халықаралық жазушылар одағының мүшесі
02 мамыр 2020 ж. 633 0