» » ЖАСТАРДЫ ЖІГЕРЛЕНДІРГЕН ФОТОКӨРМЕ

ЖАСТАРДЫ ЖІГЕРЛЕНДІРГЕН ФОТОКӨРМЕ


Ұлт көшбасшысы «Нұрлы жол–болашаққа бастар жол» атты Жолдауында: «Мен «Жастар – біздің болашағымыздың тірегі» дегенді әркез айтып келемін. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты! «Нұрлы Жол», міне, біздің креативті ырғақты жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы!»–деген болатын. Сондай-ақ Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Туған жер» бағдарламасы жалпұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады» деп, туған өлкеге деген сүйіспеншілікті арттыруға тапсырма жүктеді. Бұл дегеніміз мемлекеттің өркендеуі жолында жастардың бар күш-жігерін аямай атсалысуы керектігін білдіреді.
Осы орайда, «бірлескен істе береке бар» демекші, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі мен «Арман асуы» қоғамдық қоры бірлесіп, жастар арасында айрықша шара ұйымдастырды. Жергілікті жастардың туған жерге деген патриоттық сезімін арттыру мақсатында аудандық «Жаңақорған – менің көзіммен» атты фотокөрме байқауын өткізді. Бұл жөнінде сәл кейінірек.
Әуелі кенттегі орталық саябақта орналасқан "Айналайын" кафесінің ауласында көктем мен жаздың біте қайнасып жатқан тұсына тура келген жастар басқосуында ақыл-ойдың спорты – дойбы мен шахмат ойынынан жастар арасында ашық турнир ұйымдастырылды. Оған қоса, шара белсенділері тек интеллектуалды бағытта ғана емес, спорттық – мәдени салаға қызығушылығы бар жастарға арнап «Скакалка Challenge», «UNO», «Мен салған сурет», «Сыйлық кімге бұйырады?» деген сынды алуан тақырыптағы креативті ойындарға басымдық берді. Епті де шымыр жігіттер мен бұрымды қыздар «Скакалка Challenge» жарысында секірмекпен секіріп сайысқа түссе, испан елінен бастау алған «UNO» зияткерлер ойыны талай жасты өзіне баурай түсті.
Ал, қылқаламды жанына серік еткен жас суретшілер «Мен салған сурет» сайысында өзіндік туындыларымен жиылғандарды таң қалдыра білді. Сондай-ақ «Сыйлық кімге бұйырады?» интеллектуалды викторинасы жүргізіліп, білім бәйгесінде озық ойлы оқушылар сарапқа түсті. Шараның шешу сайысын әуесқой фотографтар асыға күткені рас. Өйткені, екі жеті бұрын әлеуметтік желі арқылы «Жаңақорған менің көзіммен» атты фотокөрме өткізілетіні жайлы хабарландыру берілген болатын. Ұйымдастыру алқасы онға жуық қатысушының Жаңақорғанның көрнекі жерлерін түсірген суреттерін електен өткізіп, арасынан ең үздігін таңдады. Нәтижесінде, фотокөрменің жеңімпазы Жалғас Сағындықов есімді әуесқой фотограф жеңіп алса, күміс жүлдеге «Жаңақорған тынысы» газетінің фотографы Өмірбек Бектемір ие болды. Ал, Нұрғали Жұбатқан байқаудың қола жүлдесін қанағат тұтты. Жүлдегерлер арнайы бағалы сыйлықтармен марапатталып, жеңіс тұғырынан көрінді.
Орталық басшысы Әкімбек Әлібек: «Жастарды қолдау – мемлекеттік мүдде. Қолдап қана қоймай, бағыт бағдар беру – елдік іс» деді. Иә, «бірлескен істе береке бар» екенін білетін жастар қауымы жұдырықтай жұмылып, ауданның кемел келешегі бағытында жемісті жұмыс атқарса, алынбайтын асу жоқ. Мемлекет әсіресе, креативті жас буыннан көп үміт кетеді. Әрі оған қамқорлығында аяған емес. Ендігі тек аға ұрпақтың жасампаз істерін жалғастыруда жалынды жастарға жүктелер жүк жеңіл еместігі айқын. Бұл бағытта Әкімбек Әлібек жетекшілік ететін ресурстық орталығы мен «Арман асуы» қоғамдық қорының басшысы Әліби Көшербаев аудан жастарына әлеуетті қолдау көрсетуге қашанда дайын екенін жеткізді.
«Туған жер» бағдарламасы жалпұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ.
27 маусым 2018 ж. 1 030 0