» » ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ: ЖАҢА ТАЛАП, ЖАҢА МҮМКІНДІК

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ: ЖАҢА ТАЛАП, ЖАҢА МҮМКІНДІК



Қоғамның даму қарқыны, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі мен ұрпақтың келешегі ең алдымен білім беру жүйесінің сапасына байланысты. Сондықтан жаңа оқу жылының баспалдағы – мектеп табалдырығын қайта аттаған оқушы үшін ғана емес, ұстаз бен ата-ана, жалпы білім саласы үшін жаңа міндеттер мен жаңа мүмкіндіктер кезеңі. Осы тұста бағындырған белестерді саралап, жаңа оқу жылындағы басым бағыттар туралы аудандық білім бөлімі басшысы Жанболат Ахметжановпен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Өткен 2025-2026 оқу жылын ауданымыздың білім саласы үшін нәтижелі жыл болды деп айтуға негіз бар ма? Өткен оқу жылының қорытындысына тоқталсаңыз...
– Иә, өткен оқу жылын ауданымыз үшін нәтижелі жылдардың бірі деп бағалауға болады. Білім сапасын арттыру, оқушылардың білім
жетістіктерін көтеру, дарынды балаларды қолдау, педагогтердің кәсіби шеберлігін жетілдіру бағытында бірқатар маңызды нәтижелерге қол
жеткіздік. Әсіресе, жоғары оқу орнына түсу көрсеткіштері бойынша жақсы нәтиже бар. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша аудан облыс көлемінде 2-орынға ие болды. Бұл – түлектердің, пән мұғалімдерінің, мектеп басшыларының және ата-аналардың бірлескен еңбегінің нәтижесі. Тағы бір маңызды көрсеткіш – ҰБТ тапсырған түлектердің 77 пайызы білім грантының иегері атанды. Бұл көрсеткіш аудан мектептеріндегі кәсіби бағдар беру, оқушыларды мақсатты даярлау және мұғалімдердің жүйелі жұмысының нәтижесін көрсетеді. Біздің мақсатымыз тек жоғары көрсеткішке жету емес, әр баланың өз мүмкіндігін толық пайдалануына жағдай жасау. Сондықтан бұл нәтижелерді алдағы жұмыстарға үлкен жауапкершілік деп қабылдаймыз.
– Аудан оқушыларының білім сайыстарындағы жетістіктері қандай деңгейде болды?
– Бұл бағытта да нәтижеміз жоғары. Оқушыларымыз республикалық және облыстық деңгейдегі пәндік олимпиадаларға, ғылыми
жобаларға, шығармашылық байқауларға, түрлі интеллектуалдық және өнер додаларына белсенді қатысты. Пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларда оқушыларымыз жүлделі орындарға ие болып, шығармашылық бағыттағы байқауларда да жоғары нәтижелер көрсетті.
Мұның артында ең алдымен оқушының талпынысы, ұстаздың ізденісі және ата-ананың қолдауы тұр. Біз дарынды оқушыны анықтаумен ғана шектелмей, оның қабілетін жүйелі түрде дамытуға басымдық беріп келеміз.
– Демек, 2025-2026 оқу жылындағы жақсы нәтижелер 2026-2027 оқу жылына үлкен міндеттер жүктейді ғой?..
– Дәл солай. Жетістікке жету – жұмыстың аяқталғаны емес, керісінше келесі деңгейге көтерілуге негіз қалайды. Өткен жылғы көрсеткіштерді сақтап қана қоймай, одан әрі жақсартуымыз қажет. Әсіресе білім сапасы, ҰБТ нәтижесі, олимпиада мен ғылыми жоба, шығармашылық бағыттағы жетістіктерді тұрақты жүйеге айналдыру маңызды.
Сонымен бірге жаңа оқу жылы білім беру саласына бірқатар жаңашылдық әкеліп отыр. Сондықтан ендігі міндет – қол жеткізген нәтижені
сақтай отырып, жаңа талаптарға бейімделу.
– Ендеше, жаңа оқу жылына көшсек. 2026-2027 оқу жылында қандай негізгі өзгерістер күтіп тұр?
– Ең алдымен, жаңа оқу жылында білім беру процесінің бірнеше маңызды бағытына ерекше назар аударылады. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген 2026-2027 оқу жылына арналған әдістемелік нұсқаулықта оқу процесін ұйымдастырудан бастап, пәндерді оқыту, бағалау, тәрбие, инклюзивті білім беру және цифрлық трансформацияға дейінгі бағыттар қамтылған. Соның ішінде қоғам үшін ең маңызды жаңалықтардың бірі – жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды білім беру жүйесіне
енгізу.
