Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 

Қонақ



Орта мектепті бітіретін жыл еді. Үйге үш кісі келіп түсті. Қыстың соңы, көктемге таяу шақ. Жол бастап жүрген атамыз орта бойлы, шағындап сыпайы ғана сақал қойған аққұба өңді жинақы кісі. Көзәйнек таққан жанары тесіліп қарамай, тез сыдырта қарап өте шығады. Қасындағы бір ағамыз ұзын бойлы қараторы, қияқтай мұрты бар қағілез адам, енді біреуінің ерекше белгісі есімде қалмапты. Әке-шешем жік-жаппар болып үлкен құрметпен қарсы алып, киімдерін алып, астыларына көрпе салып әбігер болды да қалды. Біз де өз міндеттерімізді шама-шарқымызша атқарып жатырмыз. Қария алыстан қайырып жөн сұрап, амандасып жатыр. Бұл маңдағы туыстардың атын атап, түсін түстеп аман-саулығын тәптіштеп отыр.
— Үлкендер бар кезде барыс-келісіміз жақсы, жиі-жиі қатынасып тұрушы едік… Ескінің көзі кеткен соң, сол байланыстар саябырлап барады,-деп бір тоқтаған ата, біз жақты көзімен бір сүзіп шығып,-Байтұрсын, сен танығаныңмен мына балалар жағы мені білмейді, өзім айтайын. Арғы жағын айтпағанның өзінде Сүйіндіктен бергісін білетін шығарсыңдар?.. Қойсоймас, Абақ, Жайнақ деп келеді. Жайнақтан Байсерке, Жансерке, Абиыр, Байұзақ, Солтанқұл, бес бала тарайды. Сондықтанда жұрт бізді «Бес-Жайнақ» деп атап кеткен. Сендер Абиырдан тарайсыңдар, мына біз Солтанқұлдың балаларымыз. Рахымбай болыстың баласы Әбдісадық деген аталарың боламын.-деп, бізді барлап тағы бір қарап алды. Айтқаным жетті ме, жетпеді ме? Осылар тыңдап отыр ма, тыңдамай отыр ма дегендей сынай қарап тұр. Сөзді баппен, сіңіріп айтуды ұнататын мінезін бірден байқадым. Әңгімесін ары қарай жалғады.
— Сендер көп жыл бойы көшіп қонып жүрдіңдер де, қайда қыстап, қайда жайлағандарыңды біле алмағандықтан іздей алмадық. Соңғы кезде аудан орталығына тұрақтапты деген сөзді құлағымыз шалды. Сондықтан мынау бауырларыңды таныстырайын, бір әңгімелесіп қайтайық деп ат басын бұрдық. Баяғыда ақсақалдар «бармасаң-келмесең жат боласың, алмасаң-бермесең сарт боласың» деп отыратын. Басқа бір жерде кездесіп қалсақ осы жастар танымағандықтан сәлем бермей өте шығатын шығар!.. Біз өте жақын туыстармыз, былай айтқанда «екі туып бірі қалғандармыз». Іргесі бөлінбеген Бес-Жайнақтың тұқымдарымыз.
Мен түсінгендей болдым, әкемнің жазып берген ата-жөн шежіресінде бар болатын. «Жайнақ балалары Айт болысын жиырма сегіз жыл сұрапты» деген сөз ылғида айтылатын. «Сүйіндіктің сүйкемесінен сақта» деп біз жақтағы албан абайлап сөйлеп айылын жиып отыратын. Осы мәтелді кездесе кеткеннің бәрі айтатын.
— Мен кеңес өкіметінде оқыған адаммын. Отызыншы жылдардағы қаш-қашта дәм-тұз айдап осы Мұңғұлкүренің Аттың тауына келіп қоныстандық. Кейін ел отырықтасып жиналғанда Ұзынбұлақ ауылында қалдық. Сол кездің оқуымен жеті кластық білімім болғандықтан бұл өкімет мені мұғалім етіп қойды. Содан Ұзынбұлақ, Аттың тауы, Ортамыс, Шетмыс, Қалқаты, Тасбұлақ жерінде көшіп-қонып жүріп бала оқыттым. Жалпы қырық жыл мұғалім болып, қазақтан өзге ұйғыр, моңғол балаларына да сабақ бердім. Шәкірттерім мыңнан асып кетті. Кеңес үкіметі жерінде жүргенде сауатымызды ескі оқумен ашып, аптиекті бітіргеміз, Құранды оқитын қабілетіміз болды. Сол үшін соңғы кезде ауылымыздағы мешітке имам етіп сайлап қойды. Қазір Ұзынбұлақтың молдасымын.
