АУДАН БАСШЫСЫ АУДАННЫҢ БАС ИМАМЫН 60 ЖАС МЕРЕЙТОЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Бүгін аудан әкімі Мажит Самитов ауданымыздың бас имамы Наметов Әбдіхалық Махмұтұлын 60 жас мерейтойына орай арнайы қабылдап, құрмет көрсетті.Мерейтойлық жиынға аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбек, аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов, бөлім басшылары, ардагерлер мен имамдар қатысты.
Қабылдау барысында аудан басшысы мерейтой иесін құттықтап, оның ел ішіндегі татулық пен ауызбіршілікті нығайтуға, Ислам дінінің асыл құндылықтарын насихаттауға және жастарды имандылыққа тәрбиелеуге қосып келе жатқан сүбелі үлесін ерекше атап өтті.
– «Құрметті Әбдіхалық Махмұтұлы! Аудан жұртшылығы мен барша тілеулес азаматтардың атынан Сізді 60 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Алпыстың асуына абырой биігінде жетіп отырсыз. Сіз саналы ғұмырыңызды ел игілігіне, қоғамдағы татулық пен бірлікті сақтауға арнап келесіз. Мерейлі сәтте Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат, отбасыңызға амандық, қызметіңізге табыс тілеймін», – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ қазақы дәстүрге сай иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов пен ауданның құрметті азаматы Сайдулла Омаров құттықтау лебіздерін білдірді.
Іс-шара соңында Наметов Әбдіхалық Махмұтұлы көрсетілген құрмет пен жылы лебіздерге ризашылығын білдірді.




