№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ТАРИХЫМЫЗДЫ БІЛУ– ҰРПАҚҚА ПАРЫЗ

ТАРИХЫМЫЗДЫ БІЛУ– ҰРПАҚҚА ПАРЫЗ

Жаңақорған өңірінің аудандың әкімшілік болып құрылғанына 95 жыл толды.Туған жердің қатпарлы тарихына дендеп, әр кезеңінен сыр шертетін сәт туғандай. Жасыратыны жоқ, туған жердің тарихын талдайтын көнекөз қарттар жоқтың қасы. Сондықтан оқырман қауымның көкейіндегі басты сұраққа жан-жақты ізденіп, тұщымды ақпар беруді құп санадық.
ЖАҢАҚОРҒАН БОЛЫСЫ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫ?
Жаңақорған елді мекенінің пайда болып, қалыптасуын көбіне Қоқан бекінісінің салынуымен байланыстыратындар бар. Ол рас. Қоқандықтар Жаңақорғанды бекініс ретінде пайдаланды, бірақ оның өркендеуіне елеулі ықпал жасамады, ниет те танытпады. Жаңақорған қоқандықтардан бұрын пайда болған. Шымқорған, Діңқорған деген аттармен бірнеше рет орын алмастырған. Ақырында дариямен байланысқан көлдің жағасына орныққан. Жаңақорған ауданы – Қызылорда облысының оңтүстік шығысында орналасқан аудан. Аудан 1928 жылы 17 қаңтарда құрылған. Ауданның территориясы – 16,6 мың шаршы шақырым, бұл облыстың жалпы жер көлемінің 6,8 пайызын құрайды. Ауданда 2 кент және 24 ауылдық округ бар, 17 ұлттың өкілдері тұрады. Орыс отаршыларының Ақмешіт – Түркістан арасын жалғаған әскери шебінің салынуына байланысты Жаңақорғанның аты жазбаларда жиі атала бастайды. Орыс әскерінің бекіністі басып алуына қатысты да біршама деректер сақталған. Оған дейін Кенесарының оңтүстікке жасаған жорықтары тұсындағы деректерде аталады. Оңтүстік өңірді патшалық Ресей отарлап алғанда 1868 ж. Жаңақорған болысы болып алғаш рет әкімшілік аумақ болып бекітілген. Сол кездегі талап бойынша болыстықтың негізгі аумағы көшпелі тұрғындардың қыстаулары бойынша айқындалды. Орыс отаршылығына дейін белгілі дәрежеде бекіністі елдімекенге айналған Жаңақорған қонысы болыстықтың орталығы және әкімшілік бірліктің аты болып таңдалды. Сол кезде Жаңақорған бекінісі Жөлектен Түркістанға дейінгі аралықтағы ірі елдімекен болатын. Бұл жөнінде сол замандағы жазбаларда мол деректер сақталған. Сондай деректерде Жаңақорған болысының егістік жер көлемі 1000 танапты құрағандығы айтылады. Бұл дерек сол заманда жергілікті тұрғындардың мал шаруашылығымен бірге жоғары егіншілік мәдениетін де игергендігін танытады. 1871 жылы Перовскі уезінің құрамындағы Жаңақорған болысы Түркістан уезіне берілді де Жаңақорған Түркістан уезіндегі Қоңыр-Маңғытай, Алтыата, Божбан, Қаңлы-Сапар, Жаманбай, Сары, Маңғытай-Саңғыл, Тама, Бестамғалы, Сіргелі, Тілік болыстарының бірін құрады. Сол кезде болыстық 8 ауылға бөлінген екен. ХХ ғасыр басындағы отарлық биліктің жерге орналастыру комиссиясының жинаған деректерінде ол ауылдар туралы барынша мол деректер жазылып қалдырылған. Керек еткендер ол деректерден өз ата