№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » "ТІСТЕЛГЕН АЛМАНЫҢ" ҚҰНЫ АСҚАҚТАП ТҰР

"ТІСТЕЛГЕН АЛМАНЫҢ" ҚҰНЫ АСҚАҚТАП ТҰР


«Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады». Бұл нақыл бүгінде өз өміршеңдігін көрсетуде. Жетілген жеткіншек пен жалынды жастың арманы асқақ. Оқушы да қатарынан қалғысы келмейді. Қолындағы қарапайым телефонына қарап, «Айфон» не «Айпад» алғысы келеді. Алайда бұл «тістелген алманың» бағасы асқақтап тұр. Олай дейтінім, 2017 жылдың қорытындысымен жаһан нарығын жаулаған америкалық «Apple» әлемдегі ең қымбат брендтердің тізімінде көш бастады. Айтпақшы, әлгінде айтқан «тістелген алманы» түсінбей тұрған шығарсыз. Американдық өнертапқыш, бизнес-магнат Стив Джобс негізін қалаған «Apple» компаниясы өзінің ноутбуктары мен «Айфон» смартфондары мен «Айпад» планшеттері арқылы қалың көпшілікке танымал. Бұл брендтің басты логотипінде «тістелген алманың» бейнесі бар. Хош. Тақырыпқа ойыссақ. «Айфонды» айтып отырған себебім, мынау еді.

2018 жылдың 28-қыркүйегінен бастап, АҚШ-та су жаңа Iphone Xs Max смартфоны сатылымға шықты. Америкалықтарды қайдам, қазақстандық эстрада жұлдыздары IPhone Xs Max сатып алғандарын сүйіншілеп, әлеуметтік желіге жарыса салуда. Бізде ғаламторды шарлап, елдегі бағаны білмекке тырыстық. Бір білгеніміз, су жаңа смартфон жаппай сатылымға шықпаған. Тек, Алматы мен Астана қаласында Iphone Xs Max  орташа бағасы 550 000-620 000 теңге. Смартфонның жадына қарай бағасы да әртүрлі. Экономист болмасақ та, Жаңақорған ауданындағы баға нарқын бағамдай отырып, су жаңа «Айфонның» орнына, яғни, 620 мың теңгеге не алуға болады? Осы  сауалға жауап іздеп көрдік. Бақсақ, біраз бұйым алуға болады екен. Ерінбей есептегіш құралға салып, тізбектедік.  Сонымен 620 000 теңгеге: «Олх Жаңақорған» жарнама желісінің дерегіне сүйенсек,  1991 жылғы «Опел Вектра» көлігі 550000 теңге,   300 мың теңгеден 2 «Жигули» маркалы автокөлігі, және «Саяжай» мөлтекауданынан 20 соттық жер, ал «Май бекетенін» 10 соттық жер, 310 мың теңгеден 2 бұзаулы сиыр сатып алуға болады. Одан бөлек, Түркияға 10 күндік туристік сапарға немесе 7 адамға «Жаңақорған шипажайына» жолдама алып, қуантасыз. Бұдан да ең маңыздысы 620 мың теңгеге ата-анаңа кіші (умра) қажылыққа жолдама сыйлауға болады.
Жалпы смартфонның жады неғұрлым көп болған сайын соғұрлым оның бағасы да жыл санап жоғарылап бара жатыр. Дәл бүгінгі таңда үлкен қалаларда «Айфонның» ескі нұсқаларына жеңілдік маусымы жүріп жатыр. Жеңілдік деген аты ғана. Бақандай 400 мың теңге. Жәә..осы тұстан түйіндейік.
Әңгіменің әлқиссасын Стив Джобстан бастадық қой. Енді содан аяқтайық. Американдық журналист оған мынадай сұрақ қойыпты: «Сіздің балаларыңыз айпадтан бас алмайтын шығар?» десе, Стив: «Балаларым оны пайдаланбайды. Біз балалардың компьютер басында өткізетін уақыттарын қатаң қадағалаймыз» депті.   
Иә, негізінен негізін қалаушы өнертапқыштың өзі ұлдарына ұялы тұтқа ұстауда тыйым салуының себебі бар. Сол себепті біз Стивтің қанатты сөздерімен сабақтасақ: «Пысық бол. Әр кез зор мақсат қоя біл. Мыңдаған ойдың ішінен тез арада тиянақты түрде жүзеге асыратынын таңда. Бірінші қадам-ең күрделі нәрсе. Еш ойланбай атта! Жүрегің мен түйсігіңе сенетіндей батыл бол!». «Кішкентайдан баста, ұлы мақсатты арманда. Қарапайым бір-екі істен бастасаң, күрделісіне де жетесің. Ертеңгі күнді ғана ойлам тоқтама. Келешекті де ойла. «Бүкіл әлемге не бере алам» деп ойла».
Тереңінен түсінгенге тамаша тәмсіл жатыр. Мұны жазудағы мәселе мына да еді. Оқу орнында жүрген көп студент қатарынан қалмай, қымбат смартфон ұстағысы келеді. Содан ауылға келген сайын ата-анасына «Айфон» әперіңдер деп қолқа салады. Бозбала мен бойжеткен«қалтафонға емес, білімге құмар бол» деп қанша ақыл айтса да тыңдамайды. Не керек, несиеге алып беріп, ақыры тыныштанады. Осылайша, үйдегі көңіл күйді ақыры базардағы нарық бұзып тынады. Не десекте, көрпеге қарап, көсілген ұтады бұл заманда.
    Әбдісамат ӘБДІШ
02 қараша 2018 ж. 1 063 0