№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Асқақ рухты ақын еді

Асқақ рухты ақын еді

Адам өмірі қамшы сабындай ма деймін. Ойлап қарасаң өмірге келгеннен бастап ес біліп,оң-солыңды танып, дүниенің түкпіріне үңіліп жүргеніңде жарты жасың өтеді екен. Әсіресе құдай берген талант ақындар үшін тіптен аз. Себебі ақын арманы биік, айтам деген ойы көп, мақсаты мен мұраты – табиғат сыйлаған талантының қыры мен сырын ашып, елге, халыққа, оқушысының әжетіне жарар жыр-кестесін қалдыру. Сұңғыла жырларының жалынымен жылытып, сезімін сілкілеп, ойын мазалаған сансыз жұмбақтың шешімін табу, міне ақын құдіреті, оның ойлы оқушысынан биіктігі осында жатыр. Осы орайда Адырбек жайлы аз-кем ой қозғасам деймін.
Көп жылдар бойы сырлас, қуаныш пен ренішті бірдей бөліскен, ағалы-інілі болып тілектес жүрген ақын- ағаның табан асты өлімі қабырғаны қатты қайыстырғаны рас. Өзінің досы түгілі қасына да жаманшылығы жоқ, ақ, адал, үлкенге ізетпен, кішіге құрметпен қарайтын адами қасиеті, оған қоса жылы шырай танытып, күліп жүретін алғаусыз пейілінен болар, ақтық сапарға да ақ жүрегімен, Алланың үйінде өлеңін оқып тұрып кете барғаны. Аққа құдайдың жақ болғаны осы шығар.
Адекеңмен аудандық газетте бірге қызметтес болдым. Одан кейін райком партияда.Қызметтен бөлек Адекеңмен мені етене жақын еткен шығармашылық. Бір-бірімізді түсінетін ақындық. Өлеңнін-құдіреті. Ол ұстаздық етті, мен  лайықты шәкірті болдым, сенімін ақтадым деп ойлаймын.
Мен бүгін Адекеңнін творчест­восының кейбір қырын сөз етпекпін.
Шындығына келсек, Адекең балалар ақыны. Ал бала тілін табу, оның қиялына ілесіп, ойынан шығу қиынның қиыны. Алғаусыз көңілдегі періште бала тілінде сөйлеу, оның қыңыр мінезі мен оғаш қылығын жеріне жеткізе білу, төңіректегі тылсым дүниелерге құштарлығын, білгісі келетін қызығушылығын дөп басып айту да Адырбекке тән. Айналамыздағы қоршаған дүниелердің бірі емес,баршасының да баланың ойының түсінік-түйсігіне  сай жеткізе алатындығында. Яғни бала болып ренжітеді, күлдіреді, ойландырады, қызықтырады, қуантады, жаманнан жирентіп, жақсыға талпындырады. Енді сөзіміз дәлелді болу үшін Адекеңнің балаларға арналған бірді-екілі өлеңіне жүгінейік. Мысалы:
Оятпа, қораз, сен бізді
Өзім де сездім, таң атты.
Сенсіз ақ білем мезгілді
Үйреніп алдым сағатты,-деп бір шумақ өлеңмен-ақ бала түйсігіне жақын, әдемі ой айтады.
Апам алса қайшыны,
Отырамын күлімдеп.
Әжем алса қайшыны.
Қоя берем дірілдеп.
Апам алса қайшыны
Көйлек піше бастайды.
Әжем алса қайшыны,
Шашымды қиып тастайды.
«Қайшы» аталатын бұл өлеңнен ауыл тіршілігіндегі тұрмысты, әр үйде кездесе беретін жағдайларды жазбай танисың. Баланың ішкі ойын, толқынысын керемет келтіреді.
Жалпы Адырбек өлеңдері балалардың ой- санасын дөп басып жатады. Әсіресе баланың қылықтарына, дүниетанымына, өмірдегі құбылыс, тіршіліктерге қызығушылығы мен  білуге талпынысына сай, бала түсінігіне жеңіл, әрі ойлы шумақтар  төгеді. Міне балалар ақынының да құдіреттілігі осында жатыр.