– Ата-аналарды ерекше қызықтыратын мәселе – бағалау. Жаңа оқу жылында бастауыш сыныптарда бағалауға қатысты қандай өзгеріс болады?
– Бұл бағытта нақты өзгеріс бар. 2–4 сынып оқушыларының оқу жетістіктерін бағалаудың жаңа тәртібі енгізіледі. Бағалау формативті,
аралық және қорытынды бағалаудан тұрады. Ең басты ерекшелік – баланың нәтижесін бір ғана бақылау жұмысымен шектемей, оның оқу барысындағы тұрақты жетістіктерін ескеру. Мысалы, математикада математикалық сау- аттылыққа бағытталған тапсырмалар, жара- тылыстану мен дүниетануда практикалық, зертханалық, жобалық және зерттеу жұмыстары арқылы оқушының білімін бағалау қарастырылған. Бұл жерде біздің ұстанымымыз – баға үшін емес, білім алу үшін оқу.
– Қазіргі балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру туралы жиі айтылады. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіледі?
– Оқу мәдениетін қалыптастыру жаңа оқу жылындағы маңызды бағыттардың бірі болады. Әдістемелік нұсқау хатта оқу мәдениетін білім мен тәрбиенің негізгі элементтерінің бірі ретінде дамыту көзделген. Мұнда баланың тек мәтінді оқуы емес, оқығанын түсінуі, талдауы, факті мен пікірді ажыратуы, қорытынды жасап, өз ойын дәлелдеуі маңызды.
Осы мақсатта барлық пәндерде оқу мәдениетін қалыптастыру ұсынылып, «12 ай – 12 кітап» жобасын іске асыру қарастырылған.
Біздіңше, бұл өте маңызды бастама. Себебі кітап оқитын, ойлайтын, талдайтын бала кез келген пәнді жақсы меңгереді.
– Жаңа оқу жылында оқушылардың құқықтық сауаттылығы мен қауіпсіздігіне қатысты қандай нақты өзгерістер енгізіледі?
– Бұл – жаңа оқу жылындағы маңызды жаңашылдықтардың бірі. 2026-2027 оқу жылынан бастап мектептерде құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бірнеше жаңа міндетті курс енгізіледі.
Атап айтқанда, 5-7-сынып оқушылары «Конституция негіздері» курсын, 8-11-сынып оқушылары «Заң және тәртіп» курсын, ал
5-11-сынып оқушылары «Жеке қауіпсіздік» курсын оқиды. «Конституция негіздері» курсында 5-7-сынып оқушылары мемлекеттік құрылым, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, конституциялық міндеттер туралы жас ерекшеліктеріне сай білім
алады. Ал «Заң және тәртіп» курсы 8-11-сынып оқушыларының құқықтық сауаттылығын арт- тыруға, заң талаптарын сақтауға, әлеуметтік жауапкершілікті түсінуге және құқықтық нормаларды күнделікті өмірде қолдана білуіне бағытталады. Бұған қоса, 5-11-сыныптардың барлығына «Жеке қауіпсіздік» міндетті курсы енгізіледі.
Оның мақсаты – оқушының қоғамдық және цифрлық ортада қауіпсіз әрекет ету дағдыларын қалыптастыру, қауіпті немесе қиын жағдайларды дер кезінде анықтау және қажет болған жағдайда көмекке жүгіне білуге үйрету. Мұнда бүгінгі заман талабына сай
 киберқауіпсіздік, интернеттегі қауіп-қатер, дербес мәліметтерді қорғау, төтенше жағдайлар кезіндегі әрекет сияқты мәселелердің де маңызы
зор. Сонымен бірге «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны да жаңартылады. Ал 10-11-сыныптарда бұл пән бұрынғыдай таңдау компоненті
шеңберінде емес, міндетті оқу пәні ретінде оқытылады. Оның мазмұны жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіріліп, цифрлық құқықтар,
ақпараттық қауіпсіздік, адамның құқықтары мен бостандықтары және құқықтық нормаларды өмірлік жағдаяттарда қолдану мәселелерімен толықтырылады. Бұл өзгерістердің барлығының мақсаты – баланың заңды жаттап алуы ғана емес, өз құқығын білетін, өз міндетін түсінетін, заңды құрметтейтін және қауіпсіздік талаптарын сақтайтын азамат қалыптастыру.
– Біліммен қатар тәрбие жұмысының мазмұнында қандай өзгерістер болады?
– Тәрбие жұмысы «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы негізінде жалғасады. Оның аясында «Заң мен Тәртіп», «Еңбек адамы», «Таза Қазақстан» қағидаттары білім беру процесіне кіріктіріледі.
