МЕРЕЙТОЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Бүгін аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбек Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, Қосүйеңкі ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұсабеков Қалмұрат Мұсабекұлын қабылдап, 70 жас мерейтойымен құттықтады.
«Құрметті Қалмұрат Мұсабекұлы! Сізді аудан жұртшылығының, тілеулес азаматтардың атынан мерейлі 70 жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз саналы ғұмырыңызды ел игілігіне, туған жердің өсіп өркендеуі мен дамуына арнадыңыз. Еңбекпен қатар шығармашылықты да серік еттіңіз. Бүгінде зейнеткерлікке шықсаңызда қоғамдық-саяси өмірден алыстамай, Қосүйеңкі ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде жастарға бағыт-бағдар беріп, елдің ынтымағы мен бірлігін нығайтуға лайықты үлес қосып келесіз. Ол үшін сізге айтар ризашылығымыз шексіз.», – деді аудан басшысы.
Мерейтой иесіне ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Жаңақорған ауданының ең жоғарғы марапаты – «Құрмет грамотасы» табысталып, дәстүрге сай сый-құрмет көрсетілді. Жиында кенттік ардагерлер кеңесінің төрағасы Серқожа Ыдырысов және «Құрмет» орденінің иегері Әзия Қыстаубаева ізгі тілектерін білдірді.
Қалмұрат Мұсабекұлы еңбек жолын Қосүйеңкі ауылында шаруашылықтың түрлі саласында қарапайым жұмысшы болып бастаған. 1978 жылдың қаңтар айынан бастап кеңшардың түйесін қабылдап, 1979 жылы отбасылық «Ақбота» комсомол жастар бригадасын құрып, соның жетекшісі болып аянбай еңбек етеді. Осы еңбектің жемісі ретінде 1989 жылы республикадағы түйе өсірушілер арасынан алғашқылардың бірі болып «Ақбота» жастар бригадасы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.
1980-1990 жылдары облыстық, аудандық партия және комсомол комитеттерінің мүшесі болып, төрт шақырылым қатарынан аудандық Кеңестің депутаты, бірнеше мәрте аудандық және облыстық еңбек жарыстарының жеңімпазы атанады.
Зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстан қол үзбей Қосүйеңкі ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде жастарға бағыт-бағдар беріп, елдің ынтымағы мен бірлігін нығайтуға лайықты үлес қосып келеді.




