№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ТУҒАН ЖЕРДІҢ ЖУСАНЫ ЖҰПАР

ТУҒАН ЖЕРДІҢ ЖУСАНЫ ЖҰПАР

Жүрегім әлі тыныштылар емес. Сосын Павлодарға жолымның түсіп, журналистік өнерді меңгеруіме себепкер болған Жақсыбай Тұрсынұлының басына тоқтадым. 
«Қусаң жеткізбейтін, Қашсаң құтқармайтын» құрығы ұзын, зымырап өтіп бара жатқан, уысыңда тұрмайтын заман ағымына не дерсің?! Кеше ғана ақылын айтып, бағыт-бағдар көрсетіп жүрген көкемнің арадан кеткеніне төрт жылдан асыпты.
Тізерлеп көп отырдым. Жанардан тамшылаған жас тиялар емес. Әлемнен байланыс үзіп, меңіреу күйге түскендеймін. Құлақ бітіп, көз қарауытып барады. Іштен, ішкі әлемнен терең өксіктер үзіліп-үзіліп шығуда. Жақсыбай көкемнің жарқын бейнесі сағым беріп, айтқан сөздері жадымда жаңғыра бастағандай...
Студент кезім. Бағым болар, студенттер үйіндегі қонсым ақындығы бар талант иесі. Түнімен қыздарға арнау жазатын албырт кезі. Кейде облыстық газетке мақала жазады. Баспаға шығысымен оқып береді. Материалының мәтінін егжей-тегжей түсіндіріп, қызықтыра түседі. Онымен ілесіп республикалық газет-журналдарды үзбей оқуды дәстүрге айналдырдым. Бірде мақала жазуға үгіттеп, таныстары арқылы облыстық газетке шығуына ықпал етті. Ертесіне телефон безілдей кетті.
– Нұрлат, тез жет! – деп құтқаны қойды Жақсыбай Тұрсынұлы.
Кабинетінің есігін қағып, рұқсат сұрадым.
– Кір-кір.
Газет оқып отыр екен.
– Е, сенен жақсы спортшы шыға ма десем?! Сызу-жазудан да қабілетін бар секілді. Қалай, жазу қиын ба?
– Аздап іздендім.
– Қадыр Мырза Әлидің «Шығармашылық – ләзатты азап» дегені бар. Жалпы, жақсы жазушы болу үшін көп еңбектену қажет. Ізденіс-ізденіс, тек ісденісте болу керек. Соған дайын болсан қалам тарт. Болмаса сөз өнерінен несібе табу қиын. Түсінген боларсын.
– Иә.
Алғашқы мақалам шыққанда батасын беріп, айтқан ақжолтай тілегін қалай ұмытайын? Одан кейінгі уақытта менің негізгі сыншым болып, академиктерден тәлім алып, сөз өнерінің қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік жазады. Мазмұнды дүниелер жазғанымда мерейімді асырып, қанатымды қатайтты. Жазу өнеріне қызықтырып, ақын-жазушылардың шығармашылық шеберханасынан сыр шертетін. Жолын жалғар ізбасыры көріп, сырын ақтаратын.
Қазақ тілінің сөзжасам жүйесін зерттейтін энциклопедист-ғалым ретінде сыйлы еді. Семей-Баянауыл өңірінің тарихына қанық, елге сыйлы азаматтарымен жақын араласатын. Сыр өңірінің де арлы-бергі тарихы жайлы айтып, Сығанақ, Сауран, Түркістан және т.б көне қалалар жайында ұзақ сөз ететін. Қаратаудың қасиетін, әсіресе өтпелі кезеңдердегі орнына тоқталатын. Абайдың терең біліміне, Мәшһүр Жүсіптің философиялық ойларына тамсанатын. Алаш қайраткерлерін қатты құрметтейтін. Қарапайым, кішіпейіл ғалымды сағаттап тыңдасаңыз да шаршамайсыз. Қайта зейінің ашылып, тың ақпараттарға қанығасыз. Оның білімді, білікті болуы да заңдылық. Неге десеңіз, Сарбалаевтар әулетіне сөз өнері қонған. Ғалымның кіндік ағасы Бақыт Сарбалаев сөз өнерінің сын саласын меңгеріп, әрбір шығармаға әділ бағасын беріп, салиқалы да сындарлы пікір айтып жүрген қаламгер (Бұл жөнінде мақалаға арқау ететін боламыз).  
Жазғы демалыс. Ауылға асықпын. Інілік жолмен жұмыс кабинетіне бас сұғып, Сырды бағытқа алғанымды айттым.
– Ауылдағы ағайынға сәлем айт! Айтқандай, біздің бабамыз Қаратауды қоныс еткен. Сол жерлерді ауылға бір барғанымда көріп, таудың жұпар ауасымен тыныстап, жусанын иіскеп, мауқымды бассам деймін. Мүмкіндік болса Қаратаудың жусанын ала келші, – деді.
Студенттік кезде ауылдың қадірлі қонағысын. Туыстар дастархан жайып, бірінен кейін бірі қонақ етеді. Күн артынан күн өтіп, қимастықпен қайта жолға шығасын.
– Ауыл-ел аман ба?
– Амандық, тегіс сәлем айтып жатыр.
– Әжең қалай?
– Үйге кіріп-шығып жүр.
– Ауа райы ше?
– Аптап ыстық.
– Ауылдағылар қалай шыдайды екен? Мұндай уақытта таудан сая тапса ғой, шіркін! Қаратауға жол түсті ме?
