№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Айбикенің арманы актриса болу

Айбикенің арманы актриса болу

Халық арасында жас болса да талантымен танылып келе жатқан Айбике Серікқызы «Арман» мәдениет үйіндегі Мәдениет Тотаев басшылық ететін драма театрдың ең жас мүшесі. Мектептен тыс уақытта драма үйірмесіне қатысып, үлкен сахналарға шығып үлгерген жас өреннің өнерін «Талантты жастар тұғыры» айдарына арқау етпекпіз. Әуелі өнер шаңырағына арнайы барып, мәдениет майталманы Рыскүл Ұлықпановамен тілдесіп, Айбикенің өнері жайлы әңгіме еттік.
   – Айбикенің өнерге келуі кездейсоқтық емес. Ол зерек, алғырлығынан болар кәсіби шыңдалған әртіс деп ойларсың. Театрға был­тыр  келді, ешқандай үйірмеде болма­ғанымен тез үйреніп, бүгінде басты рольдерден бой көрсетіп жүр. Жақында бізбен бірге Сырдария ауданында  КСРО халық артисі, Қазақстан мем­лекеттік сыйлығының лауреаты Сабира Майқанованың 105 жылдық мерейтойына қатысты. Мерейтой аясында өткен «Театр анасы – Сабира» атты драма үйірмелерінің облыстық байқауында үздік танылуымызға осы жас әртістің де еңбегі бар. Айбике басты рөлдің бірін сомдап, қазылар алқасының  көңілінен шықты. Сахна адамның мысын басады дейміз ғой, алайда ол сөздің Айбикеге қатысы жоқ. Қашанда арқасынан қағып, «ал, қанекей, бара ғой» десең, образға еніп, ойдағыдай рөлін сомдап шығады, – дейді Рыскүл апай бізбен әңгімесінде.
Сонымен қатар жерлесіміз, жазушы Адырбек Сопыбековтың «Тордағы бұлбұл» шығармасынан қойылым қойылғанда, Айбике басты рөлдің бірін сомдап, қазылар алқасыныңкөңілінен шыққан.  Иә, халқымыздың «болар бала жасынан» деген даналық сөзі осындай жастардың  туа біткен қабілетін дәріптегендей.  
Айбикенің өнеріне қанық болған біз өзімен танысуды жөн көрдік. Ол оқитын №125 С.Сапарбеков атындағы мектепке бағыт алдық.
   – Театр – төрт құбыласы өнер атты әлемнің жыры мен сыры, әні мен сәнінен қаланған киелі шаңырақ. Оның әрбір сахналық қойылымынан өткен мен бүгіннің иісі аңқиды. Жалпы театр – өмірді сүйетіндерге ғана емес, жарық дүниенің сырын жан тереңнен зерделейтіндерге арналған. Бұл бағытта менің жолым болды. Сабақтан тыс уақытта «Арман» қоныстық мәдениет үйіндегі театр қойылымдарынан қалмауға тырысамын. Ұстазым Рыскүл апайдан үйренерім көп. Болашақта осы театрдағы аға, апаларым сияқты аудан мәдениетіне үлес қосатын тұлға болғым келеді, – деді Айбике.
Сондай-ақ ол мектепішілік  «Алтын күз» мерекесіне дайындалып жүргенін тілге тиек етті. Жалпы, білім ұясындағы мәдени-рухани шаралардан тыс қалмайтын Айбикенің сыныптастарының арасында да оқ бойы озық екенін байқау қиын емес. Ұстаздарымен тілдескенде Айбикенің сабақ үлгерімі де жақсы екенін білдік. Яғни, өнер адамы болу үшін, білімді болу маңызды дүние.
Анасының айтуынша, кішкен­­тай­ы­нан бөлменің бір бұрышынан сахна жасап, теледидардан көргендерін қайталап жүреді екен. Ұстаздарына қарап бой түзеген жас таланттың бүгінде әлеуметтік желідегі парақ­шасына роликтерін жүктеп, оқырман жинау  хоббиіне айналған.
Байқағаным, Айбикенің бойында ашылмаған қыры көп. Оның өнер­де шыңдалып, биік белестерді бағындыруына ата – анасы мен ұстаздар тарапынан жағдай жасалса, кейіпкеріміздің қазақ мәдениетіне қосар үлесі көп екеніне сеніміміз мол.

Майра ҒАНИЕВА
16 қараша 2019 ж. 1 324 0