№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Ән салшы, гитара!..


Иә, гитара көрсек ән тыңдауға құмартып тұратынымыз рас. Әуезді әнді естуге құмартып, әнші мен гитара үнінің үндестігіне қайран қап, тыңдай береміз-ау. Сондай қоңыр сазды Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде естіп, бір серпіліп қалдық. «О, гитара, шырқайық сені» атты аудандық әнші-гитаристер байқауы дәстүрге айналып, жас таланттылардың талабына шырақ жаққан күн болды.


Биыл қазақ елінде мемлекеттік деңгейде аталып өтетін бес бірдей мерейтой бар. Бүгінгі байқау Ұлы Отан соғысының Жеңісіне – 75 жыл және Қазақстан Республикасының Конституциясына – 25 жыл толу мерейтойы аясында ұйымдастырылған. Құлақтың құрышын қандырып, көрерменге керемет көңіл-күй сыйлаған әншілер сайысына «Жаңақорған» халық театрының режиссері Ролан Бақтыбаев, аудандық жастар ісінің маманы Нұрхан Айдаров пен қазылар алқасының төрағасы, әнші-композитор Оразғали Бидашев әділ бағасын берді.
Байқаудың шарты бойынша әр қатысушы екі әннен шырқады. Жас ерекшеліктері мен кәсіби деңгейі, орындау мәнеріне шектеу жоқ. Тек классикалық қана емес, халық және ел аузындағы әндер де шырқалды. Бірінші шығарма соғыс жылдары шырқалған ән немесе соғыс туралы болуы керек, Екінші шығарма патриоттық бағытта болуы тиіс. Өнерпаздың орындау шеберлігіне, сахналық мәдениетіне, киіміне ерекше көңіл бөлінді.
– Шыны керек, қазір гитараға деген жастардың қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Әсіресе жастардың осы аспапта ойнай алуы қазақ өнерінен, оның ішінде ән әлемінен өзіндік орын алып, жұлдыз болуына септігін тигізуде. Байқаудың мақсаты – патриот жастарды тәрбиелеу мен тегеурінді толқынды iздеп табу. Дарынның дәнi табылған талапкерлердi облыстық байқауларға тартып, талантын шыңдау болатын. Бұл байқау жылда жалғасын таба береді, – деді Оразғали ағамыз.
Жас өнерпаздардың талабын шыңдап, патриоттық бағытта тәрбиелейтін осындай байқаулардың жиі ұйымдастырылуы керек-ақ. Әйтпесе қазіргі жастар еуропалық стильге көбірек көңіл бөле бастады. Сондықтан жастарды жігерлі ырғақпен патриоттық бағытқа тәрбиелеу керектігін де бүгінгі кеште көрсеткісі келді.
Сонымен өнерлерін кәсіби музыканттар бағалаған бәйгеде кімнің аты озды? Кімнің қоңыр даусы көрермендердің қошеметіне ие болды? Алдымен сахна төріне қаратөбелік өнер майталманы Жомарт Жанзақов көтеріліп, «Мгновения» және « Алашымның айбары» атты қос әуенді шырқата жөнелді. Жомарт әншінің жасы 54 жаста болса, Төменарықтан келген Нұрислам Тілеухан небәрі 9-жаста екен. Шәмші Расул, Алмат Накипов, Нұрбол Файзраманов, Мұрат Нәлібаев та өз өнерлерін ортаға салып, көпшілік қошеметіне ие болды. Жүлделі үшінші орын Сунақата ауылынан келген Мейipбек Бөкешовтің еншісіне бұйырды. Екінші орынға Машбектен келген Гүлзамира Жайсаңбаева лайық деп танылды.
Ал бас жүлде осы байқаудың 2018 жылғы қатысушысы, «мен өстім, менімен бірге шеберлігім де өсті» деп келген ең жас, әрі талантты өнерпаз Нұрислам Тілеуханға бұйырды. «Әке көрген оқ жонар» демекші, әке жолын жалғап келе жатқан төменарықтық талантты ұлдың бұл жолғы репертуарында соғыс жылдарындағы әндерден попурри мен патриоттық бағытта «Мен қазақпын» әні шырқалды.
– Мен болашақта өнер саласында биіктерді бағындырғым келеді. Тек әнші ғана емес, өнердің сан саласында бағымды сынап көремін. Әзірге әкем айтқан жолмен жүріп келемін. Бүгінгі жеңісімді ұстаздарыма арнағым келеді, – деді байқау жеңімпазы.
«Ән салшы, гитара» деп қағажу қала бастаған аспапқа жан бітіріп, тербете ән шырқалған «О, гитара, шырқайық сені» атты байқау мәресіне жетті. М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің «Экспресс» халықтық вокалды-аспапты ансамблі ұйымдастырған өнерлілер сайысы келер жылы да жалғасын табатынына сенімдіміз.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
25 ақпан 2020 ж. 930 0