№33 (8744) 27

27 сәуір 2024 ж.

№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

№31 (8742) 20

20 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДА ӘЛЕУЕТТІ ҚОЛДАУ БАР

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДА ӘЛЕУЕТТІ ҚОЛДАУ БАР

  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келіп, перспективалы бастамаларды көріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жоспарымен танысты.

Президент көп бейінді балалар ауруханасында болып, емдеу мекемесінің тыныс-тіршілігімен танысты. 2017 жылы пайдалануға берілген ауруханада 11 бөлім, 5 операциялық блок, реанимациялық және анестезияға арналған бөлімнен тұрады. Сондай-ақ мұнда кеңес беру-диагностикалық бөлімі жұмыс істейді. Аурухана заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Мамандар шетелдік клиникаларда біліктілігін арттырған.
Одан әрі «Жан-Арай» ЖШС кешеніне барып, өңірдің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерімен кездесті.
«Жан-Арай» ЖШС күріш өңдеу және құрама жем зауыттары тәулігіне 150 тонна күріш, 170 тонна ұн өңдейді және 80 тонна құрама жем өндіреді. Кәсіпорында 300-ге жуық адам жұмыс істейді.
Айта кету керек, облыстың ауыл шаруашылығы өндірісі кешеніндегі экспортталатын өнімдер соңғы 6 жылда 3-тен 15 түрге дейін артты. Ал, 2018 жылдың қорытындысы бойынша экспорттың 97 проценті қайта өңделген өнім үлесіне тиесілі. Облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін «Агрокарта» әзірленіп, экспорттың өсуін және өзіндік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарланды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың сол жағалауында пайдалануға берілген нысандарды бағамдады. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қаланың бас жоспарымен таныстырды. Сол жағалаудағы жаңа қала тұрғындарды баспанамен қамтуда шешуші рөл атқарады.
Алдағы уақытта сол жағалауда Неке қию сарайы, 900 балаға арналған мектеп, отбасылық медицина орталығы, бизнес орталығы, 300 орынға арналған көп салалы аурухана, 300 балаға арналған физика-математика бағытындағы орта мектеп бой көтереді. 2019 жылдың алғашқы жарты жылдығында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 460 пәтерлік көп қабатты 8 тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұдан басқа коммерциялық мақсаттағы әлеуметтік және коммерциялық сипаттағы 1190 пәтерлік қосымша көп қабатты 28 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Биыл сол жағалаудағы 3 тұрғын үй ауданында 2340 пәтерлік 50 тұрғын үй салынады. Оның ішінде аз қамтамасыз етілген көп балалы 431 отбасыға беріледі.
– Бүгінде Қызылорда қаласында 280 мыңға жуық адам тұрады. 2025 жылға қарай тұрғындар саны 350 мыңға жетеді деп жоспарланып отыр. Яғни, тұрғын үй құрылысын дамыту үшін қосымша аумақтар қажеттілігі туындады, – деді Қырымбек Елеуұлы.
Мамыр айының алғашқы күндерінде сол жағалауда жастарға қызмет көрсету орталығы іске қосылды. Жастар орталығында IT-park, антикафе, интернет, кітапхана, жаттығу залы қарастырылған және тәулік бойы жұмыс істейтін болады.
Орталықта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ жастарымен кездесті. Жүздесу барысында Жаңақорғандағы «СКЗ-U» күкірт қышқылы зауытының инженер-технологы (Санкт-Петербург мемлекеттік өнеркәсіптік технологиялар және дизайн университетінің түлегі) Жазира Смаилова жас ұрпаққа жасалып жатқан қамқорлығы мен қолдауы үшін өз ризашылығын білдірді.
– Аймақ басшылығының қолдауымен сырбойылық мектеп түлектері 2014 жылдан Ресейдің алдыңғы қатарлы техникалық жоғары оқу орындарында білім ала бастады. Осындай қолдауға ие болған жастардың қатарынан табылғаныма қуаныштымын, – деді жас маман.
2014 жылдан бастап Қызылорда облысы басшылығының қолдауымен қызылордалық мектеп түлектері Мәскеу мен Санкт-Петербургтің алдыңғы қатарлы техникалық жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Айта кетерлігі, 2018 жылы 32 түлек оқуын тәмамдап, аймақ кәсіпорындарында еңбек жолын бастады. Биыл тағы да 132 білім алушы оқуын бастайды деп күтілуде.
Президент өңір жұртшылығымен де кездесіп, аймақ дамуында маңызды болып табылатын бірқатар мәселелерге тоқталып, Сыр өңірінің әлеуметтік саласында әлеуетті қолдау бар екенін атап айтты. Сондай-ақ, экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлік саласын дамыту, ірі кәсіпорын қатарын арттыру, жұмысшылардың жалақысын көтеру, шетелдік компанияларда қызмет ететін отандық жұмысшылардың құқығын қорғау және т.б. мәселелерге мән беріледі.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
18 мамыр 2019 ж. 593 0