Асыл сөз әлемді аялайды
Жас толқын санасына жан-жақтан жаҺандық қатер төніп тұрған қазіргі заманда жеткіншектердің барлық ерік-жігері мен көңілін кітапқа аудару маңызды. Осы мақсатты бекем ұстанған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Сенім қоғамдық Кеңесінің 4 отырысында 2021 жылды балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы деп жариялауының түпкі мазмұнында осындай үлкен мақсат жатыр.
Бүгінгі аға толқынға кітаптың пайдасы жөнінде насихаттап жату артық. Өйткені бұл буын бала кезінде кітапты жанына серік етіп өсті. Өйткені саясаттың өзі сондай еді, ең шалғайдағы қыстақ басқадан бұрын кітапханамен қамтылды. Қазақ жазушыларының кітабы жүз мыңдаған данамен шығып, оқырман қолына уақтылы тиіп тұрды. Тіпті алыстағы мал отарларына кітап пен газет-журнал күнделікті жейтін нанымен бірдей қажеттілік тудырды. Әсіресе, бала кезіндегі ең алғаш оқыған кітабы біздің аға-апаларымыздың көңілінде сақтаулы. Кітаптың осыншама құдіретін біздің бүгінгі балаларымыздың бойына қалай сіңіре аламыз?
Бүгінде кітапханалар жүйесінің заманауи үлгісін қалыптастыру, электронды кітаптар қорын жасау мәселесі, коворкинг орталықтар ашу міндеті күн тәртібінде тұр.
Республика бойынша 11 мың кітапхананың 4 мыңы Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын болса, 7 мыңы Білім және ғылым министрлігінің қарауында. Балалар және жасөспірімдерге арналған 300 ғана кітапхана бар екен. Осы кітап-ханалардың балалар әдебиетімен қамтылу деңгейі қалай?
Қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаған Ыбырай Алтынсариннен бастап Спандияр Көбееевтің ізін басқан жазушыларымыз Өтебай Тұрманжанов, Мұзафар Әлімбаев, Бердібек Соқпақбаев, Жақан Смақов,Тұианбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Марат Қабанбаев, Адырбек Сопыбековтың шығармалары жасөспірімді отансүйгіштікке, адамгер-шілікке, имандылыққа тәрбиелеу бағытында өзектілігін жойған жоқ. Өз топырағымыздан шыққан таланттарымыз қатарында Тынымбай Нұрмағамбетовтың балаларға арналған нешеме туындылары таңдамалы томға жинақтап, қайта басып шағаруды қажет етіп тұр.
Балалар жазушысы болу үшін бала жанын дәл өзіндей түсініп, арман-қалауына арна салатын алыс көкжиекке бірге сапарлас бола алатындай жақын адамына айнала алуың керек. Сол кезде ғана бала сені қабылдайды, ақылыңа еріп, айтқаныңды қылады. Белинский айтқан екен: «Балалар жазушысы болып жасалмайды, балалар жазушысы болып туады». Өйткені бала жан-дүниесіне еніп, мінез-құлқын меңгеріп, солардың ой-өрісі деңгейінде нақты да, шынайы сөз арнаумен оларды сендіріп қана қоймай, келешегіне сөнбес сәуле ұялата аласың. Жақсы шығарманың болашақты тәрбиелейтін күші сонда.Бұл ретте басқаны былай қойғанда заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың балаларға арнап сексен тоғыз әңгіме жазғанын айтсақ та жеткілікті.
Бүгінгі мәселе, балалар тақырыбына жазатын қаламгерлерді ынталандыру. Жеке қалталы азаматтар демеушілігімен жыл сайын өтіп отыратын «Дарабоз» байқауында жергілікті жазушымыз Гүлзат Шойбекованың «Үш бала» хакаяты бірінші жылы жүлдені алса, «Тұғырлының көк туы» атты шығармасы екінші мәрте тағы да бәйгеден озып келгені біздің де мерейімізді тасытты.
Баалаларға арналған республикалық «Ақ желкен», «Балдырған» журналы бар. Мұның қатарында балалар әдебиетіне арналған мерзімді басылым ашу да өмір талабы. Өйткені бүгінгі бала – ертеңгі халық. Оларды ойнап жүріп ойлауға тәрбиелеу арқылы парасатты ертеңнің негізін қалай аламыз.
