ӨҢІРДЕ «ҚАУІПСІЗ ҮЙ» ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ІС-ШАРАСЫ ӨТУДЕ

Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, пәтер ұрлығы мен тұрмыстық қылмыстардың алдын алу – бүгінгі қоғамның басты талаптарының бірі. Осы бағытта Қызылорда облысында Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес «Қауіпсіз үй» ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. 5 қазан мен 5 қараша аралығын қамтитын бұл шараның негізгі мақсаты әкімшілік учаскелердегі қауіпсіздік деңгейін арттырып, құқық бұзушылықтың алдын алу.
Ауқымды шараның барысы мен алғашқы нәтижелері Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте кеңінен сөз болды. Брифингте Қызылорда облысы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Рауан Қырымұлы Әлдешов өңірдегі қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
«Іс-шараға полициядан, Ұлттық ұланнан, пробация қызметінен, жергілікті атқарушы органдар мен еріктілерден құралған 629 қызметкер тартылды. Реквизиция және рейдтік жұмыстар барысында 2 446 проблемалық тұрғын үй мен нысандар тексерілді. Оның ішінде шаруа қожалықтары мен қыстаулар, иесіз қалған ғимараттар, саяжайлар мен жеке тұрғын үйлер бар. Бұдан бөлек, арнайы профилактикалық есепте тұрған 2 119 азаматтың тұрғылықты мекенжайы тексеріліп, олармен қайта құқық бұзушылыққа жол бермеу бағытында түсіндіру әңгімелері жүргізілді. Өгей әкелерімен немесе азаматтық некедегі жолдастарымен бірге тұратын балалары бар қолайсыз отбасылар да қатаң бақылауға алынды», – деді Рауан Қырымұлы.
Полиция департаментінің берген мәлеметіне сүйенсек, профилактикалық тексерулер тек пәтерді аралаумен шектелмейді. Реквизиция барысында көші-қон заңнамасын бұзған 240 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 13 тұлғаны ел аумағынан мәжбүрлеп шығару бойынша сотқа құжаттар жолданған. Қару иелерін тексеру кезінде сақтау ережесін бұзған 19 қару табылап, заңсыз айналымнан 4 атыс қаруы тәркіленген. Сондай-ақ жастар арасында есірткі насихаттайтын 38 «граффити» жазуы өшіріліп, түнгі мезгілде көшеде заңсыз жүрген 170-ке жуық жасөспірім ішкі істер органдарына жеткізілген. Тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін 158 кездесу ұйымдастырылып, 1200-ден астам жадынама таратылды.
«Қауіпсіз үй» іс-шарасы өңірдегі қылмыстың алдын алу мен тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етуде өзінің жоғары тиімділігін көрсетіп отыр. Жергілікті полиция мен жауапты органдардың тығыз байланыста жұмыс жасауы әрбір өңір тұрғынының өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуіне тікелей ықпал етеді.
Өңірлік коммуникациялар қызметі




