Жанам деген жүректерге от берген
Бұл азат елдің еркін ойлы өреніне дәл айтылған теңеу. Мұны алысқа бармай-ақ өз туған жеріміздегі Еркінбек сынды елжанды азамат бастаған жаңақорғандық жас толқынның бүгінгі игі іс, ізгі бастамаларынан айқын аңғарып отырмыз.
Мемлекетіміздің жан-жақты қолдауын сезініп, қабілетіне, қажыр-қайратына қарай қалағанына қол артып, арманына жеткерген, жанамын деген жүректерге от берген жаңа дәуір шапағаты талай жасампаз істің тұсауын кесіп, маңдайын жарқыратты.Осыны терең сезіне алған атамекендегі саналы жастар қатарының жан-жақты қайырымдылық һәм ізгілікке бағытталған қоғамдық-әлеуметтік жобалары өмір-тіршілікте тауқымет торынан саңылау таппай дағдарған талайдың мұңлы көңілін жақсылықтың сәулесімен жылытып жүр.
ІХ ғасырда өмір сүрген данышпан ғұлама Әбу-Насыр Әл-Фараби "Қайырым – жинақтаушы күш" деген екен. Бұл жас тілектердің басын бір арнаға тоғыстырып, ортақ мақсатқа жұмылдырған орасан қуаттың көзі осында жатыр еді. Ғұламаның айтқан: Үш қасиет – білімділік, әдемілік, қайырымдылық. Осылар біріккенде адам биік болады деген сөзі де осы бір толқынның сипатымен керемет астасып жатыр. Олар шетінен әдепті, сыпайы, кішіпейіл, қамқор, елгезек, не қиындықты да жұмыла көтеріп еңсеруге әрбірі жігерлі күшпен дайын тұрады.
Бәлкім, жеке-дара жүргенде бұлай болмас па еді. Өз қарақан басының қам-қарекетімен, бітпейтін бейнетімен, бірді-бірге жалғаған алдамшы дүниенің арзан қызығын малданып әуреге түсіп жүрген қаншамыз секілді қаннен қаперсіз күн өткізе беруге де болар. Бірақ ілімділердің сөзі бар ғой: "Егер адамдар бақытқа жету жолында бір-біріне қол ұшын созар болса жер бетінде қайырымдылық қанат жаяды".
Міне, осы қанатты сөзді көңілі ашық, көкірегі ояу, қанағаты зор, тәрбие-тағылымы мол осы ізімізден ерген бауырларымыз өмірлеріне қазық етіп, жан-жүректерімен баянды етуге барынша жұмылуда екен. Біз бұған тек қана қуанамыз, тек қана қолдаймыз.
Сонымен, 2016 жылдың мамыр айында әрбір жас кеудеде өркен жайып, мән-мазмұны тоғысқан мөлдір тілектер мешіт миһрабында ортақ бір мәмілеге келіп еді. Бұл туралы мәліметтерге жастар жетекшісі Еркінбек Нариманұлының өзімен арнайы кездесіп, емен-жарқын сұхбат барысында тереңірек қанықтық.
– Мамандық бойынша тарих пәнінің мұғалімімін, – дейді ол. Мектепті 1998 жылы бітірген соң Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде білім алдым. Еңбек жолымды аудан орталығындағы №110 орта мектебінде бастадым. Мектеп өмірі – ұшы-қиырсыз ізденуден, жаңалыққа ұмтылудан, үздіксіз еңбектенуден тұратын жауапты орта мен үшін. Осы үдеден табылу үшін талмай талаптандым. Қиялы ұшқыр, зерек шәкірттерімді ерекше баулып, ғылыми жұмыстарға тарттым. Тарихи қасиетті орындарға саяхат жасап, қызығушылығын оятуға тырыстым. Еңбегім еш кетпеді. Республика көлемінде талай байқауларда топ жарып, танылған шәкірттеріммен мақтана аламын. Бұл – ұстаздық еңбегімнің жемісі, – дейді ол ағынан жарыла.
Біз өмір сүрген қоғам – тұтас бір кеңістік. Оның тыныс-тіршілігіне тірек боларлық тұлға болу үшін тағы не істеу керек?
Кеше, Қызылорда облысы әкімдігінде Елбасының “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақсатындағы “Атамекен” жобасы аясында ұйымдастырылған “Жомарт жүрек-2019” байқауында “Жаңарған Жаңақорған жастары” еріктілер ұйымы “Жылдың үздік ұйымы” номинациясымен марапатталды. Облыс әкімінің Алғыс хатында “Туған жердің мәдени-рухани кемелденуіне және облыс тұғындарының әлеуметтік жағдайын көтеруге жасаған бастамашыл еңбектеріңе зор ризашылық білдіремін” деген алғаусыз лебіз көрініс тапқан.
