«Менің атым Қожа» фильміндегі Майқанова ұстаз өмірден өтті
Раиса Мәжитқызы Мұхамедиярова 1939 жылы 11 шілдеде Семей облысында дүниеге келген. Мектепті бітіргеннен кейін екі жылдай Сарыағаш аудандық партия комитетінде машинист-хатшы болып жұмыс істеген. 1962 жылы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтында оқып, ағылшын тілі оқытушысы мамандығын алып шыққан.
Театр және кино актрисасы. 1995-2002 жылдары Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық жасөспірімдер мен балалар театры сахнасында өнер көрсетті.
Көпшілікке қазақ кино өнерінің алтын қорына енген «Менің атым Қожа» фильміндегі Майқанова рөлімен танымал.
Одан бөлек актриса «Балалық шаққа саяхат», «Балам менің», «Бұғы адам», «Найзатас етегінде», «Қанабек», «Айсұлу туралы ертегі», «Желкен», «Менің әпкем», «Түнек әміршісі» фильмдерінде ойнады. Соңғы рөлдерінің бірі «Астана – махабаттым менің» фильміндегі Бану әже рөлі.
1960 жылдан бері Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ-ның штаттағы актрисасы болып қызмет атқарып, 80 жасқа қараған шағында өмірден өтті.