Бұл – баланы тек жақсы оқуға емес, еңбекке құрметпен қарауға, табиғатты қорғауға, қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінуге, цифрлық
ортада әдепті болуға тәрбиелеу деген сөз. Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында шахмат, тоғызқұмалақ, домбыра, спорт, шығармашылық, тәлімгерлік және қоғамға қызмет ету бағыттары да назарда болады.
– Инклюзивті білім беру бағытында қандай жұмыстар жалғасады?
– Басты қағида – әр бала сапалы білім алуға мүмкіндік алуы керек. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларға оқу бағдарламаларын бейімдеу, олардың оқу жетістіктерін бағалау, психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету бағыттары күшейтіледі. 2026 жылға педагогтерге инклюзивті орта жағдайында оқытудың әмбебап дизайнын қолдану, ал білім беру саласындағы әдіскерлерге мектептерде инклюзивті практиканы үйлестіру бойынша арнайы әдістемелік ұсынымдар әзірленген.
Мұндағы мақсат – баланы ортаға бейімдеу ғана емес, білім беру ортасын баланың
қажеттілігіне бейімдеу.
– Қазіргі кезде мамандық таңдау мәселесі де өзекті. Бұл бағытта қандай жұмыстар күшейеді?
– Кәсіптік бағдар беру жұмысы оқушының қабілеті мен қызығушылығын ерте анықтауға негізделеді. Мектеп оқушыға тек мамандықтардың
тізімін ұсынумен шектелмеуі керек. Ол өзінің қандай іске қабілетті екенін, қандай саланы ұнататынын және сол мамандыққа қандай білім керектігін түсінуі қажет. Сондықтан кәсіптік бағдар беру жұмыстарын колледждермен, жоғары оқу орындарымен және басқа да ұйымдармен байланыста жүргізу маңызды.
Әсіресе қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие IT, инженерия, STEM, робототехника, медицина және басқа да заманауи бағыттарға оқушылардың қызығушылығын арттыруға жағдай жасау қажет.
– «Келешек мектептері» жобасының жаңа оқу жылындағы маңызы қандай?
– «Келешек мектептері» заманауи білім беру технологиялары мен басқарушылық шешімдерді сынақтан өткізіп, тиімді тәжірибелерді кеңінен
таратуға бағытталған ұлттық алаң ретінде қарастырылады. 2026-2027 оқу жылында бұл бағытта
білім сапасын арттыру, сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, функционалдық сауаттылықты дамыту және заманауи білім беру
тәсілдерін енгізу көзделген. Бұл жерде ең маңыздысы – мектептің тек ғимараты немесе техникалық жабдықталуы емес, сол мүмкіндікті оқу сапасына айналдыра алуы.
– Барлық осы өзгерістердің ортасында мұғалім әлеуеті маңызды. Жаңа оқу жылында педагогтерге қандай міндеттер жүктеледі?
– Бүгінгі мұғалім тек өз пәнін жақсы білетін маман ғана емес, цифрлық технологияны меңгерген, жаңа әдістерді қолдана алатын, оқушының жеке ерекшелігін ескеретін педагог болуы қажет. Әсіресе жасанды интеллектіні тиімді пайдалану, оқу нәтижелерін талдау, оқытуды даралау, жобалық және зерттеушілік жұмысты ұйымдастыру бағыттарында педагогтердің кәсіби құзыретін арттыру маңызды.
 Бірақ технология қанша дамыса да, мұғалімнің балаға беретін адами қолдауын, тәрбиесін, бағыт-бағдары ешқандай технология алмастыра
алмайды. Сондықтан біздің міндетіміз – мұғалімді технологияға бейімдеу емес, технологияны мұғалімнің кәсіби мүмкіндігін арттыруға пайдалануға тиіспіз.
– Сөз соңында жаңа оқу жылына қандай тілегіңіз бар?
– Алда – жаңа міндеттер мен жаңа белестер бар. Жаңа оқу жылы барша ұстаздар қауымына сәттілік әкелсін. Әр мектепте шығармашылық
ізденіс пен кәсіби өсу, әр сыныпта сапалы білім мен жақсы нәтиже болсын. Ең бастысы – әр баланың өз қабілетін ашуына мүмкіндік жасайық. Өткен оқу жылындағы ауданымыздың білім саласындағы жетістіктері – ұстаздар еңбегінің, оқушылар талпынысының және ата-аналар қолдауының жемісі. Жаңа оқу жылында ауданның білім беру ұйымдарына жаңа жетістіктер, ұстаздарға шығармашылық шабыт, оқушыларға биік белестер тілейміз! Жаңа оқу жылы құтты болсын! Жаңа белестер мен жарқын жеңістер жылы болғай!

Мақпал ПӘТЕНОВА

25 тамыз 2026 ж. 86 0