Бұл жастардың қатары алдымен құлшылық үйі – мешіттерде тоғысқан екен. Алдымен ата-ананы сыйлау, үлкенді құрметтеу, кішіге қамқорлық жасау, осы сынды қасиеттерді қалтқысыз орындағанда Отанын шын сүйетін, оның гүлденуі жолында қызмет ететін шынайы патриоттар өсіп шығады екен. Күнде бас тоғыстырып, жүзбе-жүз көрісудің өзі бір бүтін тілекке, жомарт жүрекке айналып, ортақ арна таба аларына осы жігіттеріміздің амал-әрекетіне қарап баға беруге болады.
Жаңақорған жастары бұл жетістікке қалай жетті?
Барлық нәрсені адамның ақыл-ойы шешеді. Ол адамның тәрбиесінен бастау алады. Еліміз өз егемендігін алып, рухани түп қазығымен табысқан сәттен бүлдіршіндеріміз имани тәрбиемен сусындай бастағаны аян. Әуелі өзін жаратқан хақты тану, оның парыз еткендерін жүректерге егу жас өскіннің санасында жаманнан жирену, жақсыға ұмтылу инстинктін қалыптастырарына осы буынның ізгілікке құштарлығы, жақсылық атаулыға ынтызарлығы дәлел.
Алғашында мешіт жамағатынан 20-30 жас ел ішіндегі жағдайы ауыр қаріп-қасерге қайырымдылық қол ұшын созу мақсатында әрқайсысы 2 мың теңгеден ақша шығарып, жиналған 46 мың теңгеге 4 отбасыға азық-түлік апарып берді. Кісіні қуанту дегеннің қандай қымбат екенін алғаш сонда түсінді. Бұл адамның өзіне де бір күш, сенім, ісіне береке дарытатын тәрізді. Осы ізгі істерін жалғастыра берген. Бұған мешіттегі ұстаздары Сайдулла имам, Ержан тақсыр, Жеңіс имам қуанды. Өйткені қайырым қолын созғанды Құдырет те қайырымынан құр қалдырмайды.
Ешкімнің тапсырмасынсыз өз жүрек қалауымен пайдалы бір іске қадам жасауға еріктілік тәжірибесі дүние жүзінде ертеден бар. БҰҰ ұсынысымен Қазақстанда бұл қоғамның іргетасы 1985 жылдан бастап қаланған екен. Соның жарқын үлгісіне жол салған жаңақорғандық жастардың қатары бүгінде жүзге жуықтады. Мақсат – мүдделері бір арнаға тоғысқан осынау талап иелері сан саланың мамандары. Олардың қатарында мұғалім де, дәрігер де, заңгер де, құрылысшы да, есепші де, электрик те, спортшы да, бәрі бар. Қолы ұзынның өз-өзіне сенімі де жоғары, қоғамға да ықпалы зор. Ұйым жұмысын материалдық тұрғыдан демеп тұрған осы азаматтар екені де шындық. Бұл тұрғысында “Жаңарған Жаңақорған жастары” еріктілер қоғамдық қорыныңжетекшісі Еркінбек Айнақожаев былай дейді:
– Қоғамның негізі қаланғанына үш жыл болды, қатарымыз да, қайырымдылық мақсаттарымыз да кең қанат жайып келеді. Кісінің мұқтажы тек қарын тойдырумен шектелмейді. Ол қоғамның шынайы мүшесі болу үшін толыққанды білім алуы, көзқарасы қалыптасып, белгілі кәсіппен айналысып, өз ортасынан орын табуы керек. Осы орайда жастар ұйымы төрт бағытта жоба жасап, соны үйлестіре жүргізуге шешім қабылдадық. Олар: білім, мәдениет пен өнер, спорт және руханият. Осы жұмыстардың барлығын қайырымдылық аясында қалай атқаруға болады?
Өзім ұстаз болғандықтан бала жанын жақсы түсінемін. Үйден оқытылатын балалармен жиі жұмыс жасадым. Терезеге ғана телмірген жәудір көздердің жан-дүниесіне үңіліп жатқан ешкім жоқ. Оның өз ата-анасының да мүмкіндігі аз. Осындай балаларды құсалықтан құтқарып, көңіліне үміт сәулесін ұялату үшін қоғамға тартқымыз келді. Есепте тұратын мектеп жасындағы мүмкіндігі шектеулі 34 баланы үш жыл қатарынан алаңда үй тігіп, мерекелік дастарханда - Наурыз мейрамында, Құрбан айтта басын қосып, түрлі ойын-сауық, спорттық шараларды ұйымдастырып келеміз. Сонымен қоса 2016 жылы айт мерекесі құрметіне 250 балаға сыйлық таратсақ, 2017 жылы 350 балаға, 2018-де 530 балаға, ал биыл 1080 балаға сыйлық үлестірдік. Тұрмыс күйі төмен отбасыларына ұдайы қарасып, қолұшымызды созып отырамыз. Осы жұмыстарда орталықтағы “Атамекен”, “Ғани”, “Береке”, “Заңғар” “Еркош” дүкендерінің иелері – Қанат, Мұрат, Ғазиз, Ғалым, ағайынды Батталовтар мен Палмановтар, Еркебұлан сынды азаматтардың үлесі айрықша. Бүлдіршіндерге ойын аттракционын тегін ұсынып, сыйлық жасауды ұмытпайтын Әбен Бектұров, сондай-ақ 400-500 балаға тегін балмұздақ таратқан Ерік Омаров ағамыздың жомарттығы айтуға тұрарлық.