Адырбек балаларға арналған қысқа қайырымдармен ғана шектелмейді. Оның бұл тақырыптағы «Айға сапар», «Қырдағы айқас», «Түнгі күзет», «Боранды түнде», «Жоғалған қыз» атты балаларға арналған фантастикалық поэмаларының өзі бір төбе. Бұл шығармаларында ақын балаларды тылсым құпиялардың сырына үңілдірсе, өскен ортамыздағы келеңсіздіктермен айқаста әділдіктің салтанат құратынына бала батырдың ерлік істерін өлең жолдарымен төгілдіре жеткізеді.
Ақын ағамыз бұлармен шектелген емес. Тарих тереңіне үңіліп, тарихи тұлғалар жайлы да қалам тартқан.Әсіресе кешегі өткен Манап пен Бексұлтан мұраларын жинап, кітап етіп шығарудағы еңбегі ұшан-теңіз. Сондай-ақ «Сауран»,«Сығанақ»,«Көккесене», жайлы  тарихи зерттеу еңбектері мен бірге «Желкілдек батыр»,«Хорасан-ата», жөнінде жазған тарихи поэмаларының орны ерекше. Аты өшіп ұмытыла бастаған тарихи тұлғалардың ерлігі мен елдігін қайта тірілтіп, бүгінгі ұрпаққа жеткізе білгенін, ерлікпен пара-пар демеске амалың жоқ. Ауданның жетпіс, сексен жылдық тарихы жөнінде жазған кітабы аудан тарихына қосылған баға жетпес еңбек деп білеміз.
Адырбектің тағы бір ерекшілігі, ән мәтініне сөз жазу. Бұл орайда, өмірден жастай кеткен, бүкіл қазаққа белгілі сазгер, әрі әнші Бексұлтан Байкенжеевпен шығармашылық байланыста болуы. Тамаша әндердің авторы Бексұлтанның 200-ге тарта әнінің басым көпшілігінің сөзін осы Адекең жазған. Яғни, ақынның сазгермен тығыз байланыста болғанын, оның үстіне ән әуеніне лайық, жүрекке жылы, әрі көңіл кілтін дөп басатын өміршең өлеңнін нағыз шебері екенін білеміз. Сондықтан болар «Құда болып жүрейік», «Ақ баян», «Ардагерлер әні», «Гүлденген Жаңақорған», «Сағынып жүрші» , «Ақгүлім»,  тағы да басқа көптеген әндері бүкіл Қазақстанды аралап, той-думанның сәні болып жүр.
Ауылда туып, ауылда қалған, ары биік ақынды елі қадірлеп, халқы сүйіп, үнемі еске алып, өлмес дүниелерінен қуат алып, ұрпақ тәрбиесінде пайдалана беретініне ешқандай күмән жоқ. Ақынның жыры да, аты да өлмек емес. Адекеңдей жібек мінезді, кереметтей адами қасиеттің иесі, досқа адал, ақ жүректі ағаны еске ала отырып, сөзімді өлеңменаяқтағанды жөн көрдім:
Жалған өмір жалғандығын жасады,
Дем таусылса кім өлімнен қашады.
Сен өткенмен өмір сыйлап өлеңің,
Әр кеудеге шапағатын шашады,
Енді айтпағымыз, періште көңіл ақынды есте мәңгі қалдыру үшін аудан орталығынан бір көшеге есімі берілсе. Сонымен қатар өзі өмірінің соңына дейін қызмет жасаған аудандық мәдениет үйінен Адырбек Сопыбековтің атында жас ақындардың арнайы тәлімдік бөлмесі ұйымдастырылса деген тілегіміз бар. Егерде жоғарыдағы айтқан ұсыныс, тілектеріміз жүзеге асырылып жатса онда бұл балалар әдебиетінің классигіне жасалған жерлестерінің құрметі болар еді.
 Файзулла САХИЕВ,
 ақын-журналист
Жаңақорған ауданның «Құрметті азаматы»
02 ақпан 2020 ж. 634 0