№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Әкем сыйлаған кітап

Әкем сыйлаған кітап


Ұмытпасам 7 сыныпта оқимын. Әкем күн бата үйге келді. Қолында екі кітап бар. Қойшығара Салғариннің «Алтын тамыры» мен «Өзбекәлі Жәнібеков» деген кітап. Біріншісінің мұқабасы сары, екіншісі көк түсті. Есімде қалғаны осы.


Кітаптарды қолыма ұстатып: «Мынаны оқы. Түсінігіңді сұраймын», деді.
14 жастағы баланың талғамына, дүниетанымына ауыр екені анық. Содан болар мектеп бітіргенімше әлгі кітаптарды бірнеше рет оқыдым. Бірақ түсінгенім шамалы. «Алтын тамыр» Ғұн мемлекеті жайлы. Мүде қағанның отаншыл істерін баян етеді. Екіншісі, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен қызметіне арналған.
Не керек, әкемнің бағалы сыйлығы кітап оқу құмарлығын оятты. Ауылдың кітапханашысы көршім болды. Ұлты орыс. Ол қызықты кітаптарды ұсынады. Мен үш-төрт күнде тауысып, қайта барамын. Осылайша кітаппен достық орнады. Содан болар бүгінде кітапханашы көрсем, ерекше құрмет көрсетуге дайын тұрамын.
Біз институт оқыған жылдары студенттік стипендия 3200 теңге болды. Зачеткасында төрті барлар 2700 теңге алады. Павлодар мемлекеттік педагокалық институтының ғалымдары талапшыл еді. Қосымша кітап оқуды міндеттейтін. Қалада Қ.Сәтбаев атындағы кітапхана бар. Бүгінгі Н.Назарбаев көшесінде орналасқан. Стипендия алған сайын 500 теңгені кітап сатып алуға жұмсаймын. Бір айдың ішінде екі-үш кітапты оқып бітіріп, келесі айда тағы құтхананың есігін ашамын.
Қасымдағы Жұлдыз, Ризабек, Бағдат есімді достарым «кітапты кеміргеннен не пайда?» дейді. Бірақ әкемнің бойыма сіңірген әдетінен таймадым. Осы күні сол сансыз кітаптың көбін ұмытып қалыппын. Кейбірінің мазмұны ғана есімде. Алайда кітаптың сөздік қорды байытуда, ой-өрісті кеңейтуде пайдасы мол. Соған көзім жетті.
Өткенде бір уағыз тыңдадым. Жаратушы бұйрығын орындап, рухын кемелдендірген адамның жүрек көзін ашып қояды. Рас қой, бұрынғының би-шешендерінің көкірек көзі кемел, сөзі пәтуалы, ойы жүйелі болды. Сондықтан артында ғасырлар көші өшіре алмаған өміршең сөздері қалды.
Айтқым келгені, әке ретінде балаңызға кітап сыйлап, бірге оқу маңызды. Біз баладан көп үміт күтеміз, көп нәрсені талап етеміз. Бірақ кітапқа құмарлығын оятып, көкірек көзін ашуға мән бермейміз. Қазір адами капитал дегенді көп қолданатын болдық. Оны дамытудың нағыз көзі – кітап оқуда.
Жарықтық әкем үміт күткен ұлын рухтандырып, кітап оқытқанын жіте бақылады. Содан болар отан тарихына, оның ішінде, сақ, ғұн, түрік кезеңін білуге құмартып тұрамын. Ұлт тарихы бағдаршам екенін ұғынамын. Екінші арна – тұлғатану бағыты қатты қызықтырады. Оқушы кезімде Өзбекәлі Жәнібековты тану арқылы елшілдік рухты сезіндім. Содан кейін Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров және т.б тарихи тұлғалардың өмірі мен қызмет жолына зер салатын болдым.
Әкемнің тәлімін ұлыма сіңіруді мұрат етіп, 2 сынапта оқитын оны аудандық балалар кітапханасы ертіп барып, оқырман ретінде тіркеттім. Бірнеше рет бірге барып, кітап таңдауына көмектесіп, қызықтырдым. Кеше өзі кітапханаға барып, Абай туралы кітап алыпты.
– Әке, биыл Абайдың тойы ғой! Абай туралы оқымасам болмас, – дейді талапты өспірім.
Шүкір, әкемнің тәлімін ұл-қыздарыма үйретудемін. Осындайда Абайдың «Артық ғылым кітапта, Ерінбе оқып көруге» дегені ойға түседі. Француз жазушысы Эдуард Лабулэ «Цивилизацияның жалпы көрінісінде әрбір халықтың орны оның оқыған кітаптарының санымен анықталады» дегеніне толық қосыламын. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Кітап атаулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады» деп кітап оқудың маңызын түсіндіреді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Компьютерде отырғаннан кітап оқыған озады» дегені қандай орынды пайым.
Қысқасы, ұрпағыңыз түйсікті тұлға, жауапкершілігі жоғары азамат болсын десеңіз, оған кітап сыйлаңыз, әрі оқу дағдысы қалыптасуына ықпал етіңіз...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
14 наурыз 2020 ж. 1 837 0