Елдегі жұмыссыз жүрген азаматтарды пайдалы еңбекке тартып, құқын түсіндіріп, ерік-жігерін оятуда білікті заңгерлеріміз Дәулет Тұрабаев, Нұрболат Аширов сынды азаматтар жастарға жұмыс көздіктерін ұсынып, жол көрсетуде. Салауатты өмір салтына насихаттау барысында нар жігіттеріміз Қайрат Оралбеков пен Шыңғыс Азнабаевтың көпшілікті соңынан ерте алатын көшбасшылық қасиеті қаншама жасты бос жүріс, қиыс қадамнан тыйып, жігерлі де, мықты өмір дағдысымен қауыштырды. Қоғамға дені сау ұрпақ ұшан-теңіз пайда әкеледі. Оларға ата-анасының да көңілі шат. Руханият пен өнер бағытында қаламгер Әбдісамат Әбдіш, жастар арасынан сайланған аудандық мәслихат депутаты Арман Мажитов, жас белсенді Азамат Ергешов, бағдарламашы Қожахмет Тұрсынов, жастар жетекшілері Наурызбай Орынбасар, Нұрхан Айдаров, Наржан Молдабеков, Әлішер Нұрланұлы, Бауыржан Орынбасаровтың есімін айрықша атау орынды, – дейді Еркінбек Нариманұлы.
Бұл жастар қанаты осыдан екі жыл бұрын Исаметова Ақзила деген анаға баспаға салып беріп, батасын алғаны бар. Келер жылы тағы бір осындай отбасы, барар жер, басар тауы қалмай есік жағалап жүретін Беласарова Анар апаларына (журналист Оразәлі Мұсабековтың жары) жаңа үй салып беріп, көл-көсір алғыстың астында қалған. Осы жұмыстың басы-қасында жүрген Данияр Досантаев деген азаматымыздың: “Өмірімде үй салып көрмеп едім, мына жауапкершілікті арқалаған соң кәнігі прораб болуға айналдым” деп айтқаны есіме түсіп отыр.
Иә, жақсылыққа құштар жаны жасты жанарды құрғатуға келгенде қолдан келместі келтіріп, ашпаған есікті ашып, жабылып іс қылып, жарты айда жаңа үйді салып бітірген. Биыл тағы бір үйдің іргетасын құйып жатқан үстіне облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов куә болып, үй іргесіне бір кірпішті өз қолымен қалап, мына ізгілікке іңкәр ақ жүректі азаматтарға құрметті қолдауын осылай білдіріп, олардың осы бір игі тірліктеріне ғана емес, толайым тағдыр, алғы күндеріне таусылмас береке, баянды бақыт тіледі.
Осымен қатар орталықта “Қамқор” дүкенін ашылу шарасына арнайы келген сол кездегі аудан әкімі Ғалым Махмұтбайұлы жастарға шын ризашылығын білдіріп, өз отбасы атынан 100 мың теңге қаражат ұсынып еді.
Жастардың бұл қайырымды тірліктеріне іс басындағылармен қатар түрлі салада республиканың түкпір-түкпірінде жүрген өз жерлестеріміз де шынайы қуанулы. Алыста жүрсе де қолдап, қаржылай көмектесуді мұрат тұтқандар қатарында Дәурен Әбиев “Шаншар” әзіл-сықақ театры әртісі үй шатырын жабатын шифер жағын қамтамасыз етсе, материалдың қалған бөліктеріне адвокат Дәулет Тұрабаев көмегін аямапты. Сол сияқты Досантаев Дархан құрылысқа қажетті техниканы сақадай сай етіп жәрдемін аямады.
Шымкент қаласындағы “Ізгілік” қайырымдылық қорын басқарып отырған жерлесіміз Данияр Мейірбеков біздің жастарға жөн-жоба көрсетуден жәрдемін аяған емес. Сол жігіт арқылы астаналық “Қарқын” атты әлеуметтік ұйымымен жалғасып 5 тоннадай киім әкелініпті. Одан қазір мұқтаж отасылар керегінше пайдалануда.
Белгілі талант Серік Ибрагимов те осы ұйымның белді мүшесі.
Сонымен, аудан тынысын алға апаруда тынымсыз тірлік атқарған жігіттеріміз бюджеттен де, жергілікті қазынадан да бір тиын жәрдем алмай, өз қайрат-күштерімен, жеке қаржыларымен халықтың саяси да, әлеуметтік те ахуалына хал-қадірінше үлес қосып жатқанына осы атқарылған жұмыстарды алдыға тартуға болады.
Баян Үсейінова