– Сыныптастарыммен бірге тауға бардым. Сонда жусанға жалбызды қоса алдым.
– Қане, бер. Иіскейін! – деп балаша мәз болды.
Құтты, жат елде жүріп сұлтан болса да, аңқыған жусан иісін өмір бойы сағынып, Отанға деген махаббат пен адалдықты көрсеткен Бибарыстың бейнесі көз алдыма келді.
Одан кейін де бірнеше рет ауылдың жусанын әкеп бердім. Әріптес достарына сағыныш шөбін иіскетіп, мақтанғанын талай рет естідім. Маған көкемнің тірлігі оғаштау көрінетін. Оның мәнін кейін ұғындым.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Филология, педагогика және журналистика факультеті жыл қортыныдысымен үздік ұжым атанды. Факультет деканын (Жақсыбай көкем) құттықтау үшін арнайы бардым. Көңілді отыр екен.
– Құтты болсын!
– Рақмет! Өмірдің заңы ғой. Бірі озады, екіншісі мәреге дер кезінде жете алмайды, – деді де терең ойға шомылды.
Кенет өз ойынан өзі шошыды ма, селт ете қалды. Жанарында моншақ жас сырғып барады, сырғып барады. Көңілі көтеріңкі отырған ғалымның аяқ астынан жабырқай қалғаны түсініксіздеу көрінді.
– Омбыға барып көзіме ота жасап қайтқым бар. Денсаулық та мәз емес. Ендігі жылы 63-ке толамын. Бірден зейнетке кетемін, – деп тағы да ойға шомылды.
Бірнеше минуттан кейін санасына салмақ түсіріп жүрген ойларын айта бастады.
– Шіркін-ай, туған жер ыстық қой! Оның қадір-қасиетін жете түсіне бермейміз. Ой-хой, дүние-ай! Ашсаң құшағыңа сыймайтын кең даланы аймалағың келеді, бір уыс топырағын иіскеп, ұзақ тұрып құмардан шыққың-ақ келеді. Алматыға оқу іздеп, аттанғалы ұзақтан мұнартатын Қаратаудың өркеш-өркеш төбелері, көк зеңгір аспан, ұшы-қиыры жоқ теп-тегіс далаға деген сағыныш басылған емес. Енді жас ұлғайғанда ауылға барып-қайтып тұрғанымда зор бақыт, – деп ентігін басты.
Көзінен тағы бір жас сырғыды. Сағыныштың, сағынудың сырын ұққандай болдым.
– Әттен, топырақ туған жерден бұйырса ғой! – деп ойын аяқтады.
***
2015 жыл. Ақпан айы. Арқада ауа-райы үскіріп тұр. Жақаң көктем шыға туған жерге барып, жусан аңқыған даланың жұпар иісін иіскеп, сағынышымды басып қайтуға бекінген-ді...
Кенет ұялы телефон безілдеп қоя береді. Арғы жақтан немере інісі Сәкеннің дауысы естіліп: – Әбдіхалық көкеміз ауруханаға түсіпті. Жағдайы ауыр. Жансақтау бөлімінде жатыр. Ертен жолға шықпақпыз. Барам десеңіз... – дейді.
Келіскендей ертесіне Павлодардан Астанаға жетеді. Тездетіп жетудің қамымен көлікке отыруды құп көреді. Бірақ қыстың аты қыс. Қырсыққанда Жезқазғаннан өте көлік бұзылады. Не кері қайту қажет, не көлікті жөндеп, жолды жалғастыру қажет... Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан ауылға жетуге бел буады. Жол азабына қарамастан ондаған сағатта ауылға ілініп, ауруханада жатқан ағасына барады.
Дәрігерлерге жолығып, хал-жағдайын біліп, басында бірнеше сағат болды. Ұзақ жол қоя ма? Әбден қалжырап шаршаған жолаушылар аздап дем алу үшін Сүттіқұдыққа келеді. Жатар алдында дәрет алып, туған даланың иісін терең-терең тыныстап, үйге беттейді. Алайда жүрегі ауырып, жүрісі ауырлап, қадамы өнбейді. Сол бойда үзіліп, рухы мәнгілік мекеніне аттанады. Араға бірнеше сағат салғанда ауруханада жатқан ағасы бақилық болады.
***
Ауылдың талай баласына дем беріп, даңғыл жол көрсетіп, ағалық қамқорлық көрсеткен кісіні қалай қиясыз? Бүкіл жұртты құшағына сыйғызғысы келіп, жан-дүниесімен ашылатын көңілі дархан, жаны жайсаң адамды қара жер де құшақ жая қабыл алған болар.
Өзі армандағандай кіндік қаны тамған даладан топырақ бұйырды.
Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болмай!
   
P.S.: Адамның кіндік қаны тамған даласы ыстық. Өйткені елден сәл жырақтаса «...туған жерін аңсайды», «Туған жердің жусаны жұпар» екенін түсінеді. Көкемнің ғибратты ғұмырынан осыны түсіндім. Ендеше туған жерге адал еңбек ете білейік...
05 шілде 2023 ж. 428 0