Әбіш Кекілбаевтың айтқан «Адамды адам еткен – кітап, ал адамзатқа айналдыратын кітапхана» деген тәмсілдің тереңіне үңілсек, кітап пен кітапхананың біртұтас қызметін қа-лыптастырудың маңыздылығы ойға оралады. Осы орайда мемлекеттік қолдаудың аясын
арттыруда үлкен жұмыстар атқарылуда. Мәселен, көркемдік кеңес талқылауынан өткен 33 кітапты басып шығару және олардың авторларына қаламақы төлеу мәселесі шешілді. Олардың қатарында Ақселеу Сейдімбек, Серік Байхонов, Герольд Бельгер, Құлбек Ергөбек сынды аға толқын туындыларымен қатар шетел әдебиетінің таңдамалы сериялары қазақшаға басылып, жас оқырман қолына тигелі отыр. Осындай ізгі мақсатқа бағытталған кең ауқымды шаралар өз өңірімізде де қолға алынса нұр үстіне нұр.
Балалар әдебиеті жөнінде өз ауданымыздың жайына тоқталсақ, аудандық орталық кітапханада 465 182 кітап бар болса, соның 45 556-сы бабалар әдебиетін құрап отыр. Оқырман сұранысына орай жыл сайын жаңа әдебиеттерге тапсырыс беріледі. Аудан бюджетінен бөлінетін бұл қаржыға кітапхана жаңа әдебиеттермен толығады. Аудандық кітапхана директоры Әсем Тілеубергенованың сөзіне сүйенсек, 2021 жылға тапсырыс бе-рілген жаңа әдебиеттің 90 пайызы балалар әдебиетін құрап отыр екен.
Балаларға кітап оқыту үшін кітапхана жұмысының белсенділігі жеткіліксіз. Бұған мектеп ұжымдары да кең қолдау білдіру керек. Оқушылар арасында «Үздік оқырман», «Таңдаулы кітап» сынды конкурс байқаулар өткізіп, баланың қызығушылығын арттыру маңызды. Үйде ата-ана баласының кітаппен дос болуына мүдделі болуы керек. Әжелеріміздің әлдиіәлінен, ертегі-аңыздары мәнінен ажырамай,жас келіндер жадында сақталған ақынның отты жыр-өлеңдерін сәби санасына там-тұмдап құя берсе құнарлы сөзден нәр алып өскен құймақұлақ құрақты тәрбиелеп шығарар едік қой.
Ресейдің Максим Галкин жүргізетін «Самый лучший» бағдарламасында кішкентай бүлдіршіннің Пушкиннің бар өлеңін жатқа айтатынын көрдік. Сөйтсек, баланың анасы бесікте жатқан бөбегін Пушкиннің өлеңдерімен тербеп өсіріпті. Ұлттық ұлылықтың уызына қандырып өсірудің ұтымды үлгісі бұл.
Біздің елімізде де мемлекет басшылығы ұлттық жадымызды жаңғыртудың барлық алғышарттарын бекемдеп жатыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Бабалар сөзі-нің» 100 томдығы қолға тиді. Енді биылғы «Балалар әдебиетін қолдау жылы» аясында жасөспірімдерге арналған шығармалар жинағынан «Балалар әдебиетінің антологиясы» жарық көріп жатса жас ұрпақ үшін үлкен олжа болар еді.
Өңірлер бойынша өздігінше игі іске кірісіп кеткен мысалдардан келтірер болсақ, Алматы облысы әкімдігі биылға 51 кітапты мемлекеттік тапсырыс есебіне ендірсе, оның 17-сі балалар әдебиеті екен. Сол сияқты Мәдениет және спорт министрлігі бастамасымен «Кітап – портал» сайтында балалар тақырыбына арнап жазылған туындыларға орын беріліп, соның ішінде оқырман талғамынан шығып, көп дауыс алған шығарманы баспаханадан 3 мың данамен басып шығару міндеті көзделіп отыр екен. Балалар жазушысын да, жас оқырманды да қолдаудың әділетті бір жолы осылай жүзеге асқалы тұр. Осындай жанашыр қолдаулар жергілікті жерлерде де жүзеге асырылса нұр үстіне нұр.
Баян ҮСЕЙІНОВА