БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫНЫҢ МАҚСАТТЫ ЖҰМСАЛУЫ БАСТЫ ТАЛАП

Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті бюджет қаражатының заңды пайдаланылуын бақылап, қаржылық тәртіпті нығайту және заң бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жүргізіп келеді. Жыл басынан бері 103 лауазымды тұлғаға қатысты 336 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған. Бұл туралы департамент басшысы Ербол Күзембаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында баяндады.
Спикердің мәліметінше 2026 жылдың тоғыз айында жүргізілген аудиторлық іс-шаралар барысында анықталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданып, жауапты тұлғалардың мәселесі қаралған.
- Аудиторлық іс-шаралардың нәтижелерімен қатар, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің тапсырмалары, прокуратура органдарының ұсынымдары және тексеру комиссиясы жолдаған материалдар негізінде әкімшілік жауапкершілік мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Сонымен бірге, заңнама талаптарының бұзылуына байланысты бес аудиторлық материал процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды. Бұл шаралар анықталған заң бұзушылықтарға тиісті құқықтық баға беруге және жауапты тұлғалардың әрекеттерін қолданыстағы заңнама аясында қарауға бағытталған. Қаржылық тәртіпті нығайтуда заң бұзушылықтарды анықтаумен қатар, олардың алдын алу да маңызды. Осыған байланысты департамент мемлекеттік сатып алу саласындағы заң талаптарының сақталуын бақылау үшін камералдық бақылау тетігін қолданады. Ал еңбекақы төлеуге қатысты ықтимал бұзушылықтардың алдын алу мақсатында онлайн бюджеттік мониторинг жүргізіледі, - деді Ербол Қабаштайұлы.
Өңірлік коммуникациялар қызметі және ақпараттық талдау орталығы




