ЕҢБЕК АРДАГЕРІ ӘСЕТ ШОМАНҰЛЫНЫҢ 85 ЖАС МЕРЕЙТОЙЫНА ОРАЙ ТАҒЫЛЫМДЫ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

«Руханият» орталығында Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы, Еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Әсет Шоманұлының 85 жас мерейтойына орай «Еңбекпен есейген ғұмыр – ел жадындағы өнегелі жол» атты тағылымды конференция өтті.
Жиын кітапхана жанындағы «Поэзия әлемі» мүшелерінің мерейтой иесіне арналған жыр арнауымен басталды. Конференцияға аудан әкімінің орынбасары Нариман Үсенұлы Жахудаев төрағалық етіп, облыс және республика деңгейіндегі лауазымды тұлғалар, ардагерлер, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Мерейтой иесіне аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаевтың құттықтау хатын облыс әкімінің кеңесшісі Руслан Рүстемов табыстап, ізгі тілегін жеткізді. Сондай-ақ аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбекұлының құттықтауы жарияланып, Әсет Шоманұлына ауданның дамуына қосқан үлесі үшін арнайы төсбелгі табысталды.
Ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар абыройлы еңбек етіп, ел дамуына елеулі үлес қосқан ардагердің өнегелі өмір жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі. Тағылымды басқосу еңбек адамына көрсетілген құрметтің жарқын көрінісіне айналды.
Еңбекпен өрілген ғұмыр – елге қалдырған өшпес өнеге!




