№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Кітап оқу - рухани кемелдену жолы

Кітап оқу - рухани кемелдену жолы

Кітап – рухани қазына, ақылыңа ақыл қосып, кемелдендіретін құрал. Кітап оқу еш көнермейтін тәсіл. Өркениетті елдердің көшінен қалмау үшін кітап қорына бай болуымыз керек. Сонда ғана рухани қажеттілігімізді үздіксіз жетілдіре аламыз.
Әлемді технология жаулаған уа­қыт­та кітапқа деген құмарлықты арттыру басты талап. Оның сан түрлі тәсілдері жеткілікті. Бүгінде кітапсүйер қауымға қолжетімді электрондық нұсқадағы кітаптың түрі көбейді. Қол телефоныңызға жүктеп аласаңыз болғаны. Кез-келген жерде, уақыт талғамай оқи бересіз. Былай қарасаң заманауи кемелдену жолы шығар. Алайда дәстүрлі кітап оқудан кемшіл тұсы жетерлік. Кітапты қолға алып, парақтап оқу адамның өзіне деген сенімділігін арттырып, күш-қуат бере­тінін ешкім жоққа шығара алмас. Қысқасы, кітап оқудың пайдасы ұшан-теңіз.
Карантин кезінде заманауи әдіс-тәсілдерді қолдана отырып Ұлттық академиялық кітапхана басшысы, педа­гогика ғылымдарының докторы, профессор Үмітхан Дәуренбекқызы жарқын болашақ кепілі кітапты дәріп­теу мақсатында әлеуметтік желіде «Болайық үйде, кітаппен бірге» челленджін бастап, көпшілікке «Қандай кітап оқып жатырсыз?» деген сауал жолдады. Әдеби челленджге үн қосқан белгілі ақын-жазушылар, қоғам және мәдениет қайраткерлері, журналистер мен студенттер өзі оқып жатқан кітаптары жайлы жолдаған бейне жазбалары аз уақытта дүйім жұртқа тарап үлгерді. Белгілі ақын, Қазақстан жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет жолдаған эстафетаны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолдап, кітапсүйер қауымға қандай кітап, газет-журнал оқып жатқанын челлендж тәртібімен жария етті.
«Қазіргідей елең-алаң уақытта баршаңыздың күнделікті тіршіліктеріңіз өзгеріске ұшырағаны белгілі. Пан­демиядан қорғанудың бірден-бір жолы – әлеуметтік оқшаулану, яғни үйде болу екенін жаһан жұртшылығы мойындап отыр. Әрине, бұл – уақытша құбылыс, өтпелі кезең. Дегенмен, осы уақытты барынша тиімді пайдалану – әрбір адамның өз қолында.
Сондықтан осы карантин күндері ақын-жазушылар, журналистер, мәде­ниет қайраткерлері және қатар­дағы азаматтарымыз әлеуметтік желіде «Қандай кітап оқып жатыр­сыз?» челлендж-эстафетасын ұйым­дас­­тырған екен. Бұл бастаманы толық қолдаймын және осындай игі істі қолға алған отандастарыма шынайы ризашылығымды білдіремін. Шын мәнінде, кітап оқу – рухани кемелденудің көзі десем артық емес. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Жалған деректің, шындыққа жанаспайтын қауесеттердің де тез тарап жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан, мұндай жағдайға мейлінше жол бермеу үшін алтын уақытымызды осындай пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн», – деп Мемлекет басшысы эстафетаны барша қазақстандықтарға әсіресе жастарға жолдайтынын айтып, өз қорындағы кітаптардың тізімін жазып оқуға кеңес берді.
Бүгінде бұл үрдіс үлкен бастамаға айналды. Карантинде телефонға тел­мірген жастарға үлгі боларлықтай бастама екені белгілі. Расында жақсы кітап жаныңды нұрландырып, жүрегіңе жылулық сыйлайды. Ал оған құмартқан ойлы адам мемлекетке зор пайда тигізеді.
Бұл шарадан жаңақорғандық кітапсүйер қауым да қалыс қалмады.  Аудандық кітапхана бастаған эста­фетаны ауылдық округтер қолдап, оқырмандарға жолдады. Бұл игі бастама карантин кезінде жастардың рухани дамып, уақытын тиімді өткізуіне әсері зор болды. Төменарық ауылдық кітапханасының кішкентай оқырманы Азат Нұрмағанбет өзі оқып жатқан кітаптармен бөлісті. Аудан орталығындағы №3 мектеп-интернаты оқушысы Самал Жұмабай оқырман қауымға әлем әдебиетінің үздік туындыларын ұсынды. Жаңақорған аудандық кітапханасы оқырманы Нұрай Жұматай өзі оқып жатқан Бейімбет Майлиннің кітаптарын оқуға кеңес берді. Президенттің жас­тарға жолдаған «Қандай кітап оқып жатырсыз» эстафетасын қабыл алған бесарықтық жастар Аяулым Бердібек пен Гүлбаушан Әбділда да өз үлесін қосты. Міне, рухани жаңғыруға үндейтін тың бастама осылайша жалғасын тауып жатыр. Жастар қолдаған шараның өміршең болары анық.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Адамды қалыптас­тыратын екі нәрсе бар. Бұл сенің оқыған кітабың және кіммен араласатының», – деген қанатты сөзі жас ұрпақтың келешегі кемел болуында жақсы кітаптың маңыздылығын меңзеп тұр. Адамның тұлға болып қалыптасуына көптеген факторлардың әсері бар. Атап айтқанда ата-ана, қоршаған орта, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып және рухани азықты атауға болады. Рухани азықтың қайнар көзі – кітап.Балаға кітап оқу әлемін ерте жастан таныстырған жөн. Кітап оқи отырып баланың ойлау қабілеті мен сауаттылығы артады. Айтар ойын еркін жеткізіп, ойлау қабілеті қалыптасады. Ең бастысы, жадыны жақсартады. Оқу процесі баланы уақытты үнемдеуге тәрбиелейді. Сондай-ақ бөтен ортада өзін еркін сезіне алады. Сөздік қорын дамытып, шебер сөйлеуге әдеттенеді.
Психологтар кітап оқу күйзелістен арылуға таптырмас жол екенін айтады. Қазіргі уақытта күйзеліс үлкен проблемаға айналған. Әдеби, көркем сөздер адам жанын тыныштандырып, ағзаны жағымсыз дүниеден тазартады.
«Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақ­тың артқы ұрпаққа қалдырған өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», – дейді халық жазушысы Ғабит Мүсірепов. Адам баласы алдымен толыққанды дені сау, жан-жақты, білімді болуы қажет. Ал білімнің кілті кітапта. Ендеше тарихымызды танып, әдебиетімізді ардақтау үшін рухани қазынамыздың қасиетін ұғынып, қастерлей білейік. Сонда ғана рухымыз биік, келешегіміз кемелді боларына сенім мол.
Майра ӘБДУӘЛІ
19 мамыр 2020 ж. 1 817 0