№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Демеуден дәрмен тапқан

Демеуден дәрмен тапқан

«Сенде де бір кірпіш дүниеде кетігін тап та бар қалан». Абай ақын айтқандай әрбір пенденің қоғамда алар өзіндік орны, бағындырар биігі бар. Қазақ қоғамында мүмкіндігі шектеулі жандар, әсіресе жасөспірімдер аз емес. Десе де, олардың өмірге деген құлшынысы, ынта ниеті, құштарлығы қуантады. Бүгін сондай бір кештің куәсі болдық. 3 желтоқсан – мүмкіндігі шектеулі жандардың төл мерекесіне орай аудандық мәдениет үйінде балалардың шығармашылық кеші өтті.
«Менің де өмірде бар бір үлесім» ұранымен өткен «Жүрек жылуы» атты концертте мүмкіндігі шектеулі бала­лардың шығармашылық әлеуетін көрдік. Әуелеген ән, мың бұралған би, тақпақ айту, мәнерлеп өлең оқудан өткен фестиваль кент әкімдігі мен «Жастар ресурстық орталығы» ұйытқы болуымен өткізілді.
– Кент әкімінің әлеуметтік қызмет­керлерінің ұсынысымен ауданның ерік­тілер тобының демеулігімен өтіп жатқан мерекелік кештің мәні зор. Аудандағы мүмкіндігі шектеулі балалар аз емес. Солардың бойындағы талантты, тұнған дарынын сыртқа шығаруына үлкен сеп болуда. Сондықтан, осындай шығар­­машылық кештерді жиі өткізуге тыры­самыз, – деді кент әкімдігінің бас маманы Алма Мамирова.
Алғыс сөз алған қоғам белсендісі Қоғамбек Бейсенбаев ерекше жандарды мерекесімен құттықтап, қадамдарына сәттілік тіледі.
Жан әлеміндегі теңдесіз жылу – жүрек жылулығы. Одан асқан жылылық болсын ба, сірә! Мұндай жылулықты, қамқорлықты күтетін жандар болса, ол мүмкіндігі шектеулі балалар. Қиялға қанат қағып, көкке самғағысы келетін балаларға жүректегі бар жылулықты беруден асқан бақыт жоқ.Әлем әдемілігінің тағында отырған кішкентай ғана мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер бойындағы тулап жатқан өнерді өне бойына ғана өргізбейтін, өнегесі биік жандар. Жүріс-тұрысына тұмар қылып таққан тәні сұлу, әні әсем жандардың шығармашылық концерті жоғары деңгейде өтті.
Кеш шымылдығын Төрехан Бек есімді өнерпаз «Батырлар ұраны» әнімен түрді. Нұрасыл Дәуренұлы, Сабыржан Хамидолла, Серік Рамазан, Айару және Жансая Кеңесбек, Батырхан Исламхан сынды өнерпаздар көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлап, ата-аналарын қуантты. Оларға кент әкімінің міндетін атқарушы Жарас Мырзалиевтің «Алғыс хаты» мен «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қорының сый-сыяпаты табысталды. Мұндай құрметке бөленгендер қатарында Ақнұр Мейрамбекқызы, Ұлжалғас Орынбай, Аружан Әбдіжаппар, Қарақат Әбдіғаппар, Гүлсезім Қалжан, Динара Әмір де бар.
Сондай-ақ, кеш соңында ерекше балалардың үздік селфи конкурсы және қолөнер саласының үздік деп танылған балалар марапат биігінен көрінді. 
– Мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік қызмет көрсету бойынша 70 бала мемлекет қамқорлығында. Оларға қазір 23 әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Бұл қызметкерлердің басты міндеті – ата-аналармен тығыз байланыста болып, оларға үнемі көмек, қолдау көрсетіп отыру. Барлығы өз жұмыстарын үлкен жауапкершілікпен атқарып жүр. Қандай қиын жағдайда болмасын мүгедек балалар мен ата-аналарының қасынан табылып, оларға қолдау, көмек көрсетіп отырады. Басына түскен қиындықтарды құрыштай төзімділікпен жеңіп, әлеуметтік қызметкерлермен бөлісіп жұмыс істеп жатқан ата-аналарға үлкен алғысымызды білдіреміз, – деді кент әкімдігінің әлеуметтік маманы Үміт Аптаева.
«Мен өскенде анама көлік алып беремін», «әнші, дәрігер» боламын деген балалардың бүгін қуанышында шек жоқ. Алғаш рет сахна төріне көтеріліп тұрған кейбір өнерпаздар қобалжып тұрғанымен керемет өнер көрсетті. Кеш соңында сахна төріне қайта көтеріліп, естелік суретке түсіп, марқайып қайтты.
Әли ТЕМІРБЕК
07 желтоқсан 2019 ж. 1 085 0