«ОТБАСЫ – ҚОҒАМНЫҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ»: АУДАНДА ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ ДӘРІПТЕЛДІ

Елімізде қыркүйек айының екінші жексенбісі – Отбасы күні ретінде аталып өтеді. Осыған орай Жаңақорған ауданында отбасы құндылықтарын дәріптеуге, ұрпақ тәрбиесі мен шаңырақтың береке-бірлігін насихаттауға арналған «Отбасы – қоғамның алтын діңгегі» атты аудандық конференция өтті.
"Руханият" орталығында өткен басқосуға аудан әкімі Жарқынбек Ғалымжан, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, PhD докторанты Бактияр Оспанов, зиялы қауым, ҮЕҰ өкілдері, жастар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ отбасылық өмірдің мерейлі белесіне жеткен «Гауһар той» және «Алтын той» иелері қатысты.
Жиынның алғы сөзінде аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбекұлы жиналған қауымды Отбасы күнімен құттықтап, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
- «Баршаңызды жылы күздің молшылығымен бірге келген жарқын мереке – Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған киелі Жаңақорған топырағы бірлігі бекем, татулық пен достықты ту еткен отбасыларымен ерекше мақтанады.
Аудан бойынша бүгінде 103 «Батыр ана», 1039 «Алтын алқалы» ана, 2202 «Күміс алқалы» ана бар. Жыл басынан бері 164 жас отбасы шаңырақ көтеріп, 942 сәби дүниеге келді. Ал көпбалалы отбасылардың саны 4183 отбасын құрап отыр.
Көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы отбасылар мемлекет тарапынан тұрақты қолдауға ие. Соңғы төрт жылда әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 254 баспана табысталса, оның 101-і көпбалалы отбасыларға берілді. Биыл әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған тағы 52 пәтердің құрылысы жүргізілуде.
Отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі ұғым. Отбасының берекесі мен тұрақтылығы – елдің тыныштығы мен қоғамның тұрақтылығының негізі. Сондықтан отбасы институтын нығайту, салт-дәстүріміз бен ұлттық тәрбиені дәріптеу – баршамызға ортақ міндет.
Бүгінгі конференция барысында осы бағытта мазмұнды ойлар айтылып, көпшілікке қажетті, тағылымы мол пікірлер ортаға салынады деп есептеймін. Конференция жұмысына сәттілік тілеймін!» – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ жиын барысында ұзақ жылдар бойы жарасымды ғұмыр кешіп, отбасылық өмірдің мерейлі белесіне жеткен «Гауһар той» және «Алтын той» иелеріне құрмет көрсетіліп, қаржылай сертификаттар табысталды.
Конференция жұмысы тақырыптық баяндамалармен жалғасты. Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, PhD докторанты Бақтияр Оспанов отбасы құндылықтарын нығайту мен қоғамдық сананы қалыптастыру мәселелеріне тоқталса, Жаңақорған ауданының "Құрметті азаматы", білім саласының ардагері Үмбетәлі Әбибуллаев ұрпақ тәрбиесіндегі үлкендердің өнегесі мен отбасындағы сабақтастықтың маңызы жөнінде ой бөлісті.
Сондай-ақ «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Баян Үсейінова отбасы құндылықтарын, ұлттық тәрбие мен отбасындағы өнегені кеңінен дәріптеу бағытында пікір білдірді.
Басқосуда көп жылғы отбасылық өмірдің өнегесін көрсетіп келе жатқан Сахиевтер отбасы бүгінгі жиынның маңыздылығына тоқталып, өздеріне көрсетілген құрметке ризашылықтарын жеткізді.
Отбасы күніне арналған конференция барысында отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды сақтау, ұрпақ тәрбиесі, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық пен жауапкершілік мәселелері жайлы құнды пікірлер мен кемел ойлар айтылып, ортаға салынды.