қоныстарына, ата-бабаларына қатысты мағлұматтар таба алады. Жаңақорған болысының шекарасы солтүстікте Ақсүмбе, Ақжайқын көлі, Бесқұлан, Бақтоған сайынан басталса, батысқа қарай Барқын, Бесарық, Бетпақдаладан Мешеулі сайына дейін созылған. Ал шығысында Жайылма, Балапан-төбеден Жаңақорғанға дейін жерге созылды. Болыстың қысқы қоныстары Құмсаба, Борықты, Бозкөл, Шиелі, Бұқарарал, Тартоғай, Қарғалы, Киікқырған, Алакөл, Қырғауыл, Оймақты, Алмалы, Бесқазақ, Ақшығанақ, Қышқорған, Төменарық, Иіркөл, Қадыр, БабаСейіт, Жайылма, Қоржынтөбе, Бестамақ, Ақсүмбе, Бесарық, Бесқұлан, Ақжайнал, Арысланқұдық болып аталатын еді. Болыс тұрғындарының жаз жайлауы Жетітөбе, Ақсүмбе, Ақмылтық, Бесқуаң, Айнакөл, Тамғалы, Белдік, Қатынқұм, Боқтықарын, Табақбұлақ сайы арқылы өтіп, Сібір ведомствасына қарайтын Құмбел, Сарыкеңгір, Қаракеңгір, Қорғалжынға дейін созылып жатты. Бұл аталған жаз жайлаулардың кейбірі қазіргі кездегі ауданның аумағынан тыс қалып отыр. Егістіктері Ақұзаң, Асаршық, Қызылтал, Шалқия, Жиделі, Арыстанды, Шолақ, Ақсүмбе өзендері мен Ақбастау, Қарасүйір, Келте, Алашапан, Жыланды, Қырғыз-бұлақ, Жолбарыс бұлақтарында болды. Кеңестік билік тұсында қазіргі Жаңақорған аумағында Сауран (Бесарық), Өзгент, Приречный (Төменарық) және Жаңақорған болыстары болса олар кейіннен ірілендіріліп, Жаңақорған болысына айналған екен.
 ҚҰПИЯ ҚҰЖАТТАР НЕ ДЕЙДІ?
Тоқсан бес жылдық тарихымыз жайында ізденісімізді аудандық мұрағаттың құнды құжаттарымен толықтырдық. Құнды мәліметтерді топтастырған Райымбек Әділбековтің дерегінде тың ақпараттар жетерлік екен. Әр цифрда тарихтың сыры қатталып тұр. 1867-1886 жылдардағы реформалар тұрғындардың саяси өміріне, шаруашылығына әкелген өзгерістерімен бірге жерді пайдалану, бір болыс аумағына тұрақтандыру және жер, суға қатысты руаралық қақтығыстарды шиеленістіріп жіберді. Жер, су дауы бір болысты екінші уезге қосылуда шекараның дұрыс анықталмауынан туындады. Мысалы, 1872 жылы Жаңақорған болысының Түркістан уезіне берілуіне байланысты шекарадағы Ақсүмбе үшін жер дауы болған. Жаңақорған болысындағы 1848 түтін Түркістанға берілгенімен, оларға тиесілі кейбір жерлер Перовскі уезінде қалып қойғандықтан Түркістан уезіне көшкендерге жайылымдық жерлер жетіспеген
Шымкент, Әулиеата уездерімен салыстырғанда Перовск уезінде көшпелі мал шаруашылығы басым болды. Сыр бойының тоғайы мал үшін жақсы жайылым болғанымен, маса мен сона малға жайсыз тиді. Содан да жаз шыға малшылар солтүстікке қарай көшетін. Уездің ірі байлары АралЕртіс суайрығына дейін көшсе, малы аз шаруашылықтар Сарысуға дейін көшіп қонды. Қоңыр күзде Сыр бойына құлаған көш қара күзде дария мұз болып қатқанда Қызылқұмдағы қыстауларына көшіп отырған. Жер бедерінің таулы болып келуіне байланысты бұл аймақ тұрғындарының қоныстары мен жайлауларында ерекшелік