Байқап отырмын, әңгіме түсінікті болды. Бағана келгенде-ақ ішім сезіп еді. Сақал-мұрт қоюы, киінуі, көзәйнек таққанына дейін басқаша көрінген болатын. Бұл кісі оқымысты, көпті көрген қария болды. Ендеше әңгімесін тыңдаудың жөні келіп тұр…
Шешем тез қимылдап қонақтарға дастарқан даярлады. Сол қолыма кіршінің бір шетінен ұстап, сол иығыма орамал асып, оң қолыма құман ұстап кісілердің қолына су құйдым. Су құюдың да өз жөні бар, қылтаңды бүкпей тізеңді тік ұстайсың, беліңді иіп, аса сақтықпен суды аз да емес, көп те емес, уыстарынан асырмай құясың. Сорғалатып төге бермей үзіп-үзіп үш рет құясың, егер болғанын сездірсе тоқтай қаласың, тағы да уысы ашулы және тосулы болса төртінші рет құюға болады. Қолының суын сығымдап қысып сорғыта бастаса болғаны. Оң қолыңдағы құманды шамалы уақыт жерге қоя тұрып, иықтағы орамалды баппен өзің алып қолына ұстатасың. Сонан соң барып келесі қонақтың алдына жылжисың… Біз бұны жасымыздан үйренгендіктен мүдірмей, төрт-бес кісі тұрмақ, тойдағы үй толы жиырма шақты адамға қыбырламай, жыбырламай, қипыжықтамай құйып шығатынбыз. Су құйып Әбдісадық атаның батасын алдым. Ағаларым да ықыластарын танытып жатыр. Әңгімемен ұзақ отырып шәй ішілді, артынан соғымның сүрісі сыбағасымен алдыларына тартылды. «Еске алған кісіге ескі асын сақтайды» деп, біреу-міреу келіп қалар, ұят болмасын деп әтуерлеп соңына іркетін кәделі сүйек осы кезде қазанға түседі.
Көп жылдан бері «адасып» қалып табысып жатқан туыстардың әңгімесі бітер емес… Кім қайда тұрады, кімнің неше баласы бар, келін алды ма, қыз ұзатты ма?.. Бес-Жайнақтың Қытайдағы ұрпақтары, Қазақстандағы ұрпақтары, үлкендерден кім қалды… деген сөздер бірінен кейін бірі айтылып жатыр. Ата-жөн шежіресі де біраз қаузалып айналамыздағы ру-тайпалардың өткен-кеткені сөз болды.
Дастарқан үстінде шешем екі рет орнынан тұрып сәлем жасады. Бірі шәй үстінде болды. Әбдісадық ата кезекті бір шынысына алдындағы бауырсақтан бір талын алып шәйі ішіліп болған шынысына салып қайтарды, мен оны шәй құйып отырған шешеме ұсындым. Шешем шыныдағы бауырсақты көрген соң орнынан тұрып, шыныны ұстаған бойы оң тізесін басып иіліп атаға сәлем жасады. Көзінің қиығымен барлап отырған ата: «Көп жаса, бақытты бол қарағым!»-деді. Шешем бауырсақты өзі алып, атамыздың шынысына жаңалап шәй құйып берді. Екінші сәлем келесі дастарқан үстінде ет желініп болғанда жасалды. Табақты түбіндегі тамағымен «келінге берші!» деді әкеме ымдап. Әкем шешеме берді, ол кісі тағы да тізесін басып сәлем жасап құрмет білдірді. «Көп жаса, бақытты болыңдар!» деді қария батасын беріп. «Аталар мен әжелердің сарқытын ішкен екен» деп осындай сәттерді айтса керек деп ойладым.

Дәулетбек Байтұрсынұлы,
ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

Вк "Сарыарқа"-тобынан
14 шілде 2019 ж. 404 0

Ұқсас жаңалықтар:

title
Қонақ
Мәдениет
title
Қонақ
Мәдениет
title
Қонақ
Мәдениет
title
Қонақ
Мәдениет
title
Қонақ
Мәдениет