мол болды. Қаратаудың оңтүстік-батыс жотасына орналасқан Жаңақорған болысының тұрғындары жазда Қаратаудан бастау алатын Майдантал, Талдысу, Ақүйек, Жиделі өзендері мен тау шатқалдары, ондағы бұлақ бойы мен саздарды мекендесе, ауқатты отбасылар Ақмола облысының Атбасар уезіне дейінгі аралықтағы Бетпақдалаға жайлауға шығатын. Күз, қыс айларында Сыр бойындағы қалың жыныс тоғайда қыстайтын. Одан әрі қысы жұмсақ Қызылқұм алабында қыстап, Өзбекстанның Бұхара облысына дейінгі аралықты жайлады. Жер жағдайына қарай Жаңақорған атырабының тұрғындарының арасында 150-300 шақырымға созылатын жартылай көшпелі мал шаруашылығы басым болды. Көш жолдары одан ұзақ болатын көшпелі шаруашылықтардың үлесі біршама аз еді. Оның есесіне егін егіп, отырықшы шаруашылығын жүргізетіндердің қатары жылдан-жылға арта берді. Түркістан уезіндегі болыстардың Перовскіге берілуі шекарада орналасқан қазақтарға қолайсыз болғандықтан, Ресей әкімшілігінің қайта құруларын олар қабылдағысы келмей, кері Түркістанға қосылуға бірнеше рет шағым түсірді. Отарлық биліктің жүргізген реформаларына сай Сырдария облысында көшпелі тұрғындардың біртіндеп отырықшылыққа ауысу үдерісі басталды. 1880 жылы әрбір мың тұрғынға 682 көшпелі, 214 отырықшы,104 қалалықтан келсе, 1896 жылы бұл көрсеткіштер 567 көшпелі, 299 отырықшы, 134 қалалық болып өзгеріске түскен. 1880 жылы қазақтардың 1,5%-ы отырықшыланса, 1896 ж. 7,1%-ы, яғни 38149 тұрғын отырықшылыққа көшкен. ІІ дүниежүзілік соғыс жылдары Жаңқорған өңірінен майданның қажеттілігіне негізінен жылқы мен түйе, өнімдерден киіз бұйымдар тапсырылды. Тылдың қара жұмысына толық емес мәліметтер бойынша Жаңақорған, Сауран, Приречный болыстарының аумағынан 100-ден астам адам алынған. Жаңақорған ауданының ер азаматтары соғыстың алғашқы күндерінен бастап әскери комиссариатқа барып, өз еріктерімен майданға аттанып жатты. Жаңақорған ауданынан Ұлы Отан соғысына 4949 жауынгер аттанды. Тылдың қара жұмысына адам алуға қатысты тұрғындардың арасында толқулар болғанымен 1916 жылғы көтеріліс Жаңақорған аумағын қамти қойған жоқ. ТҮЙІН СӨЗ. Жаңақорған ауданы еліміз егемен алып, шекарасын шегендегеннен кейін дамудың жолына түсті. Әр жылдары аудан төңірегінде мемлекеттік нысандар бой көтеріп, халықтың саны артты. Бүгінде халық саны тоқсан мыңнан асып жығылады. Құлашын кеңге жайған ауданның тыныстіршілігі кеңейді. Зәулім ғимараттар мен жемісті бақтар, өндіріс орындары мен жеке кәсіпкерлік дамуда. Мұның бәрі де кешегі ата-бабаларымыздың еселі еңбегінің, игі істерінің жалғасы. Торқалы тоқсан бес жылдық тарихымыздың әр кезеңінде бірлік пен ынтымақтың, береке мен байлықтың, ар-ождан мен парасатпайымның озық үлгісін аңғардық. Туған жеріміздің қатпарлы тарихын қазбалап, әр сәтін дәріптеу азаматтық парызымыз.
Мақпал Патенова
06 қараша 2023 